Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Археологтар күніне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Талғат Мамыров 2022 жылғы қазба жұмыстарының алдын ала қорытындылары, сондай-ақ ғалымдардың күнделікті жұмысы туралы айтып берді.
Талғат Мамыровтың айтуынша, кәсіби мерекенің жазда атап өтілуі кездейсоқ емес, өйткені археологтар үшін бұл - дала маусымы жұмысының нағыз қызған шағы.
«Қазіргі уақытта археологтардың көпшілігі жазықта, экспедицияларда, археологиялық орындарды қазып, зерттеп, көне заманның жаңа нысандарын іздеуде», - деді Т. Мамыров.
Сонымен қатар, ол археологиялық ғылым далалық зерттеулер жүргізумен шектелмейтінін атап өтті. Ғалымдар зертханалық жағдайда зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Олар антропология, палеогенетика, геоархеология, археологиялық минералогия, остеология, археометаллургия, палеоботаника, геофизика және басқа да нақты және гуманитарлық ғылымдармен айналысады, ежелгі адамның күрделі, алуан түрлі және сонымен бірге қызықты әлемін ашады.
«Бүгінде елімізде 15 археологиялық жасақ жұмыс істейді. Экспедициялар барлық бағыттар бойынша жүргізіледі. Бұл - тас, қола ғасыры, ерте темір ғасыры және орта ғасыр дәуірі. Мысалы, осы маусымда Ақтөбе облысының аумағында қоладан құйылған металлургиялық пештер анықталды. Егер бұрын мұндай металлургиялық олжалар негізінен Орталық Қазақстан аумағында болса, бүгінде археологиялық отрядтар жұмысының нәтижесінде тау-кен ісінің басқа өңірлерде де дамығаны белгілі болды», - деп хабарлады спикер.
Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан облысында зерттеулер іске асырылуда, сондай-ақ Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан сармат жауынгерін қайта реконструкциялау жүргізілуде.
Т. Мамыровтың айтуынша, Алматы археологиялық ескерткіштерге өте бай, мәселен, қазба барысында табылған көне тиындар - соның айғағы.
«Біздің қаламызда орта ғасыр ескерткіштері өте көп, темір ғасырының қорғандары, елді мекендері жиі кездеседі. Алма-Арасан ауданында шекара маңы аймағында бұрындары табылған қалашықтар бар. Алматының жоғарғы бөлігінде археологиялық олжалар болуы әбден мүмкін», - деді спикер.
Спикер таяудағы екі жылда институт базасында екі жоба іске асырылып жатқанын айтты: «Этномәдени зерттеулер контекстіндегі «Ұлы дала» және «Қазақ даласындағы Мәдени генезис: археологиялық дереккөздер деректері бойынша материалдық және рухани мұралардың сабақтастығын зерттеу проблемаларының жаңа парадигмалары».
«Біздің мамандар көп жылдық далалық зерттеулер кезінде алынған археологиялық коллекцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Көптеген коллекциялар белгілі бір себептерге байланысты өңделмеді, енді Институт қызметкерлерінің алдында табылған заттарды толық түгендеу, оларды сипаттау және ғылыми айналымға енгізу міндеті тұр», - деп хабарлады Т.Мамыров.
Осы бағдарламалар аясында институт Қазақстан археологтары үшін дәстүрлі жыл сайынғы Марғұлан және Ахинжанов оқуларын жандандырды.
Мәселен, Марғұлан оқулары – бұл Қазақстанның және шетелдердің жетекші археологтары үшін есеп беру конференциясы. Онда әріптестер далалық және теориялық зерттеулердің нәтижелерімен танысады, әдістемелік ұсынымдар әзірлейді, археология саласындағы негізгі проблемалар бойынша дөңгелек үстелдер өткізеді, ал Ахинжанов оқулары – бұл жас ғалымдар мен студенттер үшін бастапқы алаң.
Айта кетсек, әл-Фараби және «Есік» мемлекеттік мұражай-қорығы қазақстандық ғылым апталығы аясында биыл Археология институты ҚазҰУ-дың тарих факультетімен бірлесіп Ахинжанов оқуларын өткізген болатын.
Алғашқы «Ахинжанов оқуларына» (1993 ж.) қатысқан көптеген студенттер мен жас ғалымдар өз өмірлерін археология ғылымымен байланыстырды. Өткізілген конференциялардың ауқымдылығына қарамастан, олардың арқасында отандық археологиялық мектептің қатары талантты ғалымдармен толықтырылды. Биылдан бастап қатысушылардың географиясын кеңейтіп, Қазақстанның және жақын шет елдердің оқу орындары, ғылыми орталықтарының зерттеушілері арасында байланыс орнатуға ықпал ете отырып, жыл сайын «Ахинжанов оқуларын» өткізу жоспарлануда.
Талғат Мамыров еліміздегі жалғыз мамандандырылған халықаралық «Қазақстан археологиясы» ғылыми журналы туралы айтып берді. Оның беттерінде Қазақстан мен далалық Еуразия археологиясының проблемалары көтеріледі.
ӨКҚ спикері 2022 жылы алты ғылыми-зерттеу тақырыбы жүзеге асырылып жатқанын айтты: Батыс Қазақстанда 2020-2022 жж.., Орталық Қазақстанның тау-кен ісі және металлургиясы 2020-2022 жж., Сырдарияның төменгі ағысындағы ерте темір дәуірінің ауылдық қоныстары: шаруашылық және тұрмыс 2021-2023 жж., ортағасырлық төрткүлдер және Талас алқабының мәдени ландшафты 2021-2023 жж., Алтын Орданың кеш ортағасырлық қалалық мәдениеті. Шаруа (Кинчат) және Аспара (XIII–XVI ғғ.) қалашықтарының мысалындағы ізденістер мен археологиялық зерттеулер 2021-2023 жж. және «Бурабайдағы қола дәуірінің мегалитикалық сәулет ескерткіштері» 2022-2024 жж.
Институт сондай-ақ РҒА археология Институтымен, Кореяның мәдени мұрасы институтымен, Нью-Йорк институтымен және т.б. бірлесіп халықаралық жобаларды іске асыруға қатысады, өткен жылы Институт ең көп мақалаларды журналдарда жариялаған ҚР ҒЗИ мен орталықтарының 20-на енді.
Сөзінің соңында Талғат Мамыров қалай археолог болуға болатынын айтып берді.
«Археолог болу үшін зерттеушінің археология бойынша базалық білімі болуы керек. Бұл тарихшы болуы мүмкін, археологтарды «күрекпен қаруланған тарихшылар» деп бекер атамаған. Қазақстанда археологтарды 5 жоғары оқу орны дайындайды. ҚазҰУ қатарында Еуразия ұлттық университеті. Бекетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Х.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті сияқты өңірлік жоғары оқу орындары бар», - деп түйіндеді сөзін спикер.