11 ақпанда Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі өзінің құрылғанына 85 жыл толуын салтанатты түрде атап өтті. Осы жылдар ішінде оқу орны үлкен әрі абыройлы даму жолынан өтіп, Алматы қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беретін жетекші колледждердің біріне айналды.
Колледждің бай тарихы мұрағат құжаттары мен ардагерлердің естеліктерінде сақталған. Мерейтойға орай бірегей архивтік материалдар негізінде дайындалған бейнефильм ұсынылып, оқу орнының қалыптасу және даму кезеңдері көрнекі түрде көрсетілді.
Колледж тарихы 1940 жылғы 2 қазандағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығынан бастау алады. Осы құжатқа сәйкес №4 байланыс фабрика-заводтық оқыту мектебінің базасында №8 Байланыс қолөнер училищесі құрылды.
Әр жылдары оқу орны кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа кезеңдерін айқындай отырып, атауын бірнеше рет өзгертті:
1954 жылдың тамызында №8 Байланыс қолөнер училищесі №1 Техникалық училище (ТУ-1) болып қайта аталды.
1962 жылы ТУ-1 №2 Қалалық кәсіптік-техникалық училище (ҚКТУ №2) болды.
1977 жылы ҚКТУ №2 ТУ-19 болып өзгертілді.
1984 жылы ТУ-19 №1 Орта кәсіптік-техникалық училище (ОКТУ-1) болып қайта құрылды.
1989 жылы ОКТУ-1 №1 Кәсіптік-техникалық училище (КТУ-1) болды.
1996 жылғы 23 мамырда мекеме №1 Кәсіптік-техникалық мектеп (КТМ №1) мәртебесін алды.
2002 жылғы 22 сәуірде — №1 Кәсіптік мектеп (КМ №1).
2005 жылы - №9 Кәсіптік мектеп (КМ №9).
2008 жылы - №9 Кәсіптік лицей.
2013 жылы «№9 Кәсіптік лицей» ММ Алматы қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 14 ақпандағы №1/98 қаулысы негізінде Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі» КМҚК болып қайта ұйымдастырылды.
Колледждің негізгі қызмет бағыты — жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау.
Бүгінде Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі (АТжМК) сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша 2 жыл 10 ай және 3 жыл 10 ай мерзімде орта және жоғары біліктілік деңгейіндегі мамандарды даярлайды.
Негізгі даярлау бағыттары:
•Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану
•Электр жабдықтары (түрлері бойынша)
•Пошта байланысы
•Машина жасау технологиясы (түрлері бойынша)
•Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар
•Автомобиль көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару
85 жыл ішінде оқу орны 17 мыңнан астам білікті маман даярлады. Олардың көпшілігі Қазақстан экономикасының түрлі салаларында табысты еңбек етіп, телекоммуникация, көлік және машина жасау салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Мерейтойлық шараға Алматы қаласы әкімдігі мен Білім басқармасының өкілдері, еңбек ардагерлері, әлеуметтік серіктестер, қала колледждерінің директорлары, әр жылдардағы түлектер мен ата-аналар қатысты.
Колледж фойесінде жұмыс істейтін модельдер мен техникалық жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Студенттер өндірістік оқыту шеберлерінің жетекшілігімен жел электр станциясының макетін, электромобильдер мен гибридті автомобильдерге қызмет көрсететін заманауи автосервис үлгісін, қоймада жүк тасымалын жылдам әрі үздіксіз қамтамасыз ететін «Fast Flow» жүйесін, заманауи «Қазпошта» моделін, сондай-ақ «Arduino» бағдарламасы негізінде жасалған, тұрғын үйдің қауіпсіздігі мен автоматтандырылуын қамтамасыз ететін «Ақылды үй» жобасын ұсынды. Экспозиция білім алушылардың практикалық даярлығының жоғары деңгейін және инженерлік ойлау қабілетін айқын көрсетті.
Осы айтулы күні даярлаудың алты бағыты бойынша құзыреттілік орталықтарының салтанатты ашылуы өтті:
Құзыреттілік орталықтарының ашылуы колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудағы және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға заманауи жағдай жасаудағы маңызды қадам болды.

Мерекелік бағдарлама аясында қонақтарға заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу кабинеттері, зертханалар мен шеберханаларға экскурсия ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шара Қазақстандық эстрада жұлдыздары мен колледждің талантты студенттерінің қатысуымен өткен жарқын концерттік бағдарламамен аяқталды. Ардагерлер мен педагогтерге айтылған алғыс сөздер, өткен жылдар жетістіктеріне деген мақтаныш және болашаққа деген сенім бұл күнді колледж ұжымы үшін ерекше әрі мәнді етті.