Бірінші Qazaqstan IGF 2023: 18 қазанда интернетті басқару жөніндегі ұлттық форум Алматы қаласының жетекші IT хабында, SmArtPoint-те өтеді. Бұл маңызды оқиға Қазақстанда ашық және қауіпсіз цифрлық кеңістіктің құрылуына ықпал етеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшылығының қолдауымен өткізілетін интернетті басқару жөніндегі жаһандық форумның (The Internet Governance Forum, IGF) бөлігі саналатын IGF ұлттық бастамалары төрт құрлықтағы 85 елде және 17 аймақта ұсынылған. Ұлттық бастама көпжақты диалог құруды ынталандырады және БҰҰ-ның #9 "Өнеркәсіп, инновация және инфрақұрылым" және #17 "Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік" тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.
Qazaqstan IGF - мемлекеттік органдар, жеке сектор, азаматтық қоғам және академиялық ортаның 200-ден астам өкілінің интернет пен киберқауіпсіздікке қатысты көптеген мәселені талқылайтын жыл сайынғы бірегей ұлттық форумы.
Атап айтқанда, шарада мынадай тақырыптар қамтылады:
● Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру тәсілі ретінде интернетті жан-жақты пайдалану;
● Алгоритмдер мен жасанды интеллект дәуіріндегі сөз бостандығы;
● Цифрлық заңнаманы кодификациялау;
● Сандық активтер және блокчейн;
● Телекоммуникация саласының цифрлық трансформациясы;
● Қазақстандағы деректер нарығын дамыту және реттеу;
● Онлайн платформаларды ұлттық реттеу;
Бұдан бөлек, форумда Digital Rights Center Qazaqstan (DRCQ) заң фирмасының сарапшылары құрастырған Қазақстанның онлайн платформаларының "Цифрлық құқықтарды сақтау рейтингісі 2023" нәтижелері көпшілік назарына ұсынылады. Шарада сондай-ақ Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті (ҚР ЦДИАӨМ АҚК) мен Қырғызстан және Румынияның дербес деректерді қорғау мәселелері жөніндегі ұлттық реттеушілер арасында көпжақты меморандум жасалады деген жоспар бар.
Qazaqstan IGF 2023 Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшылығының ресми қолдауымен Eurasian Digital Foundation, DRCQ, ҚР ЦДИАӨМ АҚК, Level 2, "Digital paradigm", Blockchain KZ, Maqsut Narikbayev University бірлесіп өткізіледі.