Әлемдегі алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы Обнинск қаласында іске қосылды. Бұл бейбіт мақсатта электр энергиясын өндіретін алғашқы атом электр станциясы ретінде танылды. Кейіннен әр түрлі елдерде атом электр станцияларын құру және дамыту үрдісі басталып, 1956 жылы Ұлыбританиядағы алғашқы коммерциялық АЭС — Calder Hall жұмысын бастады.
2024 жылғы жағдай бойынша әлемде 31 елде шамамен 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Әлемдегі ең көп АЭС саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Ресейде (36) орналасқан.
Атом электр станцияларының 70 жылдық тарихында тек үш ірі апат орын алған: 1979 жылы АҚШ-тағы Три-Майл-Айленд, 1986 жылы Чернобыль және 2011 жылы Жапониядағы Фукусима-1 станцияларының апаттары.
Бұл апаттардың сабақтары негізінде жаңа буын реакторлары сенімділік пен қауіпсіздік көрсеткіштерін барынша арттырып, жаңадан жобаланып, пайдалануға берілді. Қазіргі заманғы АЭС табиғи апаттарға және техногендік экстремалды әсерлерге төтеп беруге қабілетті етіп жасалған. Мысалы, 8 балдық жер сілкіністері немесе үлкен ұшақтардың құлауы сияқты оқиғаларға қарсы жоғары деңгейде қорғалған.
Қазіргі заманғы атом станцияларындағы апаттардың ықтималдығы теориялық тұрғыдан 10 миллион жыл жұмыс істеу кезінде 1 апаттан аз деп есептеледі. Салыстырып айтсақ, көмір электр станцияларында жарылыс ықтималдығы 80 есе жоғары.
Атом электр станциялары экономикалық, экологиялық және техникалық параметрлердің бірегей үйлесімінің арқасында тұрақты энергияны, көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқартуды және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ететін жаһандық энергетиканың негізгі элементі болып табылады. Климаттың өзгеруімен күресу және энергияға сұраныстың артуы жағдайында АЭС-тер сенімді және болашаққа бағытталған энергия көзі ретінде елдерге тұрақты экономикалық өсуді және халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.