Өнер – шынайылықты сүйеді. Өйткені актер – адам табиғатын кейіптейді. Соның арқасында әр көрермен сомдалып тұрған бейнеден өзін көреді. Ал өнер иесінің жансарайы көпке беймәлім. Қазақ мәдениеті мен өркениеті қатар дамып бара жатқандай. Сонымен қатар, өнерпаздың жолында қуаныш пен қиыншылық қатар жүреді. Ақын Қадыр Мырза-Әлі «күлгісі келіп тұрса да, біреу боп жылау міндеті» депті. Бұл өлең жырлары өнер адамының жан тебіренісін ұқтырып тұрғандай. Бүгінгі кино өнерінің даму заңдылықтары өзгеріп, жаңа тренд қалыптасып, заманауи көзқарас тұрғысында тың кинокартиналар түсіріліп келеді. Осыған орай қоғамға белгілі актер, тележүргізуші Тәуекел МҮСІЛІМДІ әңгімеге тартқан едік.
– Қазақ өнерінің даму қарқыны қай деңгейде?
– Қазақ өнерінің даму тенденциясы қарқынды жүріп жатыр. Нақты санын білмедім. Дегенмен, жылына 50–60 шақты кино экранға шығады. Бұл – Қазақ елінің кинематографиясы үшін жақсы көрсеткіш. Қазір қоғам, халық отандық кинокартиналарға ден қоя бастады. Ең мықты актерлік құрам, жақсы сценарий және өте қызықты кино болса, едәуір кассалық пайда табады. Қазір қолында қаржысы бардың бәрі киноға қаржы құйып, мол табыс табуға тырысып жүр. Демек, қазақ көрерменіне отандық фильмдер ұнап жатыр деген сөз. Осылай қарқынды түрде іске асырыла берсе, даму деген сол.
Қазір бірыңғай комедия емес, басқа жанрлар да даму үстінде. Соның ішінде мелодрама, тарихи кино, драма сияқты бірқатар салаларға күш салына бастады. Сол себепті де, қазақ киносы жаңа белеске шықты, ол құлашын кең жая бермек.
– Әлеуметтік желіде комедия көп түсіріледі деп сынайды. Қалай ойлайсыз?
– Онсыз да өмірде проблема көп. Проблемасы бар адамды одан сайын қинап жіберсек, одан ешкім ештеңе ұтпайды. Сол себептен, комедия түсіріп, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі қиын жағдайларды ұмытсын деген ой ғой. Сонымен қатар, комедияға жұмсалған шығындар, ақысын қайтарады. Бұдан табыс табуға болады. Өзіме де комедия ұнайды. Халық та көп келеді. Сондықтан комедиялық жанрға үлкен назар аударылып келеді.
Кейінгі 2-3 жылдан бері «қорқынышты» бағыттағы фильмдер түсірілу қолға алынды. Мәселен, «Дәстүр» фильмінің кассалық рекордын атауға болады. Шыны керек, біздің көрермен ондай жанрға көп бармайтын. Егер кино түсіруге режиссерлер, актерлік құрам тиянақтылықпен келетін болса, әлі талай жанрды жүзеге асыра алады. Өз уақытысымен тындырымды істер орындалады деп ойлаймын.
– Қазір «вайнер», «әзілкеш», «блогер», «спортшы» сияқты әртүрлі мамандық иелері өнерге келе бастады. Бұл өнер сапасын түсірмей ме?
– Халқымыздың дүниетанымында «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейді. Осыдан-ақ біраз астарлы ойды байқауға болады. Егер шеберлігі келіп, кастингтен өтіп жатса, киноға түсіп, образ сомдауына болады. Өзім өнерлі жандардың өнерге келуін құптаймын. Оның үстіне жақсы дүние жарыққа шығып жатса, бәрімізге қуаныш. Мен де кәсіби актер емеспін. Мамандығым – инженер-механик. Өнерге бірер мәрте бас сұққаннан кейін, өнер жолын қалап, еңбек етіп қалған жайымыз бар. Сол себепті, ешкімге шектеу жоқ деп білемін. Сонымен бірге, көрерменге ұнап, ел-жұрттың көңілінен шығып тұрса, әркімге де өз шеберлігін шыңдауға жол ашық.
– Қазақ киносында шешімін таппаған қандай мәселелер бар?
– Біздіңше ең өзектісі – актердің төлемақысы. Тек кино емес, театр актерлерінің жағдайы алаңдатады. Жалпы, актер адамның төлемақысы төмен боп тұр. Кино мол кассалық табыс тапса ғана, актерлік құрам жағдайы біраз жақсарып қалады. Кей жағдайда киноға шақырғанда бюджеттің аздығын алдын ала айтады. Актердің дәрежесін көтеру қажет. Сондай игі бастама жасап жатқан – Kinopark ішіндегі Tiger Film's. Сол продюсерлік орталық актерлерге өте жақсы жағдай жасайды. Әрқайсысына жіті көңіл бөліп, әжептәуір гонорар береді. Бұл – дұрыс!
Қазақстандағы өнер иелері әмбебап боп жүр. Керек болса той басқарып, асаба атанып, әртүрлі кештерде жүргізуші боп жүр. Осыдан 5 жыл бұрын жобам болған, сонда ресейліктермен бірлесе іс атқардық. Оларға осындай жағдайды айтқанда таңқалды. Өйткені Ресейде әмбебап боп жан бағу жоқ. Сырт елдерде актер тек өз шығармашылығымен айналысады. Басқаға уақыт кетірмейді. Демек, актерлік төлемақы актерге жеткілікті. Ал бізде мүлдем олай емес. Тек қана актерлік жолмен жүрсең аш қаласың. Соның үшін де өзге салаларды қатар алып жүреміз. Егер осы аталған мәселе оң шешімін тауып жатса, жөн болар еді.
Әлемдегі шығармашылық процесс мүлдем басқа. АҚШ, Еуропа сияқты дамыған елдерде адам саны, киноорталықтар, кинотеатрлар көп. Сонымен қатар, шетелде әлем бойынша прокат жасалады. Сондықтан да қаржының мөлшері аса үлкен. Табысты болғандықтан актерлерге мол гонорар төлейді. Ал Қазақстанда нәбәрі 20 миллион адам саны бар. Соған қарамастан көбірек қаржы тауып жатады. Білуімше, әйгілі өнер иелері Олжас Абай мен Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені» фильмдері 2 миллиард теңгеге дейін табыс тапты. Сондай табыстар әлі де бар. Ол жағын продюсерлер көріп жатыр. Ал актерлер мол табысқа кенелді деп айта алмаймыз. Егер келісім-шарт жасасқанда гонорардан бөлек, актерге кинопрокаттан 2-3% бөлсе, дұрыс болар еді. Бұл актерлерге зор мотивация береді. Сондай-ақ, продюсер үшін де жақсы. Осындай үйлесімді жұмыс болса кино сәтті шығады.
– Отандық өнер жұлдыздары неге дүние жүзін бағындырмайды?
– Бұлай басып айтуға болмайды. Біз бұған дейін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанмен бірге жұмыс істедік. Егер Америка Құрама Штаттарын айтатын болсақ, онда ағылшын тілін білу керек болады. Ал айналамыздағы мемлекеттерді айтар болсақ, образ келіп тұрса, кастингке шақырып, іріктейді. Өзім Өзбекстанның «Барон-2», «Үш қаһарман» атты фильмдеріне түстім. Сол сияқты жұмысты бағалап көреді, ұнап жатса шақырады. ТМД елдеріндегі ахуал ұқсас. Тек Ресейде жағдай жақсы. Шетелге танылу үшін білгір мамандармен бірлесіп атқаратын ауқымды жұмыс керек.
– Шетелдік прокатқа қазақ кинолары неліктен шықпайды?
– Негізі шетелдіктерді қызықтыру үшін шетелдік танымал актерлерді отандық кинокартиналарға қосу керек. Себебі шетелдік өз актерін танып кинотеатрларға барады. Сонда ғана Қазақстан мен сырт елдерде прокат жасалады.
Hollywood актерлері дүние жүзіне танымал. Олар кез келген киноға түссе де, көрермен көреді. Өйткені, оның атағы жер жарып тұр. Бізде сол шетелге танылу жағынан мықты емес. Орталық Азияда соның ішінде адам саны 36 миллионды құрайтын Өзбекстанда кинотеарларға көрермен көп келмейді. Бұрын ала шапанды ағайын киноға көп барған деседі. Ал Қырғызстанда халық аз болса да көрерменнің қызығушылығы басым. Сондай нюансты түйткілдер бар. Сонымен бірге, сол елдің менталитетіне қатысты дүниелерді енгізу керек. Сонда ғана тартымды дүние шығып, халықты қызықтырады.
– Өнер адамының отбасын сақтауы қиын деседі. Сіздіңше солай ма?
– Бұл нәрсені жоққа шығара алмаймыз. Әр өнер адамы бұндай жағдаятты басынан кешіреді. Қазір отбасымда үш балам бар. Бұрын өнерге бойдақ кезде уақыттың – 80%-ын арнай алсақ, бүгінде жанұялы болған соң – 30–40% ғана көңіл бөлеміз. Бұл арада өнер мен отбасын қатар ұстау керек болады. Өзім балалы болуды көп армандағаннан кейін, әкелік бақыт пен жауапкершілікті сезінгім келді. Үйленіп, балалы болған соң, уақытымның біраз бөлігін бала-шағама арнаймын. Олай болатыны, бала кезімде өзіме сол нәрсе жетпеді. Сондықтан көңілімдегі бос қуысты толтырайын деймін, ұлдарыммен ойнап, үйге көңіл бөліп жүрмін. Десе де, әркімнің өз таңдауы бар. Киноға, актерлікке, жүргізушілікке қатысты жұмыстарды уақытылы аяқтап, жанұяма асығып тұрамын. Осылай жұмыс пен үйдің арасындағы қарбаласта әрі қызықты кезеңдерде жүріп жатырмыз.
Қазір бір түйткілді мәселе орын алған. Алматы сияқты ірі қалаларда қазақтың балалары қазақша сөйлей бермейді. Ата-анасымен де орысша сөйлеседі. Тек қана әке-шешесі қазақша тілдесуі мүмкін, алайда бала тілі орысша шыққаны қынжылтады. Бұған әсер етуші фактор – ғаламтор. Барша контент орысша. Сол себептен, балалар орыс тіліне бейімделіп барады. Бұл – дұрыс емес! Кез келген ата-ана міндетті түрде балаларына қазақшаны үйретуі керек. Бүгін оны ескермей, үйретпесе ертең кеш болады. Есейгенде ол бала қазақша үйренеді дегенге сенбеймін. Ержеткенде тұрмыспен араласып жүріп уақыт та болмайды, қазақша керек емес деген ой пайда болады. Сондықтан бала кезден қазақша сөйлеуге бейімдеу қажет. Біздің отбасымызда міндетті түрде қазақша сөйлеуге талап қойылады. Апасы, анасы және мен әкесі балалармен қазақша сөйлейміз. Мегаполисте өмір сүрген соң, орыс тілін қоғамдық ортадан, смартфоннан-ақ үйреніп алады.
– Отбасында қазақтың жігіттері анасы мен әйелінің арасындағы түрлі жағдаяттарда қалып қояды. Мұны қалай реттеуге болады?
– Қазақ халқында «әр үйдің сыры басқа» дейді. Отбасында түрлі оқиға болады. Әркімнің өзінің көңіл күйі, тәрбиесі бар. Бұл арада нақты кесіп айту қиын. Ер адам - анасы мен келіншегінің арасын жалғаушы көпір. Ортақ мәміле керек. Бір мәселе туындап қалса, өзара сөйлесіп шешуге тырысқан жөн болар. Ана – үлкен кісі. Қатты сөйлеп қалсаң, көтере алмай, ренжіп қалуы мүмкін. Сондай шақта көп нәрсеге мән бермеуге тырысу керек шығар. Мейлінше, отбасымен бірге уақыт өткізіп, қуанышты сәттерді орнатуға тырысқан абзал. Бұл жерде нақты методика бар деп айта алмаймын.
– Өнерге келіп не көріп, не түйдіңіз?
– Өнер жолына 25 жасымда келіп, көзім ашылды деп айта аламын. Бұған дейін кім боларымды білмедім. Қандай мамандық иесі болу керектігін түсінбедім. Әйтеуір балалық шақта анамыз ұрыспасын деп мектепті 4 пен 5-ке оқуға тырыстық. Одан кейін университетке грантқа түсуді көздедік. Сондай оймен әрекет еткеніміз бар. Ең негізгісі, бала кезден таңдауға көмектесу керек сиқяты. Баланың қабілетін, ынтасын, икемін ескеру қажет. Осылайша баланы бағыттаған абзал. Егер актер болатынымды ертерек түсінгенде, мектеп кезден белсенді болатын едім, көңілді тапқырлар кештеріне қатысып, шығармашылықты пысықтап ашар едім. Дегенмен, қазіргі жағдайға да көптен көп шүкіршілік етемін!
Өнерде ұққаным – алдын ала кім болатыныңды түсіну керек екен. Сол нәрсе саған ұнауы керек. Ал өзің ұнатқан саланы құштарлықпен жақсы көрсең, нәтиже шығады. Сонда ғана өз ісіңде табысқа жетесің.