Сен жаққан от Абайдан ұшқын алған!
Бауыржан Жақып!
Иә, мен өзім кейін Баукен деп атап кеткен бүгінгі Бауыржан Жақыптың есімін ең алғаш рет өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында дәлірек айтқанда сонау 1983 жылы естігенмін. Онда да анау мынау емес сол кездің өзінде-ақ аты жалпақ елге әйгілі бола бастаған айтыстың ақтаңгері, жыр дүлділі Есенқұл Жақыпбековтың аузынан естідім.
Ол кезде мен Есенқұлмен КазГУ-дың әйгілі журфагінде бір курста оқитынмын. Бірге оқығанда да қолымыз қалт етіп босағанда, сол отыз шақты курстастардан бөлініп көбінесе оқшау шығып кететін бір үйір едік. Бас қоса қалсақ, Есенқұл бастап біз қостап, сол баяғы жаңа жазған өлеңдерімізді оқимыз. Арамыздағы Есенқұлдың жасы бізден үлкен болғандықтан, емес оның сол кездің өзінде жалпақ елге айтыскерлігімен қоса ғажап ақындығымен де аты шыққан кез еді.
Сондай бір бас қосулардың кезінде Есенқұл:
- Әй, жігіттер, мен кеше лапылдап тұрған Бауыржан есімді бір керемет ақынмен таныстым!-деді таңданысын жасыра алмаған шын риза көңілмен сөйлеп.
- Е, ол кім екен?-деп біз де елең ете қалдық.
- Ол әлі студент. КазГУ де журфакта төменгі курста оқиды екен.Бірақ төгіліп тұрған туа біткен саф таланттың өзі! Адамға Құдай берейін десе бәрін бере салады екен-ау! Бойы ұзын, өзі тым көрікті, кез-келген мен-мен деген керім бойжеткеннің бір көргеннен-ақ есі кететін аққұба жүзді жалындап тұрған жас. Ал өз өлеңдерін жатқа оқи жөнелгенде, кімді болса да баурап әкетерлік, - деп бір тоқтады да әрі қарай сөзін жалғап:
- Өзі Семей жақтың тумасы, онда да Абай туған топырақтың өзінен екен. Әй, лапылдап тұр. Өлеңдерін-ай! Әсіресе, әсем табиғатты суреттеген бір өлеңін тыңдағанымда, ол туып өскен керімсалы ескен ғажап өлкенің құшағына еніп кеткендей сезініп кеттім өзімді, - деп бәрімізді тағы бір тамсандырып алды да:
- Әй, одан ертең үлкен ақын шығады көр де тұр! Мен ақын танысам,ол саф талант-ау! Әлден-ақ жарқырап тұр. Шынымды айтсам, мен бір жақұт тауып алғандай қатты қуандым!-деді ол есіле де шешіле бізді де ынтықтыра сөйлеп. Оның сөздеріне біздер шүбәсіз сендік, өйткені Есенқұлдың бойында қай ақынның болмасын өлеңін тыңдап болғасын-ақ оның өресі мен ақындық деңгейін бірден шамалай қоятын қасиет бар еді.
Көп ұзамай-ақ Есенқұл тағы бір кезекті бас қосуымызда жас Бауыржанды әкеліп, бізбен таныстырды. Шынында да лапылдап тұр. Кезек өлеңге берілді. Бауыржан сәл толғанып тұрып бастап кетті:
Тербетіп Оңтүстікті, Арқаны үнмен,
Қазақтың қоңыр күйін тарта білген,
Алтайдан кең көсілген Атырауға
Сүйемін мен даламды жан-тәніммен! - деп әуелгі шумақтарды оқи бастағаннан-ақ отала бастаған жас ақынның арыны бірден адуындай берді. «Менің далам» деп аталатын өлеңінің шумақтары жалынды үнмен осылайша төгіле берді.
Ыстық ол – көдесімен, көкпегімен,
Жусанды, бетегелі бөктерімен,
Кетердей түрегеліп түйе-таулар
Дәл қазір көз алдымда шөккенімен.
....Ыстық ол – сортаңымен, сорларымен,
Өзенді қуа біткен жарларымен.
Қыр кезіп, сай қуалап байыз таппай,
Желге еріп, көшіп-қонған қаңбағымен.
Міне қараңыз әншейінде қыр кезіп,сай қуалайтын ,ұшарын жел,қонарын сай білетін туған жердің қаңбағының да ыстық көрініп оны сағынуы қандай ғанибет!Бұл шын сағыныш,шын сүю.Туған жердің қаңбағының өзін қастерлей жырға қосу тек үлкен жүректі ақынға ғана тән болса керек.Ал бізге жыр оқып отырған Бауыржан ол кезде небәрі жиырманың ар жақ бер жағындағы мұрты енді ғана тебіндей бастаған өрім жас еді. Шыны керек бұған дейін мен қаңбақтың өзін сағынған ақынның өлеңін оқып көрмеппін.
Қосылған емен-жігіт тал-қызымен,
Жыланшөп, түйетабан, жалбызымен.
Құлқайыр, итошаған, киікоты,
Сүттіген, атқұлағы, ханқызымен,-
деп енді бірде әсем өлкенің гүл әлемі туралы шумақтар бірінен соң бірі құйыла жөнелгенде, көз алдымызға қазақтың жасыл жайлауының көрінісі бір елестеп,жаз жайнаған жайлаудан ғана шығатын хош иісі кеудемізді кере аңқып өткендей күй кештік және жап-жас ақынның сол кездің өзінде біз біле бермейтін дала гүлдерін бірінен соң бірін шұбыртып тізіп өтуі әрине таңқаларлық еді.
Келбеті Айға ұнаған, Күнге ұнаған,
Жазықты, таулы далам, құмды далам.
Қосылып кетсе болды саздарыңа
Менің де құлын даусым құлдыраған,-деп ерекше бір перзенттік леппен өлең аяқталғанда тыңдап отырған бәріміз де: «Әй,керемет!», «Жарайсың,күшті өлең екен!»десіп оның қолын қысысып жаттық.Сол күні осылайша көңіл бір серпіліп «шалықтап,шалқып»қалып ек.Шынында да дәл сол кездегі албырт ақынның «Құлдыраған құлын дауысы» қазақтың байтақ даласын шарлап кеткендей болды.
Келесі бір басқосуда тағы да Бауыржанды кеу-кеулеп өлең оқыттық.Есенқұл суреттеген сұлу да балғын жүзінен сәл ұяңдығы байқалып тұрса да бәлсінген де жоқ іркілген де жоқ өзіне тән биязы мінез,жағымды үнімен оқи жөнелді.
Бір сәтке әже тыншып па ең –
Шүйкеге мол жіп жиылып,
Отырушы едің ұршықпен
Уақытты қоса иіріп....
Әжеге деген аңсау мен сағынышқа толы сәбилік сезімнің тереңінен шыққан өлең жолдары жүрек тербетер жағымды бір қоңырқай дауыспен сылдырап аққан бұлақ қайнарының бүлкіліндей лықси ақтарылып шыға берді. Бәрімізді баурап ала жөнелді. Бәріміз де ұйып тыңдап қалыппыз.
Бәріміз де әп-сәтте ауылдағы қазақы тірлікке еніп кеттік. Көз алдымызда бәріміз көріп өскен,бәрімізге етене таныс зырылдап жіп иірген ұршық,кимешекті әже.
Өзімді сонда жұбатып,
Өмірге іштей күйінгем.
...Ұршық қой мына Уақыт
Жіп қылып бәрін иірген»-деп сол қоңырқай дауыс үздігіп барып тоқтағанда, сілтідей тына тыңдап қалған біздер бұл жолы да «пай-пайласып»Бауыржанның қолын алып жаттық.
Иә, бұл кейін талай ақын мен қарапайым оқырмандар тамсана оқып жаттап,ауыздан-ауызға өткен нағыз классикалық деңгейдегі әйгілі «Әжемнің ұршығы» атты өлеңі еді. Жап-жас сұлу Бауыржан өзінің мінсіз сұлу жырларымен қазақ поэзиясы әлеміне жарқырай енгенін және солай жарқырай жүріп үлкен ақынға айналатынына біз сол кезде-ақ шүбәсіз сеніп тарасып едік,ол солай болды да.
Арада небір аласапыран өзгеріске толы кезеңдер өтті.Тіпті бір кезде «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кете жаздаған солқылдақ қоғам орнаған сүреңсіз жылдар да сырғыды.Бұл әрине пысықай тірлікке икемі жоқ ақын деген қауымға оңай тимеді.Өзінің әу бастан таңдаған сөз өнері мамандығын сол кезеңдерде күн көріс үшін басқа салағ а бұрмай, бағытынан айнымаған Баукең білдей ҚазМУ де әуелі дәріс беріп,кейін декан болған кезінде де өмірдегі негізгі бағдаршам-маягы өлең деген арман жолынан бір сүйем де ауытқыған емес. Жазды. Жазды. Жаза берді. Өлеңмен өмір сүріп, өмірінің мәнін өлең деп ұғып өрге самғады.Бұған тек мен ғана емес жалпақ жұрты,өз замандастары, кейінгі буын мен бүгінгі жас ұрпақ өкілдері де куә.
Бір кезде өзі айтқандай құлын дауысымен сүйе жырлаған даласының өсе келе адамдар салған қасіретін терең сезініп, «Жан дауысымен»жырлады. «Дегелең тауының зары болып» күрсінді, «Қураған тоғайы»болып сыңсыды, «Боз даласы» болып боздады, «Тартылған өзені»болып ындыны кепті,уілдеген «Желінің жоқтауына»қосылды.Түбі барып өзі тамыр алған ұлы Абаймен қоса мұңдасып:
«...Көрінбейді көзіме
Көк шалғын,көкорайлар.
Көзіме оттай басылған
Жидебайда жиде жоқ.
Ақ қанатты үй де жоқ.
Желпілдетіп түндікті
Шертілетін күй де жоқ.
Барады ағып қара жер,
Күнге жеккен күйме боп.
Әзірейіл-жарылыс
Кеудесінен жан алған,
Құлазиды сар дала
Байлығынан тоналған!-деп дана Абайдың руһын оятады.
Адамдардың қатыгез қолымен жасалып,адамзат тартқан қасіретінің енді қайталанбауын Алла әу баста имандылық нәрін құя жаратқан ақындық жүрегімен жан дауысын шығара жырлайды.Міне - халықтың ұлы екендігінің,талантты үлкен жүректі ғалами Ақын екендігінің бұлтартпас айғағы.
Ендеше бүгінде алпыстың асқарына шығып,ақындығын әлем танып,туа біткен алып тұлғасы заңғарға айналып алыптана түскен Бауыржан Жақыптың биылғы жылы «Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына» ұсынылып отырған «Білте шамның жарығы» атты жыр- жинағының бұл сыйлыққа толық лайықты екенін айтқымыз келеді.
« ...Мен жаққан от
Абайдан ұшқын алған,
Әуезов боп әуелі
Құшты жалған.
Мағжан болып санаға
Сәуле шашып,
Одан сайын маздаған күшті жанған...»-
деп аталған жинағында өзі жырға қосқандай Абайдан ұшқын алған өлеңмен жаққан отың лаулай берсін, еліңді тек жылуына бөлеп алаулай берсін демекпін!