13 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрындаAizhan Abdubait қолданбалы өнер және «Зерлеу» алтын тігіс авторлық үйінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Зер-ғұмыр» көрмесі өтеді.
ӨКҚ брифингінде реставратор-дизайнер Айжан Абдубаит және басқа да танымал суретшілер Алматыда алтынмен кестелеудің көне техникасын қалай жандандырып жүргенін айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Айжан Абдубаит жарты ғұмырын осы іске және осы өнерді зерттеуге арнаған жалғыз қолөнерші.
«Егер қолданбалы өнер туралы жалпы айтатын болсақ, ол алуан түрлі, көпсалалы. Мысалы, ағаш өңдеу, темір, зергерлік бұйымдар, тоқыма-кілем тоқу, киіз басу және т.б. Сондай-ақ, кесте тігу өнерінде бірнеше бағыт бар: крест, тоқыма, тігіс және басқалары. Олардың ішінде «Зерлеу» - алтын және күміс жіптермен кесте тігу, хандардың, билер мен сұлтандардың киімдері мен бас киімдерін әшекейлеу. Бұл элитарлық өнер жоғалуға айналды. Бұл біздің халқымыздың мәдениеті қаншалықты бай болғандығының тікелей дәлелі. Сондықтан мен өз өмірімді осы өнерді зерттеуге арнадым»,-деп бөлісті дизайнер-реставратор, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Жігер» фестивалінің лауреаты және алтын тігу өнерінің шебері Айжан Абдубаит.
Реставратордың қолынан шыққан алғашқы жұмыстардың бірі - Жәңгір ханның әйелі Ханша Фатиманың Николай І патшаның таққа отыру рәсімінде киген көйлегі мен камзолы. Сондай-ақ, Айжан Абдубаит Қожа Ахмет Яссауи қабірін жауып тұрған кілемді, Жәңгір ханның әскери киімін қалпына келтіру бойынша жұмыс жасады.
Сонымен қатар, бұл өнердің қашан және қай жерде пайда болғандығы туралы нақты мәліметтер жоқ. Қазақ даласына ол патша заманында келді, дейді график, этнограф және жазушы Ералы Оспанов.
«Бұл өнерді біздің далаға қазақ сұлтандары әкелді және ол тек билеуші таптың, ақсүйектердің өкілдеріне ғана тиесілі болды. Ерлердің мұрақ атты бас киімін тек хандар, сұлтандар мен билер киген, оны алтын және күміс жіптерді қолдана отырып, осы техникада кестелеген. Көптеген жылдардан кейін бұл қолөнер халық арасына сіңісіп кетті, содан кейін «зерлеу» киімдер мен бас киімдерді ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық заттарды да безендіре бастады», - деді Е.Оспанов.
Жұмыс істеген жылдары шебер қолөнерші жүзден астам адамды оқытты. Бүгінде Айжан Абубаиттің жұмыстары жеке коллекцияларда, ал реставрациядан өткен тарихи тұлғалардың костюмдерін еліміздің мұражайларынан көруге болады.