Алматыда коммуналдық қызмет қардың жаууы мен ауа температурасының төмендеуіне жан-жақты дайындық жүргізді. Қаланың барлық өндірістік базасы күшейтілген жұмыс тәртібіне ауыстырылып, көшелерді уақытылы тазалау әрі көлік пен жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін техника мен қызметкерлердің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты.
Қолайсыз ауа райына әзірлік аясында жүргізушілер, механизаторлар мен жол саласы жұмысшыларының күшейтілген ауысымдары жасақталды. Қар жауғанға дейін 210 құмсепкіш техника кезекшілікке қойылып, көктайғақтың алдын алу мақсатында негізгі магистральдарға сұйық реагенттер алдын ала себілді.

Қала аумағында тәулік бойы 1030 бірлік арнайы техника мен 2710 жол саласы жұмысшысын жұмылдыру жоспарланған. Сонымен қатар аулаларды тазалау жұмыстарына басымдық беріліп, бұл бағытта 1790 жұмысшы мен 256 техника тартылмақ.

Ауа райының күрт өзгеруіне жедел әрекет ету үшін жол жабынының жағдайына бақылау күшейтілді. Қалада 75 мобильді бригада құрылып, олар ең қауіпті аумақтарды, еңістерді, дөңдерді, жолайырықтарды және көлік қозғалысы қарқынды көшелерді бақылауда ұстайды.
Төтенше жағдайға әрекет ету қызметі де толық дайындықта. Алматы қаласының Құтқару қызметі 16 арнайы техника мен 50 маманның кезекшілігін қамтамасыз етті. Ал Төтенше жағдайлар департаментінің 53 техника бірлігі мен 244 қызметкері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстарға тұрақты бақылау орнатылған.
Осыған байланысты қала тұрғындарынан ауа температурасының төмендеуі мен көктайғақ қаупін ескере отырып, сақтық шараларын қатаң сақтау сұралады. Жүргізушілерге жылдамдықты шектеу, арақашықтықты сақтау және күрт бұрылмауға кеңес беріледі. Ал жүргіншілерге тротуарда және ғимарат маңында аса мұқият болу қажет.