ffin.kz

Түркиядағы сайлау: Келесі президент кім?

Түркиядағы сайлау: Келесі президент кім? Сурет: Ашық дереккөз

19 мамырда Түркияның Жоғары сайлау комиссиясы президент сайлауының бірінші кезеңіне қатысты соңғы нәтижені жария етті. Онда Режеп Тайып Ердоған 49,52 пайыз, Мухаррем Инже 0,43 пайыз, Кемал Кылычдароғлы 44,88 пайыз және Синан Оган 5,17 пайыз дауыс жинағаны мәлімделді. Нәтижеде ешбір үміткер абсолютті басым көп дауысқа ие бола алмағандықтан, ең көп дауыс жинаған Ердоған мен Кылычдароғлы арасында 28 мамыр күні сайлаудың екінші кезеңі өтетіні белгілі болды. Түрік жұртындағы саяси науқанға қатысты сарапшыларды пікірге тарта отырып, келесі президенттің кім болатыны жөнінде болжам жасап көрдік.


Батыс елдері Кылычдароғлын жақтай ма? 


Кылычдароғлы өзінің тебінді саяси жарнамасына қарамастан, бірінші кезеңде Ердоғаннан 5 пайызға жуық дауыс парқымен ұтылып қалды. Бұның нақты себебі не деген сауалға халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Айнұр Ноғаева: «Пандемия, кейінгі экономикалық қиындықтар, жоғары инфляция, сонымен қоса зілзала салдары халықтың жағдайын төмендетті. Бұл Ердоған билігіне деген сенімді де азайтты. Алайда, халық бұл проблемаларды жаңадан келетін альянс өкілдері емес, Ердоған шеше алады деген сенімде екенін көрсетті», – деп жауап береді. 


Алдын ала жасалған сауалнама нәтижелері Кылычдароғлының жеңетінін көрсеткен еді. Республиканың негізін қалаушы Мүстафа Кемал Ататүрік құрған Ре спубликалық Халық партиясының үміткері әрі оппозициялық альянстағы алты бірдей партияның ортақ кандидаты болған оның саяси беделі де жоғары еді. Оның жеке басының қарапайымдылығы, елді өзгертуге деген өткір ұсыныстары тиісті қолдау тапты. 14 мамырға дейін сайлауға қатысты батыстық ақпарат құралдарындағы мәліметтерде Қылышдароғлына басымдық берілгені байқалады. BBC секілді ірі ақпарат құралдары «Реформатор ма, әлде диктатор ма?» деген тақырыпта Ердоғанның билік дәуіріне түрлі бағалар да берді. Оның Республикалық халық партиясы және өзге оппозициялық партиялардың ортақ өкілі болуы да белгілі жарнамалық ықпалға ие етті. 


Ал Кылычдароғлының транзиттік дәлізге және Ресейге қатысты мәлімдемелері елдегі саяси науқанға жаңа рең берді. Тіпті, оны батысшыл саясаткер етіп көрсетуге негіз болды. Шындап келгенде, Еуропа елдерінің жаңа кандидатқа үміт артуының өзіндік себептері бар. Бірінші кезекте, Ердоғанның 20 жыл билікте болуы және елді парламенттік жүйеден президенттік жүйеге өзгерткені демократиялық әлемге ұнамасы белгілі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің аға оқытушысы, сарапшы Нұрат Ілияс бұны былай талдап көрсетеді: Біріншіден, ол Ататүрік құрған партияның, яғни солшылдардың өкілі. Еуропа елдері өзінің іргесінде ғана тұрған Түркияның діни емес, зайырлы мемлекет болып қала бергенін қалайды. Ердоған тұсында Түркияның діни реңк алуы Батыс елдеріне ұнамады. Екіншіден, Ердоған Сирия, Жерорта теңізіндегі газды игеруде, босқындар мәселесі секілді даулы істерде ЕО-мен кәдімгідей тіресті. Грекиямен де қайшылығы бар дегендей. Бұларға қоса, Ыстамбұлдағы үлкен әуежай арқылы Батыс Еуропа елдерінің әуе жолдарын өзіне бұрып алды. Тағы бір себеп – Украинадағы соғыс. Батыс бұл мәселеде Түркияның түбегейлі өз тарабында тұруын қалайды. Алайда, Ердоған Ресеймен бұрынғы қарым-қатынасын сақтап қалды», – дейді сарапшы. 


Кім жеңуі мүмкін? 


Дау жоқ, ел болашағы мен лидерін түрік халқы өзі таңдайды. Екінші кезеңдегі сайлау науқанына бір аптаға жетпейтін уақыт қалды. Осыдан-ақ Түркиядағы дәл қазіргі саяси температураны қаншалық жоғары екенін елестете беріңіз. Қос тарап та алдынғы кезеңде жеңіліс тапқан өңірлердегі сайлаушылармен жұмыстың тебінін арттырған. Түркия және өзге елдердегі БАҚ-тың көзімен қарайтын болсақ, екі үміткердің командасы да келесі саяси бәйге үшін барын салуда. Тіпті, мүдделі мемлекеттер мен мәдени байланыстары терең түркітілдес елдердегі көзіқарақты жұрт та көз салып тұр. 


Жоғарыда атап өткендей, сарапшылар оппозицияның алғашқы кезеңде жеңіліске ұшырауы, оның келесі кезеңдегі жеңісіне деген күмәнді күшейтті. Бірақ соңғы нәтиже қалай боларын ешкім дәл болжай алмайды, бұл тараптардың екі апта ішіндегі электоратты өзіне тартудағы іс-әрекеттеріне байланысты. Сайлау науқаны жақындаған сайын біз Түркиядағы саяси тартыстың күшейе түсетінін сеземіз. Әйтсе де, сайлау нәтижесіне шешуші әсер ететін бір адам бар. 


Ол – алдыңғы турда 5 пайыздан аса дауыс жинаған Синан Оған. 


Сарапшы Н.Ілиястың пікірінше, оның дауысты қай жаққа беруі келесі президентті анықтайды. Былайша Ердоған мен Кылычдароғлының қайсысы онымен келісімге келе алады, жеңіс көбірек сол жаққа бұрылады. Сарапшының пайымдауынша, Синан Оған Ердоғанға оппозиция немесе қарсылас болып келгенімен, келісімге келудегі тәжірибесін, ұтқырлығын ескерсек, бұл жағында да басымдық Ердоғанда болуы мүмкін. 


Осы қатарда А.Ноғаева ханым да: «14 мамырдағы сайлау бізге түрік халқы Ердоғанның саясатын және бағдарламасын қолдайтынын көрсетті. Әрине, сайлаудың екінші кезеңі маңызды, бірақ көп нәрсені өзгертпейді деп ойлаймын», – деген пікірін жеткізеді. 
Осының бәріне қарамастан, Кылычдароғлы мейлінше өтімді тәсілдерді қолдана отырып, сайлау нәтижесін өз пайдасына шешуі де ғажап емес. Оған жаңа шарт та түзіліп жатыр. Айталық, бір күн бұрын елдің алтын-валюта қоры 17 млрд долларға тағы да қысқарды, лираны тіпті де құнсыздандырып жіберді. Бұл өз кезегінде Ердоғанның қаржылық саясатына деген сынды тіпті де өршітіп, сайлау нәтижесіне де әсер етуі, оппозицияның басымдығына күш қосуы да мүмкін. Егер солай болса, Түркиямен еліміздің және өңірдің қарым-қатынасы қалай болуы мүмкін деген сауал туады. 


Жаңа билік келсе, қазақ-түрік қатынасы мен түркі интеграциясына қалай әсер етеді? 


Бұған қатысты сарапшылар пікірі әртүрлі. Бірі кері әсері бар десе, бірі мүлде әсері болмайды, байланыстар қалыпты сақталып қалады дейді. Десе де, оппозицияның сайлауалды бағдарламасында «Түркі елдер ұйымымен қатынастарды нығайтамыз» деген шолақ сөйлем ғана бар. Керісінше, Кылычдароғлы транзиттік дәліз бойынша түркі әлемімен байланысы жоқ картаны көрсетті, бұның бәрі алаңдауға негіз болатындай еді. Ресейге қатысты мәлімдемесі де көп талқыланды. 


Осы жайында А.Ноғаева былай дейді: «Оппозицияның сайлауалды бағдарламасы мен лидерінің кейбір мәлімдемелері ол билікке келген жағдайда Түркияның көпвекторлы саясатынан айырылып, Батысқа бет бұратынын көрсеткендей болды. Бұл Орталық Азия – Түркия өзара қатынастары үшін ғана емес, Орта Азияның жолдарын бұғаттауға саяды. Елдеріміздің сыртқы нарыққа шығуында Ресей және Түркия бағыттары маңызды. Яғни Кылычдароғлына салсақ, бізге тек шығыс бағыт қана қалатындай. Ал оппозиция альянсынан Әли Бабажан елінде дамып келе жатқан әскери өнеркәсіпті сынға алып, Қазақстанмен келіскен «Анка» дрондарын шығару жобасының іске асырылуына күмән келтіреді». 


Пікірге тартқан тағы бір сарапшы Н.Ілиястың бұл жөнінде пікірі басқаша. Ол сөзінде: «Жаңа билік келсе де, бұл жағында үлкен өзгерістер бола қоймайды. Себебі, Түркия қанша тырысқанымен, ЕО оған есігін ашпасы белгілі. Бұл арада босқындар ағыны және қауіпсіздікке қатысты мәселелер бар. Ал НАТО және АҚШ-пен онсыз да мәмілесі жақсы. Сырттай салқын көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. «Түркі мемлекеттерінің бірлігі» деген енді өте ұзақ мерзімдік жоспар. Оны Түркия жәймендеп Орта Азияға қатысуын арттыруға қолданады, біз үшін де бұл басқа сыртқы күштерге қарсы көрсетуге тиімді болып тұр», – дейді. 


Кезінде Ататүріктің «Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бауырлас түркі елдері дербестігін алады, біз соған дайын болуымыз керек» дегенге саятын пікірі Түркияның өзге түркі елдеріне қаратқан сыртқы саясатының негізін қалыптады. Қазақстан–Түркия қатынастарының тарихынан қарағанда, Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Ахмед Неджат Сезер, Абдуллаһ Гүл және Режеп Тайып Ердоған секілді президенттер тұсында да Ататүрік салған жолдан ауытқи қойған жоқ. Дипломатиялық тарихтың бұл нақты айғағы да Түркия билігіне кім келсе де, екіжақты қатынастардың бағыты өзгеріп кетеді деген алаңдаушылықты жоққа шығаратындай. 


ОРТА АЗИЯ ЖӘНЕ ТҮРКІ ӘЛЕМІ:


Аймақтағы күштер теңгерімінде Түркияның рөлі қандай? 


Түркияны Орта Азияға ықпал етуші сыртқы аймақтық күш ретінде бағалау Қарабақ соғысынан кейін тіпті күшейді. Түркияның саяси жағдайына қатысты біздің қоғам өкілдерінің белсенді көңіл аударуы да соның бір көрінісі. Дегенмен, сала мамандары Түркияның аймақтағы ықпалы мен күштер теңгерімін сақтаудағы рөліне байланысты ортақ пікірде емес. 


Айталық, сарапшы Айнұр Ноғаева ханым: "Қазақстанды қамтыған Орта Азия тұрғысынан күштер теңгерімінің сақталуында Түркияның маңызы өте жоғары. Аймақтық күш ретінде Түркияның Қазақстанның егемендігі мен шекаралардың мызғымастығына кепілдік беруі бекер емес. Геосаяси жағдай қиындаған кезде Түркияның аймаққа қолдау көрсетуі өте маңызды. Себебі, Түркияның қазірге дейін ұстанған көпвекторлы саясаты бізге өте тиімді", – десе, ҚазҰУ Шығыстану факультетінің аға оқытушысы, шығыстанушы Нұрат Ілияс Түркияны аймаққа әсер етуші ойыншы ретінде санамайды: "Аймақтағы үлкен ойыншылар қатарына Ресей, АҚШ, кейіннен Қытай қосылып жатыр. Түркия тек Түркі мемлекеттер ұйымы арқылы ғана байланысты дамытып отыр. Бірақ бұның өзін АҚШ-тың аймақтағы әрекеті есебіне жатқызуға болады. Ал Түркияның Орта Азиядағы күштер теңгерімінде айтарлықтай рөлі бар деп айту қиын. Екіжақты сауда көлемі де салыстырмалы төмен деңгейде. Әскери саладағы ынтымақтастықтар айтылғанымен, бұл да шешуші рөл дей алмаймыз. Ресей аймақта саяси вакуумда басымдыққа ие болса, Қытай экономикалық байланыстарда алға өтуде. Ал Түркиямен тек мәдени, білім алу салаларында байланыспен шектелуде", – дейді. 


Қалай деген күнде де, Түркия - елімізбен және аймақтағы бірқатар елмен терең тарихи, мәдени байланыстарға ие бауырлас жұрт. Олардың алдағы саяси тағдырына қатысты мәселелерге біздің қоғам өкілдерінің назар аударуы да заңды. Бұл ретте Қазақстанның және оның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тікелей саятын аймақтың мүддесі алға шығарылуы маңызды. Алдағы сайлау нәтижесіне қарамастан, еліміз бен түрік жұрты арасындағы сенімді, тату әрі бауырластық байланыстар сақталып қала береді деп сенеміз.


Естай БОЖАН,


сарапшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58