ffin.kz

Әбілқайыр ханды терең танығанда, бәрі орнына келеді

Әбілқайыр ханды терең танығанда, бәрі орнына келеді Сурет: Infohub.kz

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты, «Әділет»                                                                                                                                  тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары:

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысын жан-жақты зерделеп, зерттеуге тапсырма бергенін білеміз. «Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп», – деді Президент. Тәуелсіз еліміздің тарихында  әлі де болса терең зерттеліп, зерделенетін дүние көптігі байқалады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың  тарихы том-томға толып, атан түйеге артатындай жүк болса-дағы, Қадыр ақын (Мырза-Әлі) айтқандай «...оқулығы жұп-жұқа, бірақ-тағы».

Тап соның ішінен қазақтың қазақтығын сақтап қалған, тамырын ХVІІІ ғасырдан тартатын Қарақұм (Қаракесек) құрылтайы тарихи жадымыздан өшіп бара  жатқандай көрінеді. Осы тұсқа келгенде, өзіміздің тарихшыларымыздың тиянақты пікірі тапшы. Содан да болар, білім мекемелеріндегі «Қазақстан тарихы» оқулығында бұл жөнінде мәлімет тым жұтаң. Осы олқылықты аз да болса толықтыру мақсатында тарихи ақтаңдақтарды ақтарып жүрген белгілі жазушы, тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев ағамызды әңгімеге тарттық.

 

Қалмақтар тұтқындағы сұлтанға қызыға қараған

 

– Бейбіт аға, «Ақтабан шұбырындыны» «Аңырақайды» айтамыз. Дәл соның алдында ел басына қара бұлт үйіріліп, елімізді тұтастай жоңғар билеп, «ат ауыздықпен су ішкен» шақта ерліктің, елдіктің ерен үлгісін көрсеткен Әбілқайыр хан, 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы хақында айтуға келгенде тым сараңбыз. Себебі неде? Тарихты зерттеуші ретінде осының мән-жайын тарқата айтсаңыз.

– Тәуке ханмен аталас төре тұқымдарының бірі, Жәнібек ханның кіші ұлы Өсекеден тараған Бөлекей сұлтан ұрпағы Қажы сұлтан өз әулетімен (ішінде ортаншы ұлы, болашақ Әбілқайыр баһадүр бар) Сырдың төменгі ағысында өмір сүрді. Қарақұм атырабын қыстап, жаз айларында Торғай мен Ырғыз өзендерінің жоғарғы ағысында, Жемге таяу маңда көшіп-қонып жүретін. ХVІІ ғасырдың соңына қарай осы аумақты мекендейтін қазақтар Еділ қалмақтарының әскери шабуылына жиі ұшырады. Осындай ахуалда жасөспірім Әбілқайыр шайқасқа ерте араласып, ұрыстарда ержүректігімен, батырлығымен ерекшеленді. (Ресми тарихи әдебиетте ол 1693 жылы дүниеге келді деп жазылып жүр. Алайда,  Әбілқайыр ханның өмір жолын терең әрі жан-жақты зерттеп, теңдессіз ғылыми-зерттеушілік жұмыс жүргізген тарихшы Ирина Ерофеева оны ХVІІ ғасырдың 80-жылдарының орта кезінде туған деп санайды. Дегенмен, біз бұған сәл түзету енгізіп, Әбілқайырды Тәуке хан таққа отырған шамада 1680 жылдары дүниеге келген деген ойға тоқтадық).

Әбілқайыр жастай небір шайқасты бастан өткерген. Еділ ойраттарының қолбасылары оны тұтқынға түсіріп, жүрек жұтқан жас қазаққа әрі таңдана, әрі қызыға қараса керек. Аюкеге амалсыз Әбілқайыр сұлтан да қызмет етті. Зерек  те ақылды жас батыр сол шақтағы аса беделді әрі танымал дала қолбасшы ретінде мойындалған Аюке ханның әскери істі қалай ұтымды түрде қайта құрып алғанын зерделеді. Оның жүзеге асырып отырған ел басқару жүйесін парықтады. Қалмақ ханының әскери-саяси қызметіндегі елеулі озық тәжірибені байқады. Ол іске асырған амал: байырғы дала әдетіне еуропалық дәстүрді кіріктірудің анық артықшылығын аңғарды.

– Әбілқайыр баһадүр естек (башқұрт) көтерілісіне қатысты деген дерек бар...

– Біраздан соң Әбілқайыр Сыр суымен шектесетін дала мен Қарақұм алқабында өмір сүріп жатқан туған-туысына оралды. Елге оралғаннан кейін тез арада айналасын өзінің жеке басының батырлығымен бірге, шайқас жүргізудегі өте оңтайлы тәсілдерді ұйымдастыра білетін әскери шеберлігімен қайран қалдырып, мойындатты. Ұзамай қазақтар мен қарақалпақтардан құралған жасақты бастап, башқұрт елінен бір-ақ шықты. 1708 жылдар шамасында башқұрт қолбасшысы Алдар Есенгелдиннің шақыруымен ол қазақ-қарақалпақ құрама жасағымен патша әскеріне қарсы белсенді ұрыс жүргізді. Әбілқайыр өзі машықтанған әскери өнерін өз  жасағы мен көтерілісшілерге үйретті. Әбілқайыр баһадүрдің әскери қолбасылық қабілетіне тәнті болған башқұрттар оны өздерінің ханы деп атады. Бұл кезде Қазақ хандығы уақыт өткен сайын үдей түскен жоңғар басқыншылығына қарсылық ұйымдастырып жатқан.

– Баһадүр елге оралған соң...

– Күрделі саяси жағдайды жан-жақты сарапқа салған Тәуке хан ел билігіне реформа жасауды қолға алған. Соған орай, Әйтеке би бастаған басты адамдар башқұрт елінде орыс әскерімен соғысып жүрген Әбілқайыр сұлтанның елге қайтуын сұраған. Әбілқайыр елге оралысымен, ойраттардың екі тұстан да жасап жүрген шапқыншылығына төтеп берерлік өмірлік мәселе талқыланған басқосуларға қатысады. Осы тағдырлы сауалды қарастыруға (тарихта Қарақұм құрылтайы деген атаумен әйгілі болған) халық өкілдері жиналысын шақыруға белсене атсалысады.

1710 жылғы Қарақұм құрылтайына қатысқан Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінен келген би, рубасы, ақсақалдар, басқа да басты адамдар  Әбілқайырды хан лауазымына сайлап, жауға қарсы жасақталатын әскердің бас сардары етіп тағайындайды. Әбілқайыр хан мемлекеттің Түркістандағы орталық ордасында отырған Бас хан Әз Тәукенің батыс өлкедегі арқа сүйейтін сенімді тірегі, қазақ хандығының қабырғалы, қарымды қорғаушысы ретінде қабылданады. Құрылтай мүшелері бұл ұсынысты қызу қолдады. Сұлтандар мен билер Әбілқайыр баһадүр сұлтанды ақ киізге отырғызып, жұртшылық алдынан алып өтіп, хан көтерді. Табын Бөкенбай батыр халық жасағына жетекшілік ететін сардар ретінде танылды.

 

Тәуке ханның тәуекелі

 

– Әбілқайырдың таққа отыруына тоқталсақ...

– Осылай, ойраттардың үдей түскен агрессиясына жауап ретінде, қазақ елінің батысындағы өлкеде мемлекет ішіндегі жаңа әкімшілік бірлік – өзінің әскері болатын Әбілқайыр хандығы пайда болды. (Бұл – Жошы әулетінен шыққан екінші Әбілқайыр (ХVІІІ ғасыр). Хандыққа Кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы, Жетіру бірлестіктерінің көп бөлігі кірді. Орта жүзден қыпшақ пен найман руларының біраз бөлігі енді. Басқыншыларға тосқауыл қоюға жұрт тас-түйін әзірленді.

Таққа отырған бетте Әбілқайыр хан көптеген өзекті мәселелермен бетпе-бет келді. Құрылтайдан кейін іле-шала өткен Қарақұм шайқасы қазақтың отаншылдығы, намысы жоғары екенін көрсетті. Дұшпанды ұйымдасқан түрде түре қуды. Оңтүстікте Цеван Равдан жоңғарлары тегеуірінді жорықтары  тоқтатылмаған. Осындай күрделі ахуал салдарынан Әбілқайыр бірнеше бағытта бір мезгілде әрекет ету жолдарын ойлауға мәжбүр болды. Халқы оны түсінді, қолдады.

Әр атадан іріктелген жігіттер атқа қонды.  Сонда Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр бас болып, аз уақытта қалмақты Қарақұм алабынан асырды. Жем өзенінен қуды. Жайықтың арғы бетіне дейін тықсырды. Сарысу өзенінің сыртына қашырды. Әбілқайыр ханның қалыптасқан жағдайға байланысты тастаған ұранына Қайып хан мен Абдолла хан өз үндерін қосты. Табын Бөкенбай батыр бастаған қаһарман сарбаздар қатарына ел ішіндегі Тама Есет батыр, Қошқарұлы Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды ондаған айтулы батырлар қосылды. Солар бастаған сарбаздар азаттық үшін алысып, дұшпан жасақтарын елден қуып шықты.

– Бүгінгі тарихшылардың басым бөлігінің айтуынша,  Тәуке ханмен бірге біртұтас қазақ тарихы біткендей...

– Жоғалтқан көші-қондық жерлер, шұрайлы жақсы жайылымдар қайтарылды. Содан кейін бірнеше жыл бойы қазақ және жоңғар елдерімен екі арада ұсақ қақтығыс қана болып, біраз уақыт тыншыды. Цеван Равдан қонтайшы әзірге қазақ еліне үлкен армиясын бұра қоймады. Оның ірі шабуыл жасамауының бір себебі, қытаймен екі араларында жаңа соғыстың Ойраттардың негізгі әскери күші Цин-Қытай империясы әскерлеріне қарсы соғысқа жұмылдырылды. Бұл 1715 жыл еді. Қажет шақта ру-тайпалар үш жүздің біріккен әскеріне сарбаз берді, сыртқы жаудан бірлесіп қорғанудан бас тартпады.

Тәуке хан мен оның үзеңгілестерінің нәтижеге жетуі, ел ағаларының данышпандығы мен көрегендігі болатын. Алайда, әбден қартайған Тәуке хан өзінің осынау реформасы мүмкін еткен жаңа тарихи жағдайдағы елін ұзақ басқара алмады. Тарих ғылымында қалыптасқан көзқарас тұрғысынан қарасақ, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы әрі ең кемеңгер ханы.

Бүгінде кәсіби де, әуесқой да тарихшы біткен Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін біртұтас мемлекеттің тарихы аяқталды дейді. Сөйтіп, қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталды деп санайды. Біздің ойымызша, Тәуке хан тұсында қазақ хандығының конфедеративтік сипатта даму кезеңі басталды деу әділ болмақ.  Тарихта бұл жағдайды біртұтас қазақ хандығының өмір сүруін тоқтатқаны, қазақ хандығының үш жеке хандыққа ыдырағаны деп түсіндіріледі. Патша заманында да, кеңес заманында да, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де осы ой жаппай орнықтырылған. Әлі күнгі сол қалпында, сол ескірген,  жаңартылуы қолға алынбаған күйі қайта қаралмай тұр.

Біз бұл бөліністі қазақ хандығының тұтастығын, бірлігі мен қуатын арттыруға бағытталған шара деп білеміз. Шара Тәуке ханның көзі тірісінде жүзеге асырылды. Ол іс жүзінде бас хан, ұлы хан, қаһан саналды, ал жаңадан аймақтық таққа отырған үш хан (Ташкентте – Абдолла, Арқада – Қайып, Қарақұмда – Әбілқайыр) дербестігі бар, бірақ ірі мәселелерде жалпықазақ мүддесін көздейтін шешімді басшылыққа алатын, бас билеуші Тәуке ханға қарасты әміршілер болып саналды.

 

Қарақұмда қайратқа мінген баһадүр

 

– Арал маңындағы ру-тайпалар Әбілқайыр маңына  қалай бірікті?

– 1723 жылы ел-жұртты көл-көсір қайғы-қасіретке душар еткен «Ақтабан шұбырынды» трагедиясының алғашқы айларында дұшпан қазақтардың басты саяси орталығы Түркістан шаһарын басып алды. Осы кезде әбжіл әрекет ұйымдастыра алған жалғыз тұлға – қазақтың аға ханы Әбілқайыр баһадүр.  

Ол Арал маңындағы ру-тайпалардың намысын жанып, жоңғар  агрессиясын қайткенде кері қағуды көздейтін ахуал туғызды. Өзін содан бір мүшелден астам уақыт бұрын хан көтерген құмды өңірді мекен еткен баршаны отан қорғау ісіне жұмылдыра алды. Сондағы ел-жұртының қолдауымен қысқа мерзім ішінде қазақ пен қарақалпақ жігіттерінен жиырма мың сарбаздан тұратын қол ұйымдастырып, жарақтандырды. Әскери өнерге баулыды.

Бірақ оңтүстікті, оңтүстіктегі қазақ елінің бас қаласын басып алған жоңғарға емес, солтүстік-батыстағы қалмақ иеліктеріне қарай шапты. Сол аймаққа жасаған жорығы нәтижесінде Әбілқайыр хан елдің терістік жақтағы шекарасын қауіпсіздендіріп алды да, шапшаң қимылдап дағдыланған жауынгер жасақтарын бірден Түркістан қаласы бағытына бұрды. Жау қолындағы қалаға бірден  тікелей штурм жасап, тез азат етті. 

Аға хан – бас қолбасшы емес пе?..

– Қазақ біріккен әскерінің бас қолбасшысы міндетін аға хан Әбілқайыр баһадүрге жүктеді. Бас қолбасшы ретінде таңдалған Әбілқайыр баһадүрді Ордабасы құрылтайында аға хан мәртебесіне сайлаудың қажеті жоқ еді. Ол бұл мәртебеге Тәуке ханның ізбасары Қайып хан қаза тапқаннан бері, 1719 жылдан ие болатын. Оны көне меритократиялық тәртіпті басшылыққа алған билер кеңесі қолдаған. Осылай ол жеті жылдан бері аға хан саналатын. Қазақ хандығында тақта отырған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын. Демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру – оның аға хан екенін мойындау. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында да, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін қолбасылықты адал атқарды.

–ХVІІІ ғасырдың отызыншы жылдары Әбілқайыр ханның орыс патшайымына арнайы хат жазуына түрткі болған нендей жағдай? Сол хаттың түпнұсқасы зерделенді ме?

–1730 жылғы мамыр айында Әбілқайыр ханның Торғай өлкесіндегі жазғы ордасына Кіші жүз бен Орта жүздің бас адамдары бас қосты. Бұл мәжілісте орыс шекарасына тақау көшіп-қонып жүрген  жұртқа қырғидай тиіп жүрген Жайық және Сібір орыс казактарының, Еділ қалмақтарының шапқыншылық қылықтары қаралды. Қалмақтармен арадағы қатынас жолға қойылып, жоңғарды жеңумен  байланысты, жағдай біршама реттеліп, тыншыған.  Алқалы басқосуда түбі бір түркі болса да, желкесіндегі отаршыл әкімдердің астыртын айдап салуымен қазақ ауылдарына тұтқиылдан  жортуылдатып,   мазаны қашырған башқұрттар жайы талқыға түсті.

Бұл жиында орыс патшасымен оның қоластындағы қалмақ, башқұрт пен орыс казактарының қазақ еліне шабуылын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданды. Құрылтай шешіміне сәйкес, Әбілқайыр хан орыс патшайымына арнайы хат жазып, елші жіберген. Әбілқайыр ханның орыс императрицасына жазған сол хаты тағдыршешті бетбұрыстың негізгі құжаты екені белгілі. Десек те, күні бүгінге дейін өзгере қоймаған көпшілік арасындағы пікірге сүйенсек, Әбілқайыр қарақан басының қамымен,  қарамағындағы халқымен Ресейге бодан болуға өзі сұранған, яки «сатқын»  делінеді. Алайда мұндай пікірдің хатқа аудармада жасалған түрлі бұрмалаушылықтың жетегінде кету салдарынан қалыптасқаны соңғы жылдары аныққа шықты.

Әбілқайыр ханның бізге орыс тілі арқылы мәлім болған «сатқындық хатын»  үстіміздегі ғасырдың басында тарихшы Амантай Исин түпнұсқадан оқып, қайта тәржімеледі. Нәтижесінде ғылыми айналымда жүрген тарихи хаттың орысша нұсқасындағы бірқатар  сөздердің түпнұсқада жоқ екенін, біразының мағынасы өзгертіліп берілгенін анықтады. Хан хатында айтылған тілек пен қойған шартының мазмұнын қандай ауқымда түсіндіруге болатыны жайында елшілеріне құпия да мұқият түрде тиісті нұсқауын берген. Алыстан болжайтын көреген саясаткер ретінде, Әбілқайыр хан терістігіндегі алып көршісімен тату тұру арқылы ғана жүздерге бөлініп басқарулы Қазақ хандығының тұтастығын сақтай алатынын, сонда ғана өзінің жалпақ жер-суды алып жатқан бытыраңқы елінде бір орталыққа бағынатын біртұтас күшті мемлекет құруына мүмкіндік туатынын ұққан. Алайда бұған кедергі көп-тін...

Жәдігөйлік генералды дегеніне жеткізгендей

–Бас-басына би болуға құмарлық алауыздыққа апарған жоқ па?

–Орыс патшайымының елшілігі қатысқан 1731 жылғы  10 қазандағы жиында қазақтың елдік мүддесін ойлайтын басты адамдар Әбілқайыр ханды түсінуге тиіс әрі оның ұсынысын қолдауға міндетті болуы керек еді. Оны жиырма жылдан бері хан дейді. Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің ханы, оның ішінде кейінгі он бір жыл бойы қазақ елінің аға ханы лауазымын алып келеді. Осы уақыт бойында қилы жағдайға орай жасақ жиып, әскер құрды, соғыс өнерін тәп-тәуір меңгергенінің арқасында, қазақтың айтулы батырларымен бірге маңызды жеңістерге жетіп жүрді. Бейбіт шақтардағы ел билеудің қыр-сырын да әжептеуір түсінді, сондай кезеңдерде өзінің төре тұқымдастары мен күллі қара халықтың қилы өкілдерінің жақсы-жаман қасиеттерін әбден танып-білді... 

Күреске толы ұзақ жылдарда көзінің жеткені –  қазақ жұртының еркіндікті сүйетін, дұшпанға алдырғысы келмейтін батырлығы. Алайда, мемлекетінің құрылымы әлсіз, бас-басына би болуға құмарлық үдеп, елді бытыраңқылық жайлап кеткен. Өйткені, төре де, қара да мықты мемлекеттік құрылым мен оны нығайту жолында атқарылмақ парыз хақында санасына оң ұғым ұялатпаған. Олар Әбілқайырды бас хан деп санамайды, оның аға хан ретіндегі билігін мойындамауға бейім, оны тек Кіші жүз ханы ғана деп тануға оң иықтарын беріп тұрады. Ал Кіші жүздің өзінде де, шындап келгенде, хан билігіне сөзсіз құлдық ұра бермейді.

Билер кеңесіне сонау Есім хан заманынан беріліп, Тәуке хан дәуірінде күшейтіле түскен өкілеттілік тап қазір кері әсер етіп тұр. Әбілқайыр хан 10 қазандағы мәжілісте осы жәйтті күйіне айтты: оның бүгінде хан деген аты ғана бар, құзырындағы бодандарына бейбіт күнде сөзі өтпейді. Алайда, ол елдің тұтастығын арттырғысы келеді. Мемлекеті күшті, орнықты болса екен дейді. Солай жасау үшін нақты билікке қол жеткізуді армандайды. Ал ондай жағдай Ресей сынды қуатты монархияны арқа тұтқанда ғана мүмкін болмақ. Ресейдің протектораты ретінде біртұтас, билік жүйесі бір орталықтандырылған қуатты мемлекет құру қажет. Мұндай жағдайға, әне, өздері талай шайқасқан Қалмақ хандығы жетіп отыр...

–Дегенмен, Әбілқайырға қарсы топтардың өзі мұны мойындады ғой...

–Әбілқайыр ханның тап осылай ағынан ақтарылуын баршасы мұқият тыңдады. Солтүстіктегі күшті көршіні сюзерен ретінде танудың тап сол шақтағы ахуалда шын мәніндегі мемлекеттік мүдде тұрғысынан жасалуға қажет шара екенін оған ең қарсы топтың өзі де түсініп, мойындады. Тек,  іштей ғана. Бірақ ханның ондай шешімімен келісе алмады. Себебі, Әбілқайыр ханның жүзеге асыруға бекем бекінген мақсаты қазақ еліндегі дәстүрлі әлеуметтік-саяси жүйеге үлкен өзгеріс енгізетінін қай-қайсысы да сезді.

Турасын айтқанда, оның орталық өкіметті қатты күшейтуге апаратын шара екенін ұқты. Бұл шараның қазақ елі аумағында Қасым хан заманынан бері болмаған билік жүйесін жаңаша жаңғыртатынын пайымдады. Ел ішінде аға ханның бір өзі басқаратын күшті тәрітп орнатуға апаратынын түсінді. Соны түсінгендіктен де, тиісінше қорықты. Өйткені, аға ханға бүкіл елді бір өзі билейтін әмірші құқын берген жағдайда, қазіргі барша бас адамдар өздерінің қазақ халқын басқару саласындағы бұрынғы артықшылығынан айрылып қалатынын түйсінді. Бір қолға алынған хандық билікке бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелді болып шығатындарын шамалады. Сондықтан да, 10 қазандағы жиналыста елдің бірқатар бас адамдары (би, сұлтан, батыр, старшын) алауыздыққа жол берді. Ханға бір ауыздан қолдау көрсетпеді.

Әбілқайыр ханның Ресейге арқа сүйеу арқылы күшті мемлекет орнатпақ жолындағы алғашқы ашық қадамын Бөкенбай, Есет батырлар мен Құдайназар мырза ашық қолдап, оларды ел ішінде беделі бар тағы жиырма жеті белгілі тұлға жақтады. Мәжіліс үстінде бірден елдік мүддеге басымдық бере алмаушылық пен пендешілік ұсақ мүдде бой көрсетіп, басқарушы элита арасындағы тар өрісті кембағал қайшылық көзге ұрды. Дегенмен, Әбілқайыр хан бұл алауыздықты жеңуден үміттенді. Алайда, оның жеңілмек түгіл, үдей түсуіне хан сенім артқан сюзереннің өзі мүдделі еді.  Ол Әбілқайыр ханның біртұтас хандық құру жоспарын қайткенде орындатпау жағын көздейтін...

Хан арманы бытырап жатқан жұртын біріктіру болатын

–Орынбор генералы Неплюев Әбілқайыр ханды түсінбеуіне оның сыртынан орыс патшасы туы астына жеке сұранулар сеп болған-ау...

–Иә, Орынбор экспедициясының бас командирі лауазымына 1742 жылы тағайындалған. Кейінірек «Орынбор өлкесінің Ұлы Петрі» атанған генерал Иван Неплюев аз уақыттың ішінде  Әбілқайыр ханның орыс қамқорлығына арқа сүйеудегі түпкі мақсатын айқын түсінді. Ол өзінің бытырап жатқан көшпенді жұртын біріктіріп, бір күшті хандық құрып алмақшы. Бірақ бұл жүзеге асуға тиіс емес, біріншіден, оған орыс империясы мүдделі бола алмайды, екіншіден, қазақты мұндай тұтастыққа жеткізбеуге қазақ элитасының мемлекеттік мүдде хақындағы саяси ойының төмендігі, ортақ мақсатты ойлауға жоқ өзара алауыздығы көмектесіп тұр.

Күні кеше Неплюев жоңғар елшілеріне орыс билігі сыртынан қазақ билеушілерімен сепараттық келіссөз жүргізуге болмайтынын айтты. Ал, қазақ бірлігін ыдыратуға апаратын сепараттық келіссөз Әбілқайыр ханның сыртынан орыс өкіметі тарапынан әлдеқашан жүріп жатқан. Әбілқайыр өзін қазақтың бас ханы, аға ханы сезініп, орыс қамқорлығына өзімен бірге күллі қазақ халқын әкелдім деп ойлады, алайда қазақ элитасы өкілдері оны місе тұтпай, орыс туы астына Әбілқайыр ханның сыртынан жеке-жеке сұранумен келеді.

Ресей протекциясын мойындаған өз бас ханы айналасына топтасып, хандықты күшейтуге атсалысудың орнына, протектор қамытын жеке-жеке киіп, іс жүзінде ықтимал тұтастықты ыдыратуға үлес қосып келеді. Бұл ретте өз араларындағы басты ханмен бәсекелесіп жүрген қазақ билеушілерінің оның сыртынан сондай әрекетті жүзеге асыруға өте бейім тұрғаны тез байқалды.  Ресейге арқа сүйеу қажеттігін, мұның тарихи мұқтаждық екенін ұққан Әбілқайырды қолдау, ел бірлігін сақтау үшін оның маңында топтасу, үлкен мемлекеттің қамқорлығымен біртұтас күшті хандық құрып алу мәселесін ойлауға олардың саяси өресі жетпеді. Жеке бастарының шамшылдығы ондай мүмкіндікке ой жүгірткізбеді.

Мәселен, Орта жүз ханы Сәмеке өз бетінше, Әбілқайырдың сыртынан өтініш білдіріп, Ресейге бодандықты қабыл алды. Ұлы жүз ханы Жолбарыс жоңғар ханы Галдан Церенге вассалдық тәуелділікте, алым-салық төлеп жүрген. Тәуелділіктен құтылуға аға хан Әбілқайырға арқа сүйеудің орнына, оның сыртынан екі мәрте орыс бодандығын алу әрекетін жасады. 1733 жылғы Төле би бастаған топтың хатынан кейін, 1738 жылы Жолбарыс ханның өзі Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, патшайымға хат жазды.

Сәмекеден соң Орта жүз ханы болған Әбілмәмбет пен оның қамқорлығындағы беделді әскери қолбасшысы Абылай сұлтан сол 1740 жылы қазақ хандығының тұтастығына өз ішінде аға хан Әбілқайырдың айналасына топтасу арқылы қол жеткізу қажеттігін ойламастан, тікелей Ресей бодандығын қабылдады. Содан бірер жылдан кейін Әбілқайыр ханның өтінішімен  генерал Неплюев жоңғар тұтқынынан құтқарған Абылай сұлтан 1745 жылы  Тобыл губернаторына  Үйсін руының 300 үйін Ресей боданы болуға алып келді.

–Орта жүз сұлтаны Барақ жайында білгіміз келеді?

–Осындай сепараттық бодандық сұрау науқанында Неплюев айрықша көңіл аударған  тұлға – Орта жүз сұлтаны Барақ. Ол Неплюевтің ойынан шығып, 1742 жылғы қарашада  императрица Елизаветаға хат жолдады, Ресей қоластына «өз ордасымен, атап айтқанда, қырық мың түтіні бар найман руымен бодандыққа келгенін» жазды. Бір сәт қазақ еліндегі аға хандық мәртебені («үлкен бауырымыз Әбілқайыр ханның адал бодандықта тұрғанына разымыз») ресми мойындады. Сөйте тұра, орыс саясаткерлерінің қазақтың сепараттыққа бейім беделді тұлғаларын жеке-жеке бодандыққа алу астарында не жатқанын пайымдамастан («бізге де бодандыққа келуге әмір етілген ерекше грамота алғандықтан»), тікелей Ресей бодандығына («біз... адалдыққа ант береміз») өтті. Елшісі арқылы өз тілегін білдірді («...біздің жіберіп отырған Сырымбет ауызша не айтса, соған сенуді сұраймын»).

Барақ сұлтанның осынау елшісі 1743 жылғы 13 наурызда Елизавета патшайымның қабылдауында болды. Орыс кеңсе қызметшілері толтырған құжатта жазылғандай, императрицаға «Орта орданың Барақ сұлтаны елшісі арқылы бодандық алғысын білдіреді. Аяғына жығылып, оны барлық иелігімен императорлық мейірімінің қамқорлығына алуды өтінеді». Тиісінше патшайым бодандыққа «Барақ сұлтанды қабыл алады, оны мейіріне бөлейтінінен үміттендіреді, соның белгісі ретінде қылыш сыйлайды». Бұл оқиғаны Неплюев Әбілқайыр ханның беделін түсіруге ұтымды пайдаланды.

Ол енді Әбілмәмбет пен Барақты әрдайым көтере түсіп, Әбілқайырды төменшіктетіп, кемсіте түсті. Неплюевтің оларға  (аға хан – хан – сұлтан) теңгермешілікпен қарауы, ресми, бейресми жағдайда Барақ сұлтанды досы ретінде атауы, 1745 жылы оның тағы бір елшісін патшайымның зор құрметпен қабылдауына қамқорлық етуі, патшайымның Барақ сұлтанға тағы да арнайы бағалы сыйлық пен грамота жіберуі, оған қосымша, Бараққа губернатордың өзі тұлпар мінгізуі үлкен есеппен жасалған шаралар еді. Бәсекелесі Әбілқайыр ханды қорлайтын мұның бәрі найман әміршісінің жалын күдірейте түсті.

Намысқой Әбілқайыр хан ренішін әлденеше рет құпия кеңесші Неплюевке, патшайым Елизаветаға жазды. Қарулы жорыққа шығып, орыс қалаларын, Орынбор желісіндегі күшейтілген бекіністерге шабуылдады, сауда керуендерінің жолын кесті. Осындай әрекетіне байланысты тарихшы Владимир Витевский белгілі зерттеу еңбегінде  Әбілқайырды «орыс халқының жауы», «Неплюевтің жеке дұшпаны» деп атады.

Басқарушы Сенат Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевті татуластыруға  «бригадир Алексей (Құтлұ-Мұхаммед) Тевкелевті» жіберуге шешім шығарды. 1748 жылғы мамырда дипломатиялық мақсатпен Орынборға Тевкелев келді.  Артынша, маусым айында Әбілқайыр ханның ордасында Кіші және Орта жүздердің ақсүйектері мен шонжарлары (500 адам), «барлық істе еркіне беріліп, Әбілқайыр ханға сену, қалыптасқан жағдайдан шығудың жақсы амал табуын ханнан өтіну» қажет деп бір ауыздан шешті.

Сол айдың соңында хан Тевкелевпен бірге, Ор қамалында Неплюевпен кездесті. Келіссөз барысында Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевтің татуласу рәсімі  өтті. Әбілқайыр орыс тұтқындарын қайтаруға, Ресейге қарсы жауынгерлік жорығын тоқтатуға, орыс көпестерінің қазақтармен, өзге де көрші халықтармен  сауда ісін дамытуына жәрдемдесуге уәде етті.  Өтеуіне, ресейлік тараптан Ресей бодандығы институты туралы өз ұғымын мойындауды табанды түрде талап етті.

Ол Орынбор әкімшілігі оның қазақ қоғамындағы аға хандық мәртебесін нығайтуға, аға хан институтын күшейтіп, қазақтарды өз билігіне бағындыруға көмектесуі тиіс деп санады. Тарихшы Павел Матвиевский «Әбілқайыр ханның ымыраға тек бір ғана жағдайда – қазақтарды оның билігіне біріктіруге Неплюев толығымен келіскен жағдайда ғана келуі ықтимал екенін көрсетті» деп өте дәл анықтап жазған. Қойған мәселесінің патшайым сарайында шешім табуын тосып жүргенінде (қазақтарды ел билігін бір орталыққа, бір қолға шоғырландырып, Әбілқайыр хан арқылы басқарудың дұрыстығын, сол  үшін арнайы пәрмен шығару жайын Тевкелев қолдаған), Неплюевпен татуласу рәсімінен бір ай өткенде, Әбілқайыр хан жолын торыған дұшпанының қанды қанжарына түсті.

–Қысастық соңы хан өлімімен аяқталды ғой...

–Саяз да өресіз, мансапқұмар,  бақталас сұлтандармен, орынборлық губернатормен кескілескен саяси күреске түскен қазақтың ең белгілі, ең әйгілі, ең басты ханын Торғай өзенінің жоғарғы ағысындағы ордасынан елдегі ішкі мәселелерді қарауға шыққан шағында бас дұшпаны Барақ сұлтан көп жігітімен 1748 жылғы 1 тамызда шабуылдап, өлтіріп кетті. Халық үшін, қазақтың белгілі тұлғалары үшін, жауынгер баһадүрдің талай шайқасты бірге өткізген үзеңгілес батырлары үшін бұл орны толмас қаза еді. Ал, Неплюев үшін – өте жағымды жаңалық. Өйткені, Әбілқайыр ханның өлімінен соң орын алуға тиіс биік мәртебелі ауысым құпия кеңесшіге аса қажет саяси-құқықтық құрал беріп тұр еді.

Ресей бодандығын мойындаған қазақ әміршілерін бастарын біріктірмей, іс жүзінде жеке-жеке біржолата бағындырып алуға қолайлы жағдай туған. Қазақ  элитасы арасына өзара бақталастық пен бірін бірі мойындамаушылық уын сәтімен шашып жүрген губернатор Һәм құпия кеңесші Неплюев 1748 жылдың қазанында, Әбілқайыр ханның қазасынан айдан сәл-ақ астам уақыт өткеннен  кейін, орталыққа: «Әбілқайыр сияқты әккі адамдар таққа жіберілмесе, Қазақ хандығы дегеніміз түк те емес», – деп хабарлады. Онысы рас еді, Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін қазақ басқарушы элитасы ішінен орыс империясымен елінің тұтастығы үшін айқасатын ол сияқты тұлға шықпады.

Қазақ елі үстінде Ресей патшалығының нақты мемлекеттік-саяси протекциясын еркін жүзеге асыратын дәуір туды. «Жеке дұшпаны» Әбілқайыр ханнан құтылған құпия кеңесші генерал Неплюев орыс-қазақ қатынасы тарихының шын мәніндегі жаңа кезеңін бастауға жол салды. Осының бәрін әділ де адал таразылап, ажырата білген кімде-кім қазақ тарихындағы Қарақұм, Ордабасы құрылтайларының да, Әбілқайырдың да алар орындарын күмәнсіз мойындаған болар еді.

 

Әңгімелескен Айнабай МӘДИ.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32