Заманында Еуразия кеңістігінде түркілердің атой салғаны тарихтан белгілі. Шығысы Сібірден, Батысы Қара теңізге дейінгі алып аумақты мекендеген халық мыңдаған жылға созылған Ұлы дала өркениетін қалыптастырды. Бүгінде осы бай құндылықтың мұрагері – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі десек, қателеспейміз. Биыл Түркі кеңесінің кезекті саммиті өтпек. Іргелі іс-шара карантиндік жағдайға байланысты бейнеконференция режімінде ұйымдастырылады. Осы орайда, түгел түркінің басын қосып, төрге оздырған тұлғаның бірі һәм бірегейі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айта кеткен абзал.
Барыс-келіс осылай басталған
Өткен ғасырда бірқатар түркітілдес халық бодандық қамытын киді. Кейінірек Кеңес өкіметі құлаған соң, Қазақстан бастаған мемлекеттер аңсаған азаттығына қол жеткізді. Әлемнің екінші полюсі саналған держава тарқаған соң саясат сахнасында күрделі кезең басталатыны қисынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемен елдеріміз етек-жеңін жиып үлгермеген қиын кезеңде жас мемлекеттердің ынтымақтастығының қажеттілігін жете аңғара білді. Сондықтан шығар, түркі тектес халықтар арасында да ынтымақтасудың жаңа сатысына жету туралы жиі айтып жүрді.
Қазіргі таңда Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болып отырған ортақ ұйымдардың шығу тарихына көз жіберсек, олардың көпшілігінің құрылуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастамашы болғанын көреміз. Мәселен, Елбасының ұсынысымен түркітілдес мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық байланыстарын дамытумен және түркі мәдениетін халықаралық деңгейде танытумен нәтижелі түрде айналысып келе жатқан Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) 1993 жылы құрылды.
Бүгінде аталған ұйым бауырлас жұрттардың мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғаны «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады: «Қазақстан үшін Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан тәрізді түркі әлемі елдерімен тығыз ынтымақтастықта болу ерекше маңызға ие. Тығыз қарым-қатынаста болуымызға тілдік және конфессиялық туыстық, тарихи-мәдени мұраның ұқсастығы негіз болды. Сондықтан 1993 жылы түркітілдес мемлекеттер ТҮРКСОЙ түркі мәдениетінің халықаралық ұйымын құрған болатын. ТҮРКСОЙ аясында мәдени ынтымақтастық белсенді дамыды. Қазақ жазушыларының шығармалары түрік тіліне аударылды, мәдениет күндері өткізілді. ТҮРКСОЙ түркі әлемі үшін өзіндік ЮНЕСКО іспетті болды».
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтуға Елбасы бастамасымен ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де елеулі үлес қосып отыр. Бүгінде іргелі оқу орны барлық түркі халықтарының жастары жиналатын білім ордасына айналды. Ал түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің рухы жай тапқан, Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы тамырлас жұрттардың рухани ынтымақтастығының темірқазығы саналады.
Түркі интеграциясы бағытында алғашқы қадамдарды жасауда Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың да көрнекті рөл атқарғанын атап өткен жөн. Жалпы, Түркітілдес мемлекеттердің басшылары 1991 жылдан бастап жиі-жиі кездесіп жүретін. Сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың Орталық Азиядағы түркі елдеріне жасаған әйгілі сапарынан кейін өзара алыс-беріс, барыс-келіс айрықша қарқын алды. Кейінірек Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркітілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті.
Осылайша, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу дәстүрге айналды. Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы Алматыда өткен кезекті алқалы басқосуда кездесулердің нақты нәтиже беруі үшін тұрақты Хатшылық құруды ұсынды. Алайда құбылмалы жаһанда бұл бастаманы бірден жүзеге асырудың сәті түспеді. Әйтсе де, Елбасы ұсынысы Түркі кеңесінің бастауында тұрды.
Әзірбайжан астанасында 2005 жылдың мамырында «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбырының іске қосылуына байланысты өткен жоғары деңгейдегі кездесу түркітілдес мемлекеттер арасындағы қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті.
Бес жыл үзілістен кейін түркітілдес мемлекеттердің VIII саммиті өтіп, оған Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия басшылары қатысты. Түркі кеңесін құру туралы бастаманы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Анталияда өткен түркітілдес мемлекеттер басшылары саммитінде тағы да қайталап айтты. Сондай-ақ кездесудегі басты оқиға – Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы бастама болды. Кешікпей ол да жүзеге асты. Жаңа құрылымның алғашқы жиналысы 2009 жылдың қыркүйегінде – Бакуде, екіншісі 2011 жылдың сәуірінде Астанада өтті.
Түгел түркі төрге озған сәт
Түркі ынтымақтастығының дамуында Нахчыван саммитінің маңызы жоғары. Түркітілдес мемлекеттер басшылары 2009 жылдың қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында кездесті. Түркі кеңесін құру тұралы ұсынысты осы құрылтайда жүзеге асырудың сәті түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті іргелі жиында өңірлік бірлестік ретінде – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін және Түркі академиясын құруды ұсынды. Осылайша, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі құрылды. Нәтижесінде, түркі интеграциясы жаңа белеске көтерілді.
Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл саммиттен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, бүкіл түркі әлемі туысқан түркі халықтарының бірлігі, ортақ тарихымызды зерттеу, мәдени байланыстарды дамыту ісіндегі Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалайтынын айтты.
Тұңғыш Президент өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайту жолындағы жемісті еңбекті тебіреніспен еске алады. «2010 жылдың мамыр айында Астанада Еуразиялық ғылыми форум өтті. Форум барысында Түркия президенті А.Гүл екеуіміз Түркі академиясын аштық. 2011 жылдың қазанында Алматыда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) I саммиті өтіп, оған мен төрағалық еттім. Саммитте сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі талқыланды. Түркі кеңесі саммиті жыл сайын өткізіліп тұратын болды. Түркітілдес мемлекеттердің жемісті ынтымақтастығы – Қазақстан Республикасы дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан кең және жан-жақты еуразиялық өзара ықпалдастықтың маңызды да қажетті факторы екеніне сенімім зор», дейді Елбасы.
«Тәуелсіздік дәуірінде» сөз болған, түгел түркінің арасында TWESCO атанып кеткен Халықаралық Түркі академиясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсынысты Елбасы 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде көтергенін жоғарыда айттық.
Бұл оқиғаны белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков былай еске алады: «2009 жылы Әзірбайжанда Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті өтті. Сол жиынға Елбасымызға еріп мен де бардым. Іс-шара барысында Нұрсұлтан Әбішұлы екі мәселе көтерді. Бірі – білім саласындағы интеграцияны жетілдіретін орталық, екіншісі – Түркі әлемі ақсақалдар кеңесін құру. Саммитке қатысушылар екі ұсынысты да қолдады».
Нахчывандағы келісім түркітілдес халықтардың тарихында ерекше маңызға ие кездесуге айналды десек, қателеспейміз. Мәселен, сол келісімге сәйкес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Кейінірек, 2010 жылғы 25 мамырда құжатта айтылған мәселелерді жүзеге асыру аясында елордада Түркі академиясы ашылды.
Бірегей ғылыми-зерттеу орталығының тұсаукесеріне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты.
«Бұл – түркітектес елдердің мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосатын, тарихи маңызы бар оқиға», деген еді Елбасы Түркі академиясының ашылу салтанатында.
Түркі академиясы көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналуды мақсат тұтты.
Тарих шаңына көмілген ортақ мұраларымызды аршып, жас ұрпақтың санасына біздің өзара бауыр екенімізді сіңіру бағытында бұл ұйымның атқарып жатқан қызметі зор. Тек қана «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Ортақ түркі географиясы» жобаларын қарастырғанның өзінде, интеграциялық процестерге айрықша үлес қосылғанын байқаймыз. Бұл жобалар жас ұрпақтың санасына бауырлас халықтар туралы мәліметтерді сіңіріп, олардың кейін бір-біріне тілеулес болып өсуін қамтамасыз етеді. Яғни мәдени-гуманитарлық жобалар алдағы жылдардағы түркі интеграциясының іргетасын қалап жатыр.
Ынтымақтастық нығая түсті
Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен достық, тату көршілік, сенімді қарым-қатынасты жүйелі түрде дамытуға және нығайтуға күш салып келеді. Соның бір айғағы – «Жаңа синергия» экономикалық бағдарламасы. 2012 жылғы мамырда елордаға Түркияның сол кездегі Премьер-Министрі Режеп Тайип Ердоған ресми сапармен келді. Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық кеңесі құрылды. Жоғарыда аталған бағдарламаға да сол кезде қол қойылған-ды.
Бұдан бөлек, Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолын Түркия темір жол желісімен түйістіру, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолының жанынан Қазақстан – Түркия индустриялық аймағын құру перспективасы талқыланды. Айтпақшы, осындай сапарлардың бірінде Ердоған мырза «Біз Қазақстанға келгенде өзімізді ата-бабамыздың отанында жүргендей сезінеміз», деп жылы лебізін білдіргені есімізде.
2014 жылы Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің IV саммиті өтті. Мұнда Қазақстан Түркі кеңесін нығайту және көлік коммуникациясын дамыту мәселелерін көтерді. Осы жиында Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ туралы баяндап, ЕАЭО-мен ынтымақтастықтың болашағы жайында және Түркі кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақтың арасында қандай да бір қарама-қайшылықтың болмайтынын атап өтті.
2015 жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында ақпараттық саладағы өзара іс-қимылға арналған және Қазақстанның төрағалық етуіне жол ашқан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің V саммиті өтті.
Жиын барысында Елбасы болашақта Түркі кеңесінің БҰҰ және ИЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болуы қатысушылардың мүддесіне сәйкес келетініне тоқталды. Сонымен қатар Түркі кеңесі елдерінің Қытай, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ бен Орталық Азияның экономикалық және коммуникативтік желілерін байланыстыратын континентальды көпір болуға толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Тәуелсіз түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық интеграцияның мақсатқа сай жалғасын табуы Еуразияның геосаяси орталығында жаңа экономикалық күштің пайда болуына негіз болады. Қазіргі таңда тәуелсіз түркі мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімі шамамен 1,5 триллион долларға тең. Бұл көрсеткіштің қарқынды түрде артуы алдағы онжылдықта Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің өңірдің басты экономикалық күштерімен бәсекелесе алуына жағдай туғызады. Сонымен қатар басқа негізгі күштерді бір-біріне байланыстыратын Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік тасымалдау дәліздерінің түркі аумағынан өтуі – жан-жақты дамуға серпін беретін тағы бір маңызды фактор. Түркі мемлекеттері арасында интеграция үдерісін арттыру осы экономикалық күшті одан әрі күшейте түсуге, қалыптасқан геосаяси жағдайды оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді.
Құрметті төраға
Елбасының түркі әлеміне қатысты қызметі мен қолдауы тек ынтымақтастық ұйымдарымен, тиісті құрылымдармен шектелмейді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Түркия мен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынас тығырыққа тірелгені де есімізде. 2016 жылы осы шиеленісті тарқатуға Нұрсұлтан Назарбаев зор үлес қосты. Сол сияқты, Нұр-Сұлтан қаласында Сириядағы ахуалға қатысты Түркия, Ресей және Иран арасындағы, сондай-ақ басқа да бірқатар мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен «Астана форматы» аясындағы келіссөздер өткізіліп келеді.
Осындай алып интеграцияны жүзеге асыруға мол қажыр-қайраттың қажеті түсінікті. Сондықтан болар, бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев барша түркі әлемінің мойындалған рухани жетекшісі саналады. Оны «түркі интеграциясының архитекторы» деп атайды. Мәселен, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының айтуынша, Анадолыда Елбасыны Түркі әлемінің ең ықпалды саясаткері, мемлекеттік тұлғасы деп есептейді. Түркі әлемі халықтарын жақындатудағы Қазақ елі басшысының рөлі ерекше деп бағалайды. Оны сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсеткен ірі саяси қайраткер деп біледі. Түркияның саяси истеблишменті, зиялы қауымы, жалпы қарапайым халқы арасында Елбасының беделі өте жоғары. Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі әлемінің көшбасшысы, Түркі әлемінің ақсақалы ретінде қабылдайды. Былайша айтқанда, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Елбасыға құрметі ерекше. Халықаралық Түркі академиясының «Түрік барометр» деп аталатын әлеуметтік жобасы (2017 және 2018 жылдар) осыны растады. Назарбаевтың есімі Ататүрікпен қатар, түркі елдеріне кеңінен танымал тұлғалардың көшін бастап тұр. Сауалдамада Елбасы – түркі әлеміне ортақ лидер, Қазақстан – түркі халықтарының қарашаңырағы, түпкі ортақ отаны ретінде қабылданғанын айқын аңғарамыз.
Түркі әлемінің интеграциясына қосқан үлесі үшін 2019 жылы Баку қаласында өткен Түркі кеңесінің VII Саммитінде Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді. Бұл бастаманы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған көтергені есімізде. Ұсынысты түркі елдерінің басшылары бірауыздан қолдады.
Қорыта айтқанда, интеграция айтуға ғана оңай. Бұл сөздің астарында талай жыл жүргізілген келіссөздердің нәтижесі, төккен маңдай тердің жатқаны байқала бермейді. Бұл, біріншіден. Екіншіден, сырт көз бауырлас халықтардың біріге түскенін аңғармай отырған жоқ. Өйткені Байкалдан Балқанға дейінгі аумақты алып жатқан 300 миллионға жуық түркі ұрпағы тізе қосса, әлемдік саясат сахнасында қуатты ойыншы пайда болатынын бәрі де түсінеді. Ендеше, түгел түркінің түтіні бірге ұшқанына бөтендер мүдделі емес. Мұндай жағдайда Елбасы ұстанған саясат арқылы интеграцияны тереңдетудің маңызы жоғары. Сонда ғана келешекте түркі халықтарының ынтымағы әбден бекіп, қуатты ұжымға айналады.