Қасиетті Рамазанға санаулы күндер қалды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлынан оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар туралы сауалдарға жауап алынды, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
- Түкірігін жұту
Ораза кезінде адам түкірігін де, сілекейін де жұта алады, оразаға кедергісі жоқ.
- Тіс жұлдыру
Егер қажеттілік болса, тісті жұлдыру керек. Бірақ, мүмкіндігінше ауызашарға қалдырғар абзал, өйткені тіс жұлдырғанда немесе емдеткенде көбіне сырттан әртүрлі заттар немесе су жұтып қою қаупі жоғары. Егер жұтынып қойса, бір күндік қазаны өтейді.
- Душқа және бассейнге түсу
Ораза кезінде душқа түсуге болады, бірақ душтың буланып кетуінен сақ болған жөн. Бассейнге баспен сүңгімей шомылуға болады, өйткені су астына сүңгу ұнамсыз іс саналады.
- Массажға бару
Дененің сыртқы жағы болғандықтан, денеге май жағудың оразаға кедергісі жоқ. Массаж жасата беруге болады. Ал массаж жасайтын мамандар өздері қатты әлсіреп, оразада қиналып қалмайтындай, мүмкіндігінше ауыр жұмыс істемегені абзал. Жалпы бұл жұмыстың оразаға келіп кетері жоқ.
- Пластикалық ота
Пластикалық хирургия оразаға тікелей қатысты емес. Егер пластикалық ота кезінде ауырсынуды басатын дәрі ексе, оразаға кедергісі жоқ. Мұндай укол оразаны бұзбайды.
- Кальян шегу және темекі түтінін жұту
Кальянға Рамазан айында ғана емес, жай күндері де тыйым салынады. Ал ораза кезінде тіпті болмайды, өйткені түтінді әдейі жұту – оразаны бұзатындардың қатарында. Темекі тарту немесе шылым шеккен адамның қасында әдейі тұру, сол арқылы түтінді жұту оразаны бұзады. Егер көшеде темекі тартқан адамның жанынан өткенде еріксіз темекі түтінін жұтып қойсаңыз, бұл жағдайда оразаңыз бұзылмайды.
- Қыз бен жігіттің әлеуметтік желіде хат жазысуы
Оразаға тікелей қатысы жоқ. Шариғатта үйлену ниетінде жазып жатыр ма, жоқ па соған қарайды. Егер үйлену ниетінде болмай, күнә істеп жатса, ол ораза айында болсын, басқа күндері болсын күнә болып есептеледі.
- Балағат сөздер айту
Адам оразаның сауабын сақтау үшін жаман сөздерден аулақ болуы керек. Қасиетті айда әдейі боқтау оразаны бұзбаса да, оның сауабын кемітеді деп есептейміз. Байқаусызда боқтау – бұл да жаман әдет.
- Ұятты видео, фильм көру
Ұятсыз фильм көру – жалпы тыйым салынған амал. Күнә саналады, оразада адамның сауабын кемітеді, тіпті сауапсыз қалуы мүмкін. Сондықтан ораза кезінде мұндай әрекеттерден тыйылу керек. Оразаның бір мақсаты – адамды өз-өзін тәрбиелеуге себепкер болатын амал-құлшылық жасау.
- Макияж және маникюр жасату
Оразаға тікелей қатысы жоқ. Себебі мұндай нәрселер дәретке кедергі болса да, оразаға кедергі болмайды.
- Қызмет барысында немесе отбасылық жағдайда ашулану, дауласу, сөзге келу
Бұлар оразаны бұзбайды, бірақ сауапты азайтады.
- Банктен кредит алу
Банктен несие алуға жалпы рұқсат етілмеген, ал оразада сауабын азайтуға себеп болып қалады. Сондықтан Рамазан айында бойымызды күнәдан барынша аулақ ұстап, оразадан кейін де соны жалғастыруға тырысқан жөн.