немесе балаңызды қалай еркелетесіз?
Бір дана ғалымнан «Баланы еркелету керек пе?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Әрине, еркелету керек. Өйткені, оны алдында қандай тағдыр күтіп тұрғаны белгісіз» деген екен. Рас, ата- анадан балаға керегі – ең алдымен жылы сөз, мейірімділік. Баласына деген бар махаббатын «айналайын» деген бір сөзге сыйдырған дана халқымызда балаға қатысты айтылатын небір әдемі сөздер бар. Бірақ жаһанданудың әсерінен болар, бүгінгі ата-ананың лексиконында құлаққа түрпідей тиетін өзге тілден енген «жаргондар» көп.
Балалардың ойын алаңында ұл-қызын ойнатып жүрген аналар баласын «доча», «сына», «боташка», «балапашка» деп шақырып жатқанын жиі естиміз. Оның үстіне, қазіргі кезде қазақ балаларына өзге ұлттың есімдерін қою да сәнге айналған. Тіпті, қазақы е сімдердің өзін қысқартып, «Жани», «Дони», «Даник», «Лика», «Айка», «Макс» деп айтуды мақтан көретіндей. Тәп-тәуір төл сөзімізді түрлендіруден не ұтамыз? Кейбір адам өз баламды қалай еркелетсем де өзім білемін дейтін болар, бірақ өз халқымызға тән әдемі, мағынасы терең сөздерімізді қолданса, тамаша емес пе...
Әжелеп етегіне оралған балаға ертегі айтатын әжелердің қатары сирегені де жиі айтылып жүр ғой. Бесік жырын айту былай тұрсын, бүгінде баланы қазақша еркелетудің өзі арманға айналғандай.
Бұрындары қазыналы қарттарымыз ұл балаларға батырлар жырын жаттатып, кішкентайынан намыстарын жанып, ұлттық құндылықтарды құлақтарына құйып өсірген. Сондай-ақ, дана әжелеріміз бен аналардың балаларын еркелетіп «айналайын» деген жылы сөзі кез келген адамның жан-жүрегін елжіретіп, тұла бойын тебірентеді. «Айналайын, құлыншағым», «қарашығым», «қоңыр қозым», «садағаң кетейін», «қылықтарынан айналайын», «Аллам бере салған, айналайыным» деген жылы сөздермен немерелерін еркелетіп, мәпелейтін ата-әжесі бар бала бақытты. Өйткені, мәпелей айтылған сөздің астарында үлкен мән жатыр. Бұл жай ғана сөз емес, ғасырлар бойы сөз түрінде сақталып келе жатқан ежелгі салтымыз, ұлттық болмысымыз.
Көненің көзіндей болған қариялар баланың азан шақырып қойған атын атамай, мағыналы сөздермен еркелететін болған. Мысалы, ұлы Абайдың азан шақырып қойған ныспысы Ибраһим. Зередей дана әжесі сүйікті немересін Абай деп атады. Осы атпен ақынның есімі күллі әлемге танылды. Ал Шоқан Уәлихановтың шын есімі Мұхаммедқанафия екенін көпшілік біледі. Оны да әжесі Айғаным Шоқан деп еркелеткен. Адамға тілге де жеңіл, құлаққа да жағымды, қысқа да нұсқа ат берудің өзі өнер.
Қазіргі заманда кешегі Зере, Айғаным әжелер секілді мән-мағынасы терең есім бере алмасақ та, балаларымызды қазақша еркелетіп, ұлттық рухтың дәнін ексек, тамаша болмас па еді...
Ата-бабаларымыздың кішкентай сәбиге деген сүйіспеншілігін, жылылығы мен мейірімін «ботам», «ботақаным», «қошақаным», «құлыншағым», «шөжем», «тайлағым», «көжегім» деген сөздер арқылы жеткізуі сонау ежелгі таным- түсінігімізден хабар береді. Сондай-ақ, адам есімдеріне қазақ тіліндегі – жан, -тай, деген жалғауларды немесе -ым, -ім деген меншіктік жалғауларды қосу да еркелету әсерін білдіреді.
Мысалы: Зережан, Маратжан, Арманжан, т.б. Егер адам есімі «жан» деп аяқталатын болса, Айжантай, Ержантай деп те айтамыз. Бүгінде сирек кездесетін Айна – Айнаш, – Әсия – Әсияш, Әлия – Әлияш, Мәрия – Мәрияш деген есімдер де еркелетіп атаудың бір нұсқасы. Маралым, Ажарым, Балым деп те еркелету қазаққа тән.
Қазақ – ырымшыл халық. Көнеден келе жатқан ғұрыптардың бірі – аластау. Бұрындары қазақ отбасында жас жеткіншек сырқатқа шалдығып ауырғанда әкесі, анасы немесе егде жастағы адам сол жастың сауығып, дертінен айығып, жанын аман алып қалу үшін аластайтын болған. Баласы ауырғанда әкесі киімін теріс аударып киіп, мойнына белдік іліп, оның «төменгі әлемге түскенін» білдіріп, баласын айнала бастаса, екінші жағдайда қарияларымыз киіз үйдің дәл ортасына науқасты жатқызып, үш мәрте айналып, есікке келген сәтте «айналайын» деп дауыстайды екен.
Бұл ырымнан кейін бала сауығып, сол ырым жасаған қарт ауруға шалдығып немесе жантәсілім етеді екен. Содан бері осы асыл сөз ұмытылмай, бабаларымыз балаларына «айналайын» деп еміренеді екен. Бұл дегеніміз, «сенің жолыңда менің жаным құрбан», «сенің мұңыңды маған берсін», «садағаңа жанымды берейін» деген мағынаны білдірсе керек. Қазақтың бір ауыз сөзінде қасиетті тылсым, жанашырлық, мейірімділік пен балаға деген шексіз махаббат жатыр.
«Айналайын» сөзінің қадірі туралы ақын Кәкімбек Салықов:
«Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде, «Айналайын» деген сөзді сақтармыз» деген өлең жолдарында әдемі жеткізген. Шынында, «айналайын» сөзі ешбір тілге аударылмайды, өзгеге мағынасын түсіндіре де алмайсың.
ЖЫЛЫ СӨЗДЕР
- Жарық жұлдызым.
- Болашағымсың.
- Аспандағы жұлдызым, жердегі құндызым.
- Шамшырағым!
- Шаңырағымның иесі!
- Қолқанатым!
- Алтыным!
- Құлыншағым, құлыным!
- Жаным!
- Күлімдеген күнім!
- Ақылдым!
- Көзімнің ағы мен қарасы!
- Тапқырым!
- Данышпаным!
- Үздігім!
- Балапаным!
- Тәттім!
- Айбалталы батырым!
- Күнім!
- Айым!
- Аяулым!
- Патшам!
- Қара қызым, дара қызым!
- Томпайым!
- Ханшайымым!
- Мейірбаным!
- Естиярым!
- Қоңыр қозым!
- Ізбасарым
- Шынарым!
- Мирасым!
- Аппақ көгершінім!
- Ақ пейілді періштем!
- Жақұтым!
- Асылым!
- Моншақтым!
- Үкілім!
- Қырмызы түсті қызғалдағым!
- Шаттығым менің!
- Қуанышым!
- Кербезім!
- Еркетайым!
- Үмітім!
- Асқар тауым!
- Бота көзім!
- Ақтотым!
- Бұлбұлым!
- Сүйкімдім!
- Гауһарым, жақұтым!
Ал сіз балаңызды қалай еркелетесіз, құрметті оқырман?