ffin.kz

Қос жұмысты қатар алып жүрген

Қос жұмысты қатар алып жүрген almaty-akshamy.kz

«Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады» деген халық мақалын ұранға алып, қос жұмысты қатар алған азаматтарымыздың бірі – Абзал Қасенов. Ол бір күн студенттер жатақханасында вахтер болса, қалған екі күні электрик болып қызмет етеді. Яғни аптасына жеті күн жұмыс істейді. Сондай-ақ, біздің кейіпкер студенттер арасында «ақын аға» ретінде танылған. Себебі, ол қайда жүрсе де, ойға келген шумақтарды іште ұстамай, айналасындағы адамдарға айтып жүреді. Ал жасампаз жастар вахтер ағаның мұндай өнерін байқап, онымен тіпті айтысып та алады екен. Қазақ үйлерінің шаңырағында шам жағып, студенттердің ықыласына бөленіп жүрген еңбек адамымен біз де жолықтық. Оның жұмыс жолы туралы сұрап, қос мамандықтың қызығы мен шыжығынан сыр шерттік.


«Әй, жерге көмбеңдер!..»


«Есеней» деген жаңа фильм көрсетіледі деп Тайынтының тұрғындары түгел жиналды. Ауылдың кішкентай кинотеатры лық толып, ақсақалдар орындарға жайғасты да, жастар жағы, әсіресе, ойын балалары жоғары жақта түрегеп тұрды. Жарық өшкен соң, пленканың дауысы естіліп, кино басталды. Көрермен қауым жаңа туындының қызығына енді кіре бергенде, залда қайта жарық қосылды. Сөйтсе, жоғарыда тұрған балалардың бірі электронды патронға байқаусызда қол салып, токқа түсіпті. Қолы ұстаған теміріне жабысып қалған баланың үні шықпаса да, ыңырсығанын үлкендердің бірі естіп, жарық жаққан. Шапшаң қимылмен жас жігіттердің бірі оны киімінің етегінен тартып токтан ажыратып алды. Есін білмей құлап түскен баланы үлкендердің айтуымен 11 сыныптың жігіттері жетектеп алады да, емханаға қарай жөнеледі. Сонда мектеп бітіргелі тұрған түлектердің бірі: «Біз емханаға жеткенше, мерт боп кетпесін. Токқа түскенде жерге көму керек дегенді естігенмін. Сөйтсек қайтеді?» - дейді. Қалғандары жүрісін тоқтатпаған күйі «көму-көмбеу» мәселесін гүбірлеп талқылап кетті. Осы сәтте әлгі баланың да есі кіріп, бұл әңгімені естіген екен. «Әй, жерге көмбеңдер! Емханаға апарыңдар», - деп жанайқайын салады. Иә, біз айтып отырған бала осы біздің Абзал ағамыз. «Кейін электрик болғанымда, бір-біріне шатырлатып талай өшімді алдым», - дейді ол. Осы оқиға бала санасында өз әсерін қалдырса керек, ол мектептен кейін өмірлік мамандығы ретінде ток саласын таңдайды.



 – Шешем мені көтерген жеті айлығымда толғағы басталыпты. Ауылдан Ащыбұлақ деген кентке апарса, мұндағы дәрігерлер көмектесе алмапты. Сондықтан олар қалаға хабарласып, арнайы маман алдырады. Сол кісі анам екеуімізді аман алып қалыпты. Көрер жарығымыз бар екен. Содан Манатта бір жыл тұрып, кейін көрші Тайынтыға көштік. Балалық шағым сонда өтті. Ал мектеп бітірген соң Өскемендегі «ГПТУ»-ге (қалалық кәсіптік-техникалық училище) оқуға түстім. Электрик мамандығын алдым», – деп еске алады. Одан кейін екі жыл әскери міндетін өтеген ол ауылға келіп, электрик болады. Онымен қоймай, кейде қойшы болып та кәсіп қылады. Дегенмен, бұл қамсыз күндерді Кеңес Одағының күйреуі  күрт өзгертеді.



– Үкімет құлаған соң барлығы жабыла бастады. Адамдар қалаға ұмтылып, ауылдың тұрмысы төмендеді. Біз Өскеменге барайын десек, онда алты зауыттың бәрі тоқтаған. Не де болса, Алматыға көшуге бел будық, – дейді ол. Осылайша 1997 жылдан бері Абзал аға отбасымен Алматыда тұрып келеді.


Вахтер ағай


Алып шаһарға келген алғашқы күннен біздің кейіпкер еңбек етуге кіріскен. Бастапқы кезде жұмыс талғамай, әр жерде қолдан келгенін істейді. Алатаудың баурайында біраз орныққан соң, өзінің мамандығымен кәсіп қылып, жеке фирмаларда, алматылық метрода электрик болады. Ал бүгінде жаңа үйлердің шамын жағып, тогын жүргізетін жеке-дара маманға айналған. Сонымен қатар, бұл жұмысына кедергі келтірмейтін екінші қызметке кіріп, екі жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханасында вахтер ретінде жұмыс істеп келеді.


Өзге күні тоқты тұсауға салатын ағамыз өз кезегімен күзетшілікке түскен кезде студенттермен тілдескен ұнайтынын айтады. Сондай-ақ, түнделетіп кешіккенде «ағай-апайлап» тұратын студенттердің еркелігіне кешіріммен қарайтынын да жасырмады.


– Адамдармен тілдесіп, ой бөліскен өзіме ұнайды. Қазір көздерінде жалыны бар студенттермен сөйлессем, көңілім көтеріліп  қалады. Маған керек жұмысты таптым деп ойлаймын. Ал олардың кешіккендеріне келсек, қашан да адамгершілікке салып, түсінуге тырысамын. Ешкім еріккеннен кеш қалмайды. Біразының жұмысы бар. Кейде алдын ала ескертіп те қояды. Менің де үйде балаларым бар. Оларды біреу далада қалдырса, қиын ғой. Сондықтан адамгершілікке салып қарау керек деп ойлаймын, – дейді ол. Студенттер де Абзал ағаның мұндай кеңпейіл көңілін байқап, өздері де оған бауыр басқан. Бүгінде бар жастар ол кісіге үлкен құрметпен қарайды. Тіпті оны жұмыс бабымен басқа ғимаратқа ауыстырмақ болғанда да, өздері өтініш айтып, жатақхана қабырғасында алып қалған.


«Ақын екенсің ғой...»


Қос жұмысты қатар алған Абзал аға тағы бір ерекше қасиетке ие. Ол ішкі жанымен ақын адам. Көпшілікке «ақынмын» деп кеуде соқпағанымен, қайда жүрсе де ойына өлең оралатын дарыны бар. Мұндай қасиет оған қанмен келсе керек. Атасы Қасен суырып салатын әйгілі айтыскер, ал әкесі Қуандық сықақ өлең жазатын ақын болған. Кейіпкеріміздің айтуынша, Әзілхан Нұршайықов Шығыс Қазақстанға барған бір сапарында ол кісінің әкесімен танысып, оның өлеңдерін оқыған соң, Алматыға шақырған екен. Алайда, қара шаңырақ иесі болған Қуандық ауылдан шыға алмапты.


Десе де, бала Абзал бойда бар қасиетті басында білмеген. Тіпті, оның тілінің өзі кешеуілдеп, бес жасында бір-ақ шыққан.


– Бұрындары тақпақ айтып жүргеніммен, өлең шығармайтынмын. 1984 жылы әскерден ағам келіп, аттан құлап қайтыс болды. Сонда бірінші рет өлең шығардым. Ағамның жетісін беріп жатқан күні мен қой кезегіне  кеттім. Ішімде шер. Содан түсте тамақ алуға үйге келіп, жасыл қарандаш пен бір блокнот алып кеттім. Әлгі ойымның бәрін қағазға түсірдім. Оны ертеңіне әкеме көрсетіп едім, «балам,  ақын екенсің ғой» деп, басымнан сипады.


Осы  оқиғадан кейін Абзал аға поэзиядан алыстаған емес. Сым жалғап, электрик болса да, жатақхана тыныштығын күзетіп, вахтер ретінде отырса да, кез келген сәтте ойға оралған өлеңді жазуға кіріседі. Қазіргі уақытта ағамыздың «Бақыт деген не?», «Жалған-ай» және өткен жылы ғана «Ғұмырдария» атты жыр жинақтары кітап болып басылған.


Түйін: «Жігітке жеті өнер де аз» деген нақылға нағыз үлгі болатын біздің кейіпкеріміз бүгінгі күні жары Бақытгүлмен бірге  Сырым, Махамбет, Исатай, Нұртай, Дәулет атты бес ұл және ең кенжесі Шұғыла атты қыз тәрбиелеп отыр. Қазіргі уақытта үлкен балаларынан немере сүйіп те үлгерген. Адамдар арзан, оңай жолға ұмтылатын заманда, екі жұмысын егіз ұстап, отбасы мен өз шығармашылығына да уақыт тапқан бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолы Қазақстан жастарына үлгі болады деп үміттенеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04