Құрылтайда қаралған мәселелер туралы
Соңғы 2-3 көлемінде Құрылтай сөзі көне тарихтың көмбесінен шығып, бүгінгі өміріміздің жаңа сөзі секілді айналымға ене бастады. Өткен 2022 жылы алғашқы Ұлттық Құрылтай жаздың алғашқы айының ортасында символды түрде Ұлытауда өткені баршамызға мәлім. Тек осы болған оқиғаның атауы мен өткізілген жерінің киелілігі халқымыздың санасын бір сілкіндіргенін сезіндік. Соның жалғасы ретінде биыл, 2023 жылы тағы да жаздың басында екінші Ұлттық Құрылтай қасиетті, әрі киелі, әрі тарихи қала – Түркістанда өтті. Оның да өзіндік мәні бар.
Түркістан қаласы - Қазақ Елі үшін де, бүкіл Түрік әлемі үшін де рухани орталық болып отырған қала. Сондықтанда бұл қалада негізінен қазақ ұлты үшін басты рухани мәселелердің көтерілгені заңдылық болып саналады. «Әділетті Қазақстан және Адал Азамат» атауымен өткен жиында мемлекет басшысы жеті негізгі мәселені ұсынды. Ол мәселелердің әрқайсысын жеке жеке талдап, олардың маңыздылығын арнайы жиында кең түрде көрсетуге болады. Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы айтқан бірінші міндеттің өзі ауқымды. «Мемлекеттік нышандарды жетілдіру» деп аталатын алғашқы міндетте «Ел Бірлігі», «Сұлтан Бейбарыс» ордені және тағы басқа ірі тарихи тұлғаларды құрметтеуге арналған мемлекеттік марапаттарды енгізуді ұсынды. Тарихи тұлғаларымыз көп – ау, бірақ олар тек бірнеше жүзжылдық тойларда ғана атап өтіледі, ал ерліктері үшін, әдеби, музыкалық шығармашылықтары үшін, рухани еңбектері үшін бұрынғы замандардағы батырларымыздың, ақын-жазушыларымыздың, би-шешендеріміздің, діни көсемдеріміздің атында мемлекеттік марапаттар болса, ол тұлғаларды халқымен мәңгі бірге деуге болады. Тағы бір марапат – «Ел бірлігі». Халқымыздың ұйтқысы бола білген, ел бірлігі мен жер тұтастығы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қанша тұлғаларымыз бар. Соларға арнап «Ел бірлігі» марапатын тағайындаса, нағыз әділеттілік болар еді.
Бірінші міндетті жүзеге асыру – Ұлттық Құрылтайда айтылған екінші міндетті орындаудың алғашқы қадамдары болып саналады. Ұлттық тарихи сана-сезімді жаңғырту – ұлт тарихын жаңа талаптарға сай орындаумен, академиялық жаңа басылымдарды орындаумен, тарихты жаңа өмірге бейімдеп көрсетумен байланысты. Өз кезегінде бұл міндетті орындау үшінші және төртінші міндеттерге алып келеді. Ұрпақ тәрбиесі – ешқашан екінші қатарға түспейтін, мәңгілік міндет деп білу керек. Ұлттың ертеңі жас ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты. Оны жүзеге асырудың бір кілті - Мәдени мұраларымызды дәріптеу арқылы жүргенде ғана тиімді болмақ.
Жалпы қорыта айтқанда, рухани орталық - Түркістан қаласында өткізілген Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысы ұлт үшін рухани маңызды көтерді. Оларды орындағанда ұлтымыздың рухани болмысы қатая түсіп, жаханданудың барлық иірімдері мен дауылдарына төтеп бере алады дейміз.