ffin.kz

«Адамның бір қызығы бала деген..»

«Адамның бір қызығы бала деген..» Сурет: автор

Ұлт тірегі, алтын арқауы - ұрпақ

        Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев өткен екі жылды қатарынан «Балалар кітабының  жылы»,-деп жариялағаны жәмиғаттың есінде. Президент  балалар кітабына (әдебиетіне) неге ерекше назар аударып отыр?  Қазақ Балалар әдебиеті – мемлекет құрушы һәм құраушы  ұлттың  ұрпағын тәрбиелейтін әдебиет! Ұрпақ тәрбиесі ұрпаққа арналған  рухани қазына арқылы жүзеге асады. Балалар әдебиеті - бүгінгі  өспірім, жасөспірім, жас өркенді Отанын, ұлтын сүюге бастайтын,   ертең өмірге келетін сәбилерді тіршілік сырына  баптайтын, бесіктен мәпелейтін рухани  уыз. Осы тұрғыдан алғанда балалар әдебиеті – болашақтың әдебиеті деуге болады. Президенттің игі бастамасы да, сол бастаманы бетке ала жазылып, жарық көрген маман сыншы Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген..» сын кітабы да осындай ұлт алдындағы ұлы мұраттан туындаған қастерлі іс дер едік.

       Балалар әдебиеті сынын сараптау үшін алдымен «Балалар әдебиетінің өзі не?»-деген сұраққа жауап беру керек шығар. Сұрақтың тамырын тану үшін маман сыншыны тыңдайық:                                             

  «Балалар әдебиеті – белгілі бір ұлт әдебиетінің бастау бұлағы. Олай болатын себебі, бала – адамзаттың  алғашқы саналы жемісі. Олай болатын себебі, кез-келген ұлт, әулет баладан өседі. Әулет дәулетке (ұлтқа) айналады. Әулет тұтас қоғамды құрайды. Қандай бала – сондай қоғам. «Человечество будет таким, какими мы  выростим своих детей»-дейтін Наталя Сац. (Соғыс жылдарында Қазақстанға ығысып келіп, алғаш жастар театрын құрған Н.Сац.) Олай болса бала – қоғамның басты байлығы. Өсемін деген ұлт ұрпағын өсіреді. Ұрпағын көбейтеді. Өсемін деген қоғам бала деп өбектей білуі керек. Келешекті ойлаған мемлекет -  балаларға жағдай жасауға тиісті. Өйтпеген жағдайда қоғам келешегі күңгірт. Олай болмаған жағдайда – ұлт келешегі үмітсіз. Олай болмаған жағдайда мемлекет келешегі де болмайды. Біздегідей қоғам мемлекетке емес, мемлекет қоғамға, қоғамның бүгінгі баласына қызмет етуі керек. Бұл түптеп келгенде, қоғамның  ертеңгі болашағына қызмет ету деген сөз! Балаға не керек? Алдымен, ана сүті, аздан кейін бала тағамы, әрі қарай қажетті қорек. Ол шүкір біздің қоғамнан табылады. Біз айтып отырған жағдай саналы адамның баласына ғана емес, санасыз хаюанатқа да тән. Ал саналы адам баласына (ұрпағына) рухани уыз керек. Руханият қай жастағы адамға да қажет. Ал, біздің кішкентай келешегімізге тек рухани уыз керек. Өйткені, кішкентай бөбек өзіне қандай руханият игілігі керегін өзі талғай, өзі таңдай алмайды. Оны талғап, таңдап беретін ата-ана,  тіпті тұтас қоғам болуы керек. Оны баршаға бірдей тілмен әдебиет атаймыз. Әдебиет жалпы ұғым. Оның ішінен біздің балғын жасқа талғап ұсынарымыз – балалар әдебиеті аталады», - дейді.

       Сөйтіп, сыншының  Отанымыздың бас сыйлы сыйлығына ұсынылып отырған «Адамның бір қызығы бала деген...» атты сын кітабы – балалар әдебиетінің пәнін анықтау, ол сыншыл ғалым берген байламмен басталады екен.

Жанрлық талдау мақалалары кітаптың мол бөлігін алып жатыр. Жанрлық талдау? Ол қандай?           

         Бүгінгі ақындар «Б е с і к  ж ы р ы н» жырлай ма? Бұрынғы халық туындатқан «Бесік жыры» мен бүгінгі ақындар өлең форматында жазатын «Бесік жыры» арасындағы тақырыптық (органикалық) бірлік, жанрлық айырым ерекшеліктер неде? Сыншы осы сұрақтарға жауап іздейді. Яғни, балалар әдебиетінің бастау басы кешелі беріден емес, ұлтпен бірге жасасып келе жатқанын тасқа басқан таңбадай таратып, барды баяндайды.

      Отаншылдық пафос, батырлыққа баулу, азаматтыққа үндеу сарынды халықтық «Бесік жыры» күні кешеге дейін бесікте уілдеп жататын сәбиге, емізе отырып ана аузымен ерекше мақам сазбен айтылатын. Замана сипатымен жаңарған, жаңғырған бүгінгі заманауй  «Бесік жыры» поэтикалық жұп-жұмыр сымбатына,  шып-шымыр табиғатына қарамай, бүгінгі аналар тарапынан сәби санаға сіңірмейді. Сіңбейтіні, бүгінгі аналар «Бесік жырын» айтпайды. Бүгінгі күні тіпті  баланы Бесікке бөлеуден де безініп болдық. «Бесік жыры» балалар өлеңінің бір үлгісі ретінде өнерде әлімсақтан бар. Ұшталып, жетіліп келеді. Өкініші «Бесік» те, жаңа форматты дәстүрлі «Бесік жыры» да өмірде жоқ. Балалар өміріндегі осы кері құбылыс этнографиялық (тіпті демографиялық) сипатта бедерленеді.  Бабаларымызды бала ретінде тәрбиелеген «Бесік жырының» дәстүрлі тақырып ретінде бүгінгі балалар поэзиясынан алатын орны, өкініш аралас әдеби мәселе ретінде талданады. Бесіктің өз басы – этнографиялық пән ретінде байырғы ібір-сібір жұртында, түрік тайпаларында, тіпті Мид секілді Американ  ғалымы еңбегіне сүйене отырып,  Африка құрылығында өмірде қалай тұтынылды? Соған дейін қиял қыдыртып барады.  Бала тәрбиесінің басты жыры - «Бесік жыры» бүгінгі түрік халықтары әдебиетінде қалай өріс ашып, қандай көркемдік  нақышпен жырланып келеді? Бір ғана қазақ балалар ақындары поэтикалық дәстүрінде ғана емес, түрік халықтары әдебиеті үлгісінде осы сұрақтарға сыншы жауап іздейді. Ақындар шығармаларын талдай отырып, сол сұрақтарға жауап береді.

     Сыншы байыпты талдау форматында қарастыратын тағы бір жанрлық үлгі  - т а қ п а қ.  Бұрын  баласын қазақ қандай тақпақ үлгісімен тәрбиелеген? Бүгінгі қазақ балалар поэзиясындағы тақпақ қандай үлгіде? Жанрлық ерекшелік қандай, өзгеріс айырмашылық сипаты? Осының бәрін маман сыншы Фольклор, Ы.Алтынсарин, Ө.Тұрманжанов, Ж.Смақов, Қ.Мырзалиев, А.Сәрсекев, Г.Юнусова (башқұрт), Р.Корбан (татар) мысалдарында қамырдан қыл суырғандай етіп әдемі әңгімелеп талдайды.

   «Адамның бір қызығы бала деген...» сын кітабында сұрау салып ізделетін, түрік халықтары әдебиетіндегі нұсқалар салыстырылып сараланатын жанр  – ж ұ м б а қ. Халық жұмбағы «Аспаннан күбі түсті, Күбінің түбі түсті» (Найзағай).  Бар болғаны қос жол. Жұп-жұмыр. Сыншының салыстыруына қарағанда осы бір ғана жұмбақ барша түрік халықтары әдебиетінде бар екен. Сәтті салыстырулар. Қазақ балалар әдебиетіндегі бүгінгі жұмбақтың жағдайы қалай? Сыншы пайымдауында,  Жақан Смақов жұмбақ жаратуда жүйріктің жүйрігі! Жақан Смақов жазған,  жаратқан жұмбақтар – үздіктің үздігі! Жақан ұстазы саналатын Өтебай Тұрманжановта да жоқ мұндай үздік үлгі. Жақанмен қанаттас қанат қағып қаламдасқан Қадыр Мырзалиевте де жоқ мұндай үздік үлгі. Жақанды, Жақаннан бұрын, тақырыптық жинақтау жөнінен Қадырды алға ұстар үлгі еткен – Өтепберген..... де бар болып шықты. Жанрда ілгерілеушілік бар. Бірақ, біраз жұмбақшы ақындарымыз бағзы жұп-жұмырлықтан айырылып қалыпты.

      Бүгінгі балалар ө л е ң і. Бұрынғы балалар өлеңі – бірыңғай дидактика. Сәл жұмсартып айтсақ, бұрынғы балалар өлеңінде дидактикалық сарын басым. Бүгінгі балалар өлеңі суретті, баланы кейіптеуге, мінездеуге құрылады. Көркемдік құралдар балалар өлеңіне мінез дарытады. Мінезсіз өлең бүгінгі баланы баурай алмайды. Күлкі шуағына бөлейтін юморлық өлең табиғаты бір басқа. Жақсыға үндейтін лирика, жаманнан жирендіретін мазақтама. Міне, балалар өлеңі өсіп, өркендеп  түрленіп жеткен жері. Дидактикалық сипатын тақпаққа сыйлап қалдырған өлең жанр ретінде қалай құбылған, қалай құлпырған десеңізші!

      Бір жанрдың өзгеріс, өзгешеліктерге қалай ұшырап,  ұштала-ұштала жүріп өтіп келе жатқан жолын нақты мысалдарға жүгініп, сұлулыққа жүгіндіріп айту, дәлелдеу, саралай талдау – балалар әдебиетінің стихиясын жете меңгерген маман сыншы Құлбек Ергөбектің қарымына келіпті, қаламынан табысты өріпті.

        Балаларға п о э м а жазуға бола ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін сыншы бір кілтипанды ашып алады. БАЛАҒА ЖАЗУ. БАЛАҒА АРНАП ЖАЗУ. Сыншының  дәттете сөйлеуіне қарағанда балалар әдебиеті осындай екі сипаттан тұрса керек. Мағжан Жұмабайұлының ХХ ғасыр басында жазған «Жүсіп хан» аталатын ертегісі бар. Оны сыншы поэма ретінде қарастырады. Полифониялық қыртыстылығын да ескеру  керек. Шын көркем шығарма жалаңқабат болмайды. Шын көркем шығарманың қыртысы қос-қабат келеді. Мағжан ақынның «Жүсіп ханы» балаларға арналған кәдімгі ертегі. Сюжет желісі, образ табиғатына қарай поэма деп тануға болады. Бұл шығарманың бірінші қабаты. Ханның қанқұйлы зұлым әрекеті балаға түсінікті. Ал, оның сталинизмді сынайтын астары – шығарманың астыңғы қабаты! Түптұлға – Иосифті (Сталинді)  – Жүсіп етіп алып, кеңестік кезең ащы шындығын  ашып беру – бала ала алмайтын, бала оқырман қабылдай алмайтын философиялық қабат. Бейімбет Майлиннің «Өтірікке бәйге» ертегісі таза балаларға арнап жазылған күлдіргі ертегі поэма.

     Осы екі мысалды алға тарта отырып балаға поэма жазуға болады дейді сыншы. Литванның  ақыны  Э.Межелайтистің бала күнделігінен философиялық  поэма жазғанын да дәлелге келтіреді сыншы.  Осындай әдеби тәжірибе, нақты үлгілерді мысал ете отырып қазақ балалар әдебиетінде туған поэмаларды талдайды. Сыншы жүйесіне сенсек қазақ балалар әдебиетінде «ертегі поэма», «мысал поэма», «реалистік поэма», «фантастикалық поэма» үлгілері бар екен. Осы арада мына бір ақиқатты айта кетелік, Құлбек Ергөбек балалар әдебиеті тарихы мен сыныныың еліміздегі бірден бір құлдай құлдыраңдаған білгір маманы.

     Демек, ғалымның түйініне ден қойсақ, бүгін біз балалар әдебиетін жасай алсақ, қоғамның ертеңін дұрыс тәрбиемен қамтамасыз ете алғанымыз. Ертеңгі ұрпаққа бүгіннен рухани уыз  қалыптастыра алмасақ, онда кеш қалғанымыз. Ертеңгі ұрпақ үшін ертең қимылдау  кеш. Бүгін қимылдауымыз керек. Ертеңнің тәрбиелік әдебиетін бүгін жасауымыз керек. Ертеңгі ұрпақ соны оқып, танып, біліп, бойына сіңіріп, сол руханият бесігінде тәрбиеленуге тиісті. Бүгінгі ұрпақты тәрбиелейтін әдебиет кешелерде жасалып қойған болуға тиісті еді. Жасай алдық па? «Бөбек деп, өбектеп...» (Ж. Смақов) келе жатқан Қ. Ергөбек көлемді еңбегінде арғы тарихқа бойлап барып, бабалар үлгісін үкілеп, бүгінмен ұштастыра келіп, көркем ойды нәрлі тілмен кестелегенде кемелдік танытады, білім-білігін көрсетеді. Алар тағылым да, керек дерек те мол.

      Құлбек Ергөбектің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Адамның бір қызығы бала деген...»  - балалар әдебиеті сын кітабы   бүгінгі, ертеңгі ұрпақ үшін рухани уыз бола ала ма?-деген сұраққа жауап іздегенде, болады дегенге байламға келдік.

Иә, балалар жазушысы болып қалыптасу неге қиын?

     Нысанаға алып, өмірінен шығарма жазатын кейіпкерің – сәби, өспірім, жас өркен болса, алдымен онда  үлгі етіп көркем әдебиетке айналдырып, өзгеге айтар нендей өмірлік тәжірибе бар? Маршак айтқандай бала мінезі қызық екен делік, К.Чуковский жинақтағандай тілі тәтті екен делік.  Ондай ғажайып (чудо) баланы табу қиын, тапқан соң түр-келбетін тілімен сабақтастырып көркем образға айналдырып беру одан да  қиын. Ол шығарманы «оқитын»  тағы да бесікте жатқан сылдырмақпен ойнайтын баладан бастап, өз бетінше кітапты әрең-әрең танитын сәби, сәл өссе өспірім дегендей, әр жастағы балалар  қалай қабылдайды көркем әдебиетті? Оның үстіне бәрін «шайнап» беретін теледидар тұр әр бөлмеде. Міне, осындай жағдайда олардың  көркемдік қабылдауына сәйкес жаза аламыз ба? Осында бала психологиясын тап басып ұстаудан бастап, оны асқан шеберлік машықпен көркем образға айналдырып, бала бойына сіңіріп беретін қаншама талап тартылады балалар жазушысы алдына?! Соны игерсең бала  сені өз жазушысы  райында қабылдайды, оны игермесең сірә да қабылдамайды. Балалар талғамына зорлық жүрмейді. Шын балалар жазушысы бала жанына ене білу,  толқымалы (3-5 жас арасы, 12-15 жас арасы) психологиясына сай келетін көркем шығарма жазу қайдан оңай болсын?! Балалар жазушысы болып қалыптасудың қиындығы осында! В.Г.Белинскийдің  талабы осындай жағдайдан келіп шығады. Әйтпесе, қарадай талантты адамды көкірегінен итеріп, балалар әдебиетінен жерітіп жіберейін деп отырған ол жоқ. Ұлы сыншы балалар әдебиетінің қиындығын көріп, біліп, қиындығы соншалық өзі қиналып отыр.

   Демек, балалар әдебиетінің жазушысы  болып қалыптасу  қиын. Ал,  балалар әдебиетінің сыншысы болып қалыптасу ше? Балалар әдебиеті сыншысы болып қалыптасу одан да қиын. Өйткені, алдымен әр жастағы баланың психологиясын, көркем әдебиетті қабылдау ерекшелігін жете білуің керек. Бұл аз сыншы үшін. Сыншы үшін әр жастағы балаға арнап шығарма жазатын жазушының  шығармашылық психологиясын да білуің керек. Екеуінің үйлесімін тап басып таныған, шығарманы бағалауда сол екі психологиялық паралелді үйлестіріп ұстай алған  қаламгер ғана балалар әдебиетінің сыншысы атана алады.  Құлбек Ергөбек, міне, осы  талаптан табылатын, осы екі психологиялық ерекшелікті буыннан ұстап, балалар әдебиеті туындыларын саралайтын, сараптайтын сарабдан маман сыншы. Балалар әдебиетінің  өз сыншысы. Оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Адамның бір қызығы бала деген...»  кітабы  балалар жазушылары алдына тартылатын  сан қырлы қиындықтарды игере, сыншы ретінде шеберлікті меңгере отырып жазылған әдеби сын  мақалалар жинағы. Әр сыншының өз ерекшелігі болады. Кейбір сыншылардың еңбегінде ғылыми нәр болмайды. Кейбір ғалым еңбегінде шығармашылық психологиясын  нәзік түсінушілік (сыншылық) жетіспейді.  Құлбек Ергөбек сыны фольклор, этнография, демография, филология, психология секілді сан түрлі ғылым білімін ұштастыра пайдаланатын ғылыми зерделі, ғылыми нәрлі, көркемдік ерекшелікті нәзік түсініп, терең түйсініп жазылатын әдеби сын. Құлбек - ғалым. Ал, балалар әдебиетінде ғалымнан гөрі шынайы, білгір сыншы дер едік. Құлбектің ғалымдығы сыншылығын қосымша демеп қана отырады. Ізденсе кісі ғалым болады. Ал сыншы болу, оның ішінде балалар әдебиетінің сыншысы болу тума талант ісі! Сыншы болу үшін көркем әдебиет психологиясын жете білу керек.

   Балаларға жазудың қиындығын жеңе жүріп қалыптасқан қазақ әдебиетінде бірсыпыра балалар жазушылары бар екен. Олар кім? Сыншының анықтауынша, балалар әдебиетіне қойылар қиын талаптарды жеңе жүріп шынайы балалар жазушысы болып қалыптасқан қаламгерлер - Ө.Тұрманжанов, С.Омаров, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, К.Тоқаев, Қ.Әбдіқадыров, Ә.Дүйсембиев, Ж.Смақов, М.Жаманбалинов, Қ.Баянбаев, Ж.Кәрібозин, Н.Әлімқұлов, Т.Дәуренбеков, С.Әлімқұлов. Бәрінің де көзін көргее аяулы ағалар. Балалар әдебиетінің кәнігі сыншысы «Адамның бір қызығы бала деген...» сын кітабының  «Балалар әдебиетінің бағбандары» аталатын бір бөлімінде осы аты аталған балалар әдебиеті өкілдерінің шығармашылық портретін жасайды. Тағы бір бөлімінде Б.Ыбырайым, Н.Ақышев, Б.Серікбаев, К.Ыбыраев, К.Құсайынов сынды бір буын балалар жазушылары шығармаларын  әдеби проблемаға байлап (Бүгінгі балалар әдебиетінің кейіпкері кім?) жинақтай талдайды. Сыншы бұл орайда қазақ әдебиеті мысалымен ғана шектелмей, Ш.Бейшенәлиев (қырғыз), К.Таныгуркулов (түрікпен), Н.Фазылов (өзбек), Р.Зайдулла (татар) шығармаларымен сабақтастыра талдайды. Г.Бельгер: Құлбек қазақ әдебиетін әлемдік әдебиет контекстінде шебер  қарастырады» -деген бағалау пікірі осы орайда жөн-ақ.

Алдымызда Құлбек Ергөбектің түп-түгелімен қазақ балалар әдебиеті жай-күйіне бағышталған кітабы. Кітаптың өзіндік ерекшеліктері мол.       

Кітапқа екі жүйе фотоқұжаттар беріліпті. Бірі – балалар жазушылары фотобейнелері. Балалар кімнің кітабын оқып жүргенін білуі керек. Екіншісі – балалар өмірінен түрлі ыңғайда түсірілген, өзінің философиясы бар бірөңкей сәбилер суреті, балалар өмірінен фотоэтюдтер. Екеуін де кітапқа дайындаған суреткерлік «көзі» бар, белгілі фотожурналист Берсінбек Сәрсенов!            «АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН...» қазақ балалар әдебиетінің туып, қалыптасу жолы, жанрлық өскін - өркені, жылдық жетістік – кемшілігі, тұлғалы таланттары жайында толымды ойларға толы. Балалар әдебиеті жайында тұтас кітап жасау дәстүрде бола бермейтін. Ал, қолымыздағы еңбек осындай игі дәстүр жетегінде туған, айтары мол, талдауы тыңғылықты  сын кітабы!                       

Қазақ балалар әдебиеті қайтсе көркейеді – деп шыншыл сөйлеп, шырылдап жүрген сыншы еңбегі табысты. Сыншы айтқан толғам-толғам ойлар көптің көкейінен шығады. Тек көрер көз көріп, естір құлақ – есітіп, қазақ балалар әдебиеті дамуына жағдай жасалғай! Тәуелсіздігін алып, есін жиған қоғамның ертеңін ойласақ, солай болуға тиісті. Өйткені, сыншы айтқандай, «бүгінгі бала – қоғамның ертеңі!».

      Балалар әдебиетін өсірейік, өркендетейік-деп жатамыз. Бірақ, кәделі сыйлықтар кезінде балалар әдебиетін ұмытып кете береміз. Әдебиетті сын өсіреді. Саланы саралап талдайтын  сын да балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті сыны – бұрын-соңды Мемлекеттік сыйлық алып көрген емес.  Осы пайым биігінен қарасақ,  сараман сыншы Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17