Алматыда ерекше әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға арналған №2 қолдау көрсету орталығы ғимаратының қайта жаңғыртуына дайындық басталды. Жөндеу жұмысы кезеңінде тәрбиеленушілер уақытша №1 арнайы мектеп-интернатына көшірілді. Бұл туралы бұған дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлаған болатын.
Қазіргі таңда орталықта 100 бала тәрбиеленуде, олардың ішінде 13-і мектепке дейінгі жаста, 87-сі мектеп оқушылары.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында орталық ғимараты толық жөндеуден өтетіні хабарланған еді. «Интегра» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік аясында жөндеу жұмыстарын өз есебінен жүргізуге міндеттеме алып, балалар көшкен соң құрылыс-монтаж жұмыстарына дереу кірісуге дайын екенін мәлімдеді.
Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденовтің айтуынша, тәрбиеленушілерді орналастыру мәселесі ерекше бақылауда.
«Қазіргі уақытта жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Оның аясында негізгі ғимаратты қайта жаңарту және ескі шаруашылық құрылыстарын ішінара бұзу қарастырылған. Сондай-ақ жаңа әкімшілік корпус салу жоспарланған», — деді ол.
Сайран Сайфеденов атап өткендей, балаларды уақытша көшіру мәселесі шешілген.
«Балалар уақытша орналасқан №1 арнайы мектеп-интернаты да Білім басқармасының қарамағында. Екі апта бұрын мұнда «Жанұя» мамандандырылған үйінің 90-нан астам тәрбиеленушісі тұрған болатын. Балалардың иелігінде 1100 шаршы метрден астам аумақ бар — бұл 18 бөлме, онда ағымдағы жөндеу жүргізілген. Апта соңына қарай ғимарат толық босатылғаннан кейін мердігер ұйым қайта жаңғырту жұмысына кіріседі», — деп нақтылады ол.
Ерекше әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға арналған №2 қолдау көрсету орталығының директоры Жұлдыз Меңлібекова көшу үдерісі ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті.
«Біздің орталық уақытша қайта жаңғыртуға жабылды. Ол 1962 жылы салынған, сондықтан жөндеу жұмысы қажет еді. Қазір біз Торайғыров көшесіндегі ғимаратқа көштік. Балалар риза: бөлмелер кең, жарық, барлық жағдай жасалған. Бізге осындай жақсы ғимарат ұсынғаны үшін Білім басқармасына және Алматы әкімдігіне алғыс білдіреміз», — деді ол.
«Мұндағы жағдай ұнайды: бөлмелер жақсы, жайлы. Бірақ бәрібір өз үйімізге оралуды күтеміз. Кейбіріміз ол жерде он жылдан бері тұрамыз, мен өзім төрт жылдан бері. Сол себепті жөндеудің аяқталуын асыға күтеміз», — деп бөлісті тәрбиеленушілердің бірі.
Бүгінде Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған сегіз арнайы мектеп-интернат жұмыс істейді, онда 2 668 оқушы білім алады. Оның ішінде 1 794 бала интернатта тұрады, ал 874-і үйде оқиды. Бұдан бөлек, өмірінде қиындық болып жатқан кәмелетке толмағандарға көмек көрсететін төрт ұйым бар. Бұл мекемелерде 446 бала тәрбиеленіп жатыр.
Айта кетейік, биылғы 20 қыркүйекте Алматыда құрылыс компанияларының бірі 6 млрд теңге қаражат есебінен салған жаңа «Жанұя» мамандандырылған кешені ашылды. Бұл жоба әлеуметтік мәселелерді шешудегі мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігінің үлгісі болды.