Осы аптада қаламызда болған маңызды жаңалықтарға шолу.
Алматы – Бейжің
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Ерболат Досаев Бейжің қалалық жоспарлау орталығына - қазіргі заманғы қала құрылысы және қаланы дамыту қағидаттарын көрсететін бірегей мекемеге барды. Шаһар басшысы экология, қала құрылысы мәселелерімен, Бейжіңнің 2016-2035 жылдарға арналған Бас жоспарының қалалық аумақтарды игеруге және оларды бірыңғай агломерацияға интеграциялауға жүйелі көзқарасты көрсететін негізгі аспектілерімен танысты.
«Бейжіңдегі қала құрылысы орталығы жай ғана көрме емес, бұл жаһандық үдерістерге сай қаланың қалай дамитыны туралы жанды көрініс. Біз қаламыздың тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, үздік тәжірибелер мен идеяларды Алматыда қолдануға мүдделіміз», - деп атап өтті Ерболат Досаев.
Аспаны ортақ...
Алматы мен Қытайдың ірі қалалары арасындағы әуе қатынасын кеңейту, сондай-ақ туристік және іскерлік байланыстарды нығайту мәселесі Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Air China Limited әуе компаниясының төрағасы, China National Aviation Holding Company президенті Ма Чонсянь мырзамен кездесу барысында талқыланды.
Қытай – Алматы туризмін дамытудағы негізгі мақсатты нарықтың бірі. 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды, ал биылғы жыл – Қазақстандағы Қытай туризмі жылы. Былтыр Алматыға Қытайдан 95,3 мыңнан астам турист келді, бұл 54%-ға өсім көрсетті. Жасалған келісім аясында туристік ағынның қарқынды дамуы жалғасады деп сенеміз», – деді Ерболат Досаев.
«Сахара сандуғашы»
Қазақ радиосының белгілі дикторы, Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға Сауық Жақанованың 80 жылдық мерейтойына орай «Сахара сандуғашы» кітабының таныстырылымы өтті. Сауық Жақанова өзінің көп жылдық ел мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бұрынғыдан да "Сергек"
Алматыдағы "Сергек" бейнебақылау жүйесі енді көліктердің тұраққа қою ережелерін, оның ішінде екінші қатарға көлік қою сияқты бұзушылықтарды да тіркейтін болады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚбК) 597-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жол қозғалысына кедергі келтіретін көлік қою ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 39 320 теңгені құрайды. Егер айыппұл 7 күн ішінде төленсе, жеңілдік қарастырылып, 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде төленеді. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға және қаладағы көлік қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге шақырады.
«Соттан келеміз...»
Алматы қаласының соттарында дәстүрлі өтетін ашық есік күні басталды. Бұл бастама соттар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жақсартудағы маңызды қадам болды. Жобаға қатысушылар өздерінің сұрақтарына жауаптар мен қажетті ақпараттар алды, сондай-ақ туындаған мәселелерін жедел шеше алды.
Додаға түскен дрондар
Қаламызда Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық робототехника және дрондар чемпионаты өтіп жатыр. Биылғы робототехника чемпионатының тақырыбы су ресурстары мен суасты әлемін зерттеудің жаһандық мәселесіне арналмақ. Командалар АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңде ел намысын қорғау үшін бақ сынайды.
Белбеу кетсе де, бел кетпесін
Шаһардағы Арена спорт кешенінде (Нұркент шағын ауданы, 14Б) Қазақстан Республикасының жасөспірімдер мен жастар арасындағы U17 және U20 санатындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша чемпионат басталды.
Аталған біріншілікке еліміздің 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан ең үздік жас балуандар қатысады. Олар Қазақстан чемпионы атағы үшін және биылғы күнтізбелік жылға жоспарланған халықаралық жарыстарда – Азия және әлем чемпионаттарында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғау мүмкіндігі үшін күреседі.
Мопедің тіркелген бе?
Алматының әкімшілік полициясы мопедті тіркеу науқаны басталғалы бері мыңнан астам мопед қолданушысының бұл процедураны орындағанын хабарлады.
Мопед жүргізушілерінің А1 жүргізуші санаты болуы керек. 5 сәуірден бастап мопедтерді механикалық көліктерге теңестіретін заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Осы күннен бастап мопедтерді полицияда тіркелгеннен кейін және тиісті жүргізуші куәлігі болғаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
«Аңсаған Сәби»
Соңғы төрт жылда «Аңсаған Сәби» бағдарламасы аясында 28 мың ЭКО шарасы жасалып, соның арқасында 10 мыңнан астам бала дүниеге келді. Алматыда бұл бағдарлама 562 әйелді қамтыса, оның 246-сы ана атанды. Алматыда және Қазақстанда ЭКО бағдарламаларының саны тұрақты түрде өсіп келеді, бұған мемлекеттік қолдау және халықты ақпараттандырудың жоғарылауы ықпал етуде.
Алматының ауасы
Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту – жылдар бойы көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе. Алматы мәслихатының депутаты Бейбіт Алсенбетовтің айтуынша, Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін жаңа, тұрақты механизмдер қажет. Ол үшін келесі қадамдар ұсынылады:
Жеке секторды тарту. Мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар құрудың орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (ГЧП) тетіктерін пайдалану керек.
Қоғамның белсенді қатысуы. Сарапшылар, бизнес өкілдері және қала тұрғындары стейкхолдерлер ретінде экологиялық бастамаларға араласуы қажет.
Тұрақты бақылау жүйесін құру. Бір реттік бағдарламалар емес, үздіксіз жұмыс істейтін мониторинг жүйесін енгізу керек.
Айыппұлдан рекорд
Былтыр Алматы қаласында салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 60,1 миллиард теңгеге жетіп, Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Сарапшылардың айтуынша, жол қозғалысы ережелерін бұзу айыппұлдардың негізгі бөлігін құрайды.
Соңғы жылдары айыппұл көлемінің өсуіне бірнеше фактор әсер етті:
Жол қозғалысы ережелерінің жиі бұзылуы – Алматыда көлік саны өте көп, бұл жол ережелерін бұзатын жүргізушілердің де артуына себеп болып отыр.
Құқықбұзушылықтардың автоматты түрде тіркелуі – Жолдағы бейнебақылау камералары мен автоматтандырылған жүйелер арқылы айыппұлдар көптеп жазылады.
Экологиялық талаптардың күшеюі – Алматыда ауаның ластануына қатысты экологиялық айыппұлдар да өсуде.