Әлем мойындаған ұлы қолбасшы

Әлем мойындаған ұлы қолбасшы сурет ашық дерек көзінен

Жеңіс мерекесіне – 80 жыл

 

Қазақ әскери ғылымының атасы Бауыржан Момышұлының ешкімге ұқсамайтын әскери өнері мен соғыс жүргізудің теңдессіз тактикасын төрткүл әлемнің әскери мамандары түгелдей мойындады. Оның «Мәскеу үшін шайқас», «Волоколамск тас жолы», «Қанмен жазылған кітап» (Соғыс психологиясы) деген еңбектері жауынгерлік өнердің алтын қазынасына айналды. Әскери ғылымға негізделген бұл кітаптарда ұрыс тактикалары, қорғаныс шептері, тосын шабуыл жасау, әскери айла-тәсіл, темірдей тәртіп, патриоттық тәрбие, соғыс психологиясы түгелдей қамтылған. Куба, Никарагуа, Израиль, Польша, Болгария, Венгрия, Чехия мен Словакия мемлекеттері батырдың еңбектерін мемлекеттік оқу бағдарламасына енгізіп, әскери пән ретінде оқытып, сарбаздармен жұмыс жүргізуде тәрбие құралы ретінде пайдаланып келеді. Израильдегі әскери училищеде «соғыс психологиясы» – әскери-теориялық пән. Офицер шенін алатындар осы пән бойынша сынақ тапсырады. Қазақтың қаһарман ұлы: «Өз елін мақтаныш етпеу – сатқындықпен тең» деген. Ал біз қашан Момышұлының еңбектерін әскери оқу құралы ретінде мемлекеттік бағдарламаға енгіземіз?!

 

ТАПҚЫР БАСШЫ

Қазақ – жылқы үстінде өмір сүріп, жорыққа шығып, ат жалында ұйықтаған ұлы даланың ұрпағы. Осы өр мінезінің арқасында бізге ұлан-байтақ жерді аманат етіп, мұ­раға қалдырды. Қазанатты қанат қылып, дүниені дүр сілкіндірген бабаларымыздың жауынгерлік сан түрлі тактикалары мен айла-тәсіл­деріне төтеп бере алатын жау бол­маған. Оның ішінде біздің бі­летініміз де, білмейтініміз де көп. Жаратылысынан дара туған, бо­йында сан өнердің ұшқыны бар, баба жолын өзіне мұрат еткен Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы Екінші дүниежүзілік соғыста тек қана қару-жарақпен қаруланбай, ата-баба жолының жауынгерлік тактикасын тиімді қолдана білді. Бауыржан Момышұлының еңбек­терін оқып отырып, оның бабала­рымыздың «көз алдау», «ай қора­ланды», «қоян қашты», «тұлма», «моңғол диірмені» сынды сан түрлі тәсілдерді еркін меңгергенін анық көруге болады. Ол шайқас алаңын­да майдангерлерге ұрыс өнері тек қана атыс-шабыстан ғана тұрмай­тынын талай мәрте дәлелдеп берді. Жауды жеңу үшін үлкен әдіс-амал керек. Бұл әрекет – адамды көп шығынға ұшыратпай, аман алып шығудың ғажап тәсілі. Осы әскери өнердің арқасында бабаларымыз алып зеңбірекпен, мұздай қарумен, мылтықпен жасақтанған жоңғар­ларды найзаның ұшы, қылыштың жүзі, дойыр қамшымен, шойын бас шоқпар мен ұлы жеңістерге жеткізіп, көзін қан талаған дұшпа­нын жер бетінен жойып жіберді. Қазақ халқының ерлік пен батыр­лыққа толы тарихын білетін ба­тальон командирі жетік стратег, асқан тактик, тамаша психолог болғандықтан шайқас алаңында бетпе-бет келген талай ажалдың бетін қайтарып, кезіккен қиындық­ты асқан шеберлікпен, үлкен дана­лықпен шешіп, талай рет жауын­герлерін жау шебінен аман-есен алып шықты. 

Халық қаһарманы 1941 жыл­дың қыркүйек айынан бастап, Екінші дүниежүзілік соғысқа қаты­сып, генерал-майор И.В.Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында Батальон командирі болды. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жыл­дың 16–18 қараша күндері вермах­тың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанын­да Волоколамск тас жолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығының арқа­сында 3 күн бойы аз әскермен фа­шистер қоршауында қалған баталь­он мұздай қаруланған жау шабуылын тойтарып, ұрысқа қабі­летті жағдайда қоршауды бұзып шыққанда Кеңес Одағының әскер басшылары қазақ қаһарманын еріксіз мойындап, таңдай қаққаны бар. 

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛДЫ

Бауыржан Момышұлы – әскери педагогика мен әскери психология ғылымына баға жетпес мұра қал­дырған дара тұлға. Ерлік пен өрлік­ке толы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы неміс, чех, еврей, ағылшын, француз тілдеріне ауда­рылды. Бұл шығарманы сарбазда­рының бойына патриоттық рух да­рытатын жалын десек болады. Батырдың әскери өнері сонау ғұн, сақ, түркі тайпаларының келе жат­қан әскери тәсілдерінің жиынтығы. Ежелден аттың құлағында ойнап, ұлы даланың қыр-сырын меңгерген бабалардың жолымен жүрген ше­бер қолбасшының ақылы мен тап­қырлығына ұрыс алаңында гене­ра л-майор Иван Васильевич Панфилов та талай мәрте таңқа­лып, тамсанғаны бар. Моисей ұл­дары Израиль мемлекетін құрарда қазақ ұлының әскери тактикасын ұстануға белді бекем буды. Мұны Йзраильдік тарихшы Арон Ильич Шнеер Ресей президенті Влади­мир Путиннің Кремльде Бүкілре­сейлік конференцияға қатысушы­лармен кездесуінде үлкен мақтанышпен айтқанын барша әлем жұрты көрді. Ол: 

– 1946 жылы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы иврит тіліне аударылды. Жаңа Из­раиль мемлекеті құрылуда бұл кі­тап Израиль армиясының әрбір офицеріне қару-жарақпен бірге беріледі. Бұл тек оқу құралы ғана емес, сонымен қатар іс-әрекетке нұсқау болды. Израиль армиясы бас штабының басшысы болған генерал Мота Гур рота командирі болған кезіндегі бір оқиғаны бы­лайша сипаттайды: «Мен бойларын үрей мен қорқыныш билеп, ұрыс­тан қашып кеткен сарбаздарды шеру алаңында сапқа тұрғызып: «Волоколамск тас жолы» кітабы­ның бір тарауын оқуға кірістім. Онда «Жас сарбаз, сіз өзіңізді ұрыс позицияларын тастап кетіп бара­мын деп ойлайсыз ба, жоқ, сіз Ота­ныңызды, Мәскеуді жау қолына тапсырып кетіп барасыз!» деген жеріне келгенде тоқтап, жауынгер­лердің жүзіне үңілгенде, олар бой­ларындағы қоқыныш сезімін жең­генін байқадым.

ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Міне, тарих тағылымы. Бұл – нағыз ерлік пен қаһармандық үлгісі. Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының патриоттық рухы­мен сол кездегі жас Израиль әскері тәрбиеленді», – деп, генерал үлкен мақтанышпен естелік қалдырған. Осыдан артық қандай мойындау болмақ?!

Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіс пен жалауын желбіреткеннен кейін де ұлт батырының даңқы мұ­хит асып, сонау Кубаға дейін жетті. 1492 жылы Христофор Колумбтың ашқан Куба аралының батыр ұлда­ры азаттық жолында күресіп, Испа­ниядан тәуелсіздігін алған елдің бірі екенін тарихтан білеміз. Міне, осы Куба мемлекетінің басшылары Бауыржан Момышұлын офицер­лерге дәріс беру үшін өз еліне ша­қыртып, әскери тактикаларын кү­шейтіп алды. Бұл жайында біз ғалым, Бауыржантанушы Мамыт­бек Қалдыбайұлының қалдырған жазбаларынан жақсы білеміз. Онда ұлт батыры өзінің Кубадағы сапары жайында былайша баяндайды:

– Кубалықтар мені Кубаның мемлекеттік әнұранымен қарсы алды. «Совет Одағының батыры – Бауыржан Момышұлына жалынды сәлем!» деген қызыл матаны көзге түсер жерге іліп қойыпты. Түрлі әсери бөлімдерде кездесуде бол­дым. Куба офицерлеріне дәріс оқып, олардың сұрақтарына жауап бердім. Оңаша сөйлесіп отырғаны­мызда, Куба Қорғаныс министрі Рауль Кастроның: «Қымбатты Бауыржан, өзіңізді үйіңіздегідей сезініңіз» деген лебізін естісімен мен галстугымды шешіп, талтаң- талтаң басып, бір креслоға ілдім. Костюмімді шешіп, келесі креслоға ілдім де, көзімнің қиығымен Рауль Кастроға қарадым. Ол қабағын шытып, жақтырмай қалды.

Мен бірден: «Сіз маған өзіңізді үйіңіздегідей сезініңіз» дедіңіз ғой. Мен өзімді үйімдегідей сезініп едім, жақтырмай қалдыңыз. Жоқ, мен өзімді қонақ ретінде сезінемін» деп галстугымды мойныма тағып, костюмімді қайта үстіме кигенімде, Рауль Кастро ақтарыла күліп:

– Сіз аудидорияны бірден бау­рап алады екенсіз, мұныңыздың қандай құпия-сыры бар?», – деді.

– Мені сынамақ ойдасыз ғой. Сынасаңыз, сынаңыз! Сөйлеуші кісі көкейкесті мәселеден ауытқып, маңызсыз ұсақ, бұрыннан жұртқа белгілі жайларды сөз етіп тыңдау­шысын жалықтырып алмауы керек. Мен өз тәжірибемде адамдар сезіміне ұмытылмас әсер етіп, ойы­на ой қосатын ең маңызды деталь­дарға, эпизодтарға ерекше көңіл бөлемін. Меніңше тыңдаушы жү­регін жаулап алудағы ескерер ең басты мәселе шабыттана, рухтана білу. Ақын шабыттанбай, рухтан­бай ел жүрегін елжіретер жыр жаза алмайды. Шешен шабыттанбай, рухтанбай тапқыр шешен сөйлей алмайды деп жауап бердім. Ол жауабыма риза болды-ау деймін, қолымды құшырлана қысты.

Кубаға турист ретінде 10 күнге бардым. Рауль Кастро Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ни­кита Сергейұлы Хрущевке телефон соғып, Куба әскерилеріне дәріс оқу үшін тағы бір айға қалдыруын өтініп, рұқсат алды. Мен бір айдың көп екенін, дәрісімді 20 күнде оқып үлгеретінімді айтып, 20 күнге қалу­ға келісім бердім». Бұл әңгімеден кубалықтардың Бауыржан батырға деген қимастық сезімдерін көруге болады.

Осы сапар жайында Мамытбек Қалдыбайұлы Куба газеттерінде, журналдарында батырдың фотосу­реттері, сөйлеген сөздері жария­ланғанын жазады. Бауыржан ата­мыздың соғыс тактикалары Куба, Израильде ғана емес, басқа да ел­дердің әскери оқу құралдарына енгізілді. Бұл тарихи деректер Бауыржан батырдың өткен тарихы­мыздағы әлемді аузына қаратқан Аттила, Шыңғыс хан сияқты қол­басшы болғанын айғақтайды. Ал қазіргі біздің әскер әлі күнге қолда бар асыл қазынамызды халық игілігіне айналдыра алмай отырға­ны елдігімізге үлкен сын. Бауыр­жан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери ака­демиясын бітіріп, Әскери-педаго­гикалық жұмыспен айналысып, Совет Армиясы әскери академия­сында сабақ береді. Міне, жер-жа­һанды дүр сілкіндірген алып импе­рияны өзінің ақыл-парасатымен мойындатқан батырымызды біз әлі күнге өз деңгейінде бағалай алмай келеміз.

БАТЫРДЫҢ ӨСИЕТІ

Бауыржан Момышұлы шығар­малары жастарға әскери-патриот­тық тәрбие берудің тамаша үлгісі. Оның әр қанатты сөзі адамды рух­тандырады, бойыңа алаулаған жа­лын береді. Мәселен, мына қанатты сөздерден тебіренбейтін адам, елжіремейтін жүрек жоқ:

«Өмірде жалтақ болмаңдар, бі­реудің аузына қарайлап, соның айтқанына көніп, айдауында жүруді ізеттілік екен деп жаңсақ түсінбең­дер. Үлкеннің айтқанын екі етпеу, сөзге тоқтау – сыйластықтың, әдептіліктің әліппесі екені рас. Бі­рақ тек сонымен шектеліп қалушы­лық жас адамға пайда бермейді. Оған қосымша өзіңнің кісілігің, жол білер азаматтығың болу керек. Әйтпесе, біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүру немесе «барып кел, алып келдің» адамы ретіндегі қолбала болу жасқаншақтыққа, кіріптарлыққа ұшыратады».

«Ашу-ызамен емес, ақыл-пара­сатпен үйрет, мейірімділікпен, ын­та-ықыласпен үйрет, бірақ жөнсіз мақтама, орынсыз жекіп сөкеп, даттама, қояншығы ұстаған адам­дай құр босқа айқайлап, бақырма. Орынды жерде қатал бол. Қаталдық әділ болсын, ешуақытта сарбаздың бойындағы адамгершілік сезіміне, намысына тиіп қорламайтындай бол!».

«Мен Отанымды сүйемін, ол үшін жанымды беремін», – деген жай күмпілдеген сөз емес. Өз жерін сүю нақты іспен дәлелденеді. Менің өмірден тоқығаным: Отанға деген сүйіспеншілік ата-анаңа, бауырыңа, туып-өскен ауылыңа, қалаңа, өз ұлтыңа деген махаббат­тан басталады. Өз ауылының тасын қадірлемеген басқа ауылдың тауын да сыйлай алмайды. Халықтар ара­сындағы қасиетті достық осы сезімнен басталады». Қазақта «Әс­кері мықтының сағы сынбайды» дейді. Сондықтан еліміздегі жас­тардың бойына патриоттық сезім ұялатуда Отанымыздың абыройлы ұлдары жайында кештер, шаралар өткізуді халықтық деңгейге көте­руіміз керек.

Бауыржан Момышұлы қорқыныш пен қорқақтық жайында былай дейді: «Нағыз қорқақтық өлімнен қорқу емес, сол сағатта болып жатқан қиындықты, шындықты жасырмай айтудан тайсақтау, жауапкершілікті өзіне алмай басқа біреуге аудару. Соғыста одан өткен қауіпті, одан өткен қатерлі нәрсе жоқ. Мұндай қорқақтықтың арты біреудің қымбат өмірін қиюмен, құрбандыққа жол берумен аяқталады». Иә, қорқақтықтың арты сатқындыққа апарады. Ал әр мемлекеттің ел іргесі мықты, қорғаны күшті болуы үшін – өжет, батыл, батыр, ержүрек ұрпақ тәрбиелеуі басты міндет.

«Аlmaty-akshamу», №1 (6563) 7 қаңтар, 2025 жыл

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:03

13:43

13:03

13:01

12:52

12:43

12:16

11:59

11:55

11:54

11:44

11:39

11:39

11:36

11:33

11:31

11:29

11:26

11:24

11:22

11:20

11:18

11:17

11:13

11:08