Жыр туған дәуірдің сырына терең бойлата түсетін және бір кілт – лиро-эпостағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып. «Қыз Жібек» – жалаң ғашықтық жыр емес, батырлық ертегі мен қаһармандық эпос араласқан жыр болғандықтан, онда ертегіге тән сарынның ежелгі түрлері де молырақ болып келеді. Сондай-ақ эпосқа лайық бергі дәуірдің тарихи танымы да араласып отырады.
Ертегі кейіпкерінің мұраты – үйлену. Бас-басына қадап айтсақ, жырдың барлық нұсқаларын қоса алып қарағанда, оларда ескі салт-дәстүр, наным-сенім, әдет-ғұрыптың мынадай түрлері кездеседі: көп әйел алушылық, қалыңмал беру, ризалық бата, теріс бата, әмеңгерлік, бата аяқ беру, жеңгелік ету, жолдық беру, жеңгелік сұрау, жездемен ойнау, шілдехана, беташар, некеқияр, киіт беру, той малын беру, «тойболды» кәдесін беру, ұрын бару, қалыңдық ойнау, жылын беру, тай шешіп, тең ақтару, жүгіне ши қағу, жасауын беру, тойбастар, ерулік, ас беру, екі тоғыз айып төлеу, қыз көру, қыз алып қашу, тойға сауын айту, қымыз жыйдыру, күйеу қосшы болу, сәлем салу, көрімдік сұрау, жол болсын сұрау, сүйінші беру, ата-ененің атын атамау, мал шалу, жан алу, шашақты қара ту алып өлтіру, мойынға шылбыр салу, көрімдік сұрау, қанды кек, сәукеленің бет моншағын үзіп, белбеуге түю, т. б. Тұрмыс-салт өлеңдері мен фольклорлық жанрлардан кездесетіні: жол болсын сұраған өлең, түс жору, арнау (арзу) өлең, қайым айтыс, естірту, жоқтау, қарғау, бата беру өлеңі, мінәжат өлең, той тартыс, шешендік сөз, тойбастар өлең. Бұлардың бірқатары – бата беру, түс жору, арнау (арзу) өлең, қайым айтыс (қыз бен жігіттің айтысы), естірту, жоқтау, қарғау, шешендік сөз (Жібектің Қореннің тегі туралы айтқаны), мінәжат өлең заманында қара сөзбен айтылған хикаяның әр тұсына қысқа-қысқа назым сөз ретінде кіріктіріліп, сюжеттік-композициялық қызмет атқаруы мүмкін екенін ілгергі сөзіміздің бірінде айтқанбыз.
1894 жылғы нұсқада ілкі түпнегізден енген бұрынғының жолы – ежеқабыл деп аталатын ескі ғадеттер де кездеседі. Солардың бірқатарының шариғаттан тыс тұруы жырдың көнелігінің айғағы сияқты. Айталық, Базарбай 3 қатынынан көрген 9 ұлы оба індетінен өлген соң және 6 қатын алады. Бұл қылығының объективтік ақтаушысы «перзентсіздіктен тартқан жапа» деп көрсетіледі. Десе де, патриархалдық санадағы айтушы мұны әдеттегі нәрседей қабылдап, зайыбының санын төртеуден асырмайтын мұсылман дініне шалыстығын ескермейді. Сол сияқты Төлеген 12 жасында-ақ қыз іздейді. Мұнысы да қазақтың ер баланы 13-те отау иесі көретін ескі заңына үйлеседі. Ал исламның қызды балиғаға, ұлды кәмелетке 17–18 жасында толтыратыны жыр үшін есеп емес.
Сондай-ақ жырда Төлеген мырзаның сүйіктісі Жібек сұлудың әкесіне өзі барып құда түсуі – кейінгі қазақ тірлігінде болмаған жағдай. Себебі 1894 жылғы «Қыз Жібек хикаясының» қисындауынша, Базарбай «тірі болса, өздері бір қыз алар, патшаның қызын алса да мал жетеді» деп екі ұлына да қалың бермеген (яғни, жасынан оларға қыз айттырып қоймаған). Төлеген бұған наразы, тіпті осы жөнінде шешесіне «Жиырмаға келгенше маған қалың бермеген, тең құрбымдай көрмеген, құм құйылсын көзіңе, осы екен саған сыбаға!» деп, қатты айтып тастайды. М. Сильченко сияқты авторлар кезінде осы жағдайды «Базарбай өзінің екі бірдей ұлы барлығына масаттанып, оларға қалың бермейді» деп түсіндіруге тырысқан-ды.
Біздің ойымызша, бұл екі себептің де («тірі болса, өздері бір қыз алар» деу немесе «ұлдарына масаттану») тиянақ-таянышы әлсіздеу. Негізгі себеп сол дәуірдегі демографиялық жағдаятқа келіп табан тірейтін сияқты. Ғалымдардың пайымдауынша, ертеректе Оңтүстік Орал атырабын тұрақ қылған халықтардың құрамында әйелдердің басы еркектерден азырақ болыпты да, соңғылары шүйкебасты әйел-қыздары көбірек көрші халықтардан құда түсіп немесе алып қашу арқылы тауып отырған. Қыздарының қатары жетімсіздеу Жағалбайлы жұрты үшін ондай қызы көп ел Шекті болса керек. Неге десеңіз, осы елдің шетіне келіп, алтын тулы шатырын тігіп, қыз көріп, жар таңдап жатқан Төлеген байбатшаға жұрт қыздарын өздері әкеліп көрсетеді. Әлгі қыздардың саны 210 (бір нұсқада екі жүз) дейді жыр дерегі.
Сөйтіп, өз еліндегі аз қыздың ішінен ықтималдылық қағидасына сәйкес талғамына тұшырлық жөнді сұлу шықпағаннан кейін Төлеген қыз іздеп, «жиһан кезіп, қиын алысқа» салады. 1894 жылғы нұсқада әке-шешесі оның алыстан қалыңдық іздеуін салғаннан-ақ құптамайды. «Патша қызын алсаң да, өз еліңде жат, сосын ел ішіндегі тентектер дүние кезіп тентіреген деп тіл тигізіп, басыңды төмендетеді» деп қорқады. Төлеген бұл сөзді тыңдамай, Шекті еліндегі Жібек сұлуға өзі құда түсіп, өзі барып айттырады. Осыған орай Қаршығадан 250 ат сатып алып, қыз әкесі Сырлыбайға бата аяққа беріп, ризалық батасын алады. Алады да, 3 ай бойы қалыңдық ойнап, қайтып оралып келетін болып еліне жүреді. Әйтеуір мына құдалығының жағдаяты кейінгі қазақ салтының бестен төртіне қарсы болып шығады. Бір ғажабы, кейінгі тайпалық жыр – «Шеге нұсқасын» жасаушылар осынау шетін істі тереңдеткен. Мұнда Базекең қыз іздеуге аттанған баласына оң батасын береді, тіпті ұлының қызды алып қашып келуіне де қарсы болмайды. Сол арада «Алып қашса, біреудің ақ батасы болып жүрмесін, басы бос қыз қараңдар» деп салады. Осы нұсқада Төлеген Жібек жағына қалың да бермейді, той малы, кәде-жораға деп 50 қара атайды.
Осы істі өз тұрғысына лайықтап, тігісін жатқызған Мұсабай жырау ғана. Оның нұсқасында Төлеген үйінен бермек болып, Шекті жағынан 550 жылқыны көтермеге қарызға алып барып Жібекті айттырады. Сырлыбай болашақ күйеу баласына көңілі толғандықтан, қызын қалыңмалсыз беретінін жариялайды. Сол күннің кешіне Төлегеннің жағынан 5 жігіт келіп құда түседі. Сырлыбай әлгі 5 жігітке өздері атаған 550 жылқыны киітке бергізеді. Сөйтіп Төлеген 17 күн жатып, қалыңдық ойнайды. Алайда жырдың қай нұсқасында болсын екі жастың некесі қиылмайды. Есесіне Қорен қалмақ Жібекті некесін қиып алмақшы болады (жырдың соңынан қосылуы мүмкін екінші, кейінгі бөлігінде ғана Сансызбай мен Жібектің некесі қиылады). Осылайша мұсылманшылық ғұрыпты мұсылман ноғай-қазақ орындамайды да, «кәпір қалмақ» дін жолына берік екендігін танытады. Қазақ рәсімдерінің бұлайша ескерілмей, аяқасты болып бұзылуы Шапай нұсқаларының бірінде Бекежан батырдың іс-әрекетінің дәлелдемесіне (мотивировкасына) айналған. «Қалыңмалсыз қыз алып, қақ ортамнан жол салып, маған қылдың зорлықты» деп шамданады намысқа шапқан баһадүр.
Сол сияқты жырдағы «бата беру» рәсімінің де анықтай түсетін қырлары аз емес. Әрине, біздің айтып отырғанымыз «теріс бата» жайы. Төлеген шекті еліне алғаш барып, өз жұртына қайта оралғанда Базарбай баласынан «Қандай адаммен құда болдың?» деп сұрайды. Төлеген барлығын баян етеді.
– Шырағым, қайныңа енді қашан барасың? – дейді әкесі.
– Жазғытұрым барамын.
– Шырағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе, бермейсің бе? Ендігі жылы осы уақытқа дейін бармағын, одан кейін өзіңнің қасыңа көп әскер қосып жіберейін, кәне, тілегімді бердің бе? Сонда Төлеген:
– Ата, елден ел артық болмайды екен, ешкімнің қызын көргенім де жоқ, жақтырғаным да жоқ, немді берейін, – деп шығып кетеді. Сол кезде Базарбай жұртына:
– Бұл балам тілімді алмады, тілегімді бермеді, – дейді. – Төлеген қайнына барамын десе, маған көргендерің ұстап алып, байлап әкеліп беріңдер. Егер қошемет етіп біреуің жолдас болсаң, қолымды теріс жайып бата беремін!
Жүсіпбек өз нұсқасында осы оқиғаны шамалы өзгеріспен қайталайды. Атасы «Шырағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе?» дейді. Төлеген байқамай «Берейін» деп қалады. Сонда Базарбай:
– Берсең, қарағым, жолыңда жаным құрбан, ендігі жылы осы уақытқа дейін ол жаққа бармағын. Жыл өткізіп бар, тілегім осы еді. Берсең, уәде қыл, – дейді.
– Әй, ата, сізден қорқып айтып едім. Ешкімнің қызын көргенім жоқ. Ел елден артық болмайды екен, қыз жаратпай келдім. Барма десеңіз, ешқайда бармай-ақ қояйын. Қайным жоқ баратұғын, – деп Төлеген үйден шығып кетеді. Сонда Базарбай көп жұртына арыз қылып айтады.
– Әй, жарандар, менің мынау балам тілегімді бермей кетті. Қайнына баратынын білгенің маған ұстап бер. Ал біреуің қошемет қылып ерсең, мен тұзыма салып, теріс батамды беремін, – деді.
1894 жылғы нұсқа «Қарияның бұл сөзінен қорқып, жұрт ұстап бермекші болды» десе, Жүсіпбекте «Жұрт қарияның бұл сөзінен қорқып, ешкім Төлегенге ермейтұғын һәм көрсе, ұстап бермекші болады» дейді. Бұдан қарттың теріс батаны баласына емес, оны қолдаған басқаларға бермек болып доңайбатқа салғаны көрінеді. Сірә, Базарбай батыр ұлын сыбай-салтаң атты жолаушыдай жалғыз кетеді деп әсте ойламаса керек. Әке ұғымында баласы бұл жолы да алғашқы аттанысындай ырғалып-жырғалып, салтанатпен («көп әскермен») кетуі керек болатын. Әйтпесе барған жерінде қадірі болмайды. Осыдан да жырдың ерте заманда тараған көнелігі көрінеді. Жырды айтушы, оның қалқасында тұрған көптің ұжымдық санасы, асылы, объективті түрде Төлегеннің бата аттап, ақ сүтін сауған ата-анасының өлер шағындағы тілегін бір нашардың жолына құрбан етуін құптамағандай, тіпті айыптағандай қалып танытады.
Кезінде Мұхтар Әуезов «Төлегеннің сүйіспеншілік талабына бөгет болған төрт түрлі қара күш кедергі бар» дей келіп, солардың екіншісі етіп ата-ананың теріс батасын, тағдырдың теріс қарауын атаған-ды. Бірақ жігітке тағдырды теріс қаратып отырған атаның қолын теріс жайып, «көсегең көгермесін» деп бата беруі емес, жыршы мен халықтың көзқарасы. Дұрысы, болып өткен трагедиялық халді соңыра ақыл безбеніне тартып, тәлім-тәрбиелік қорытынды шығарған ұжымдық таразының бәсі. Әлгіндей етіп атаның тілегін бермей кеткен Төлеген қапыда мерт болып, ал әкенің оң батасын алған Сансызбай барша мұратына жетпек. Айналып келгенде, екеуі де тағдырдың жазуы.
Жырдағы түйткілді мәселенің бірі – киелі мәнге ие теріс бата нанымына қатысты байламды Мұхтар Әуезовше жеткізсек, «теріс батаның түбі барып тірелетін ескі салт». Жазушының осы орайдағы «Қыз Жібек» жырындағы негізгі тақырып жүретін түйін ескі салт болып шыққан. Ол қазақ тірлігінде көп заман орын алған әмеңгерлік, жесірлік, феодалдық дәуірдің салтынан туған ғашықтық жыры деп ұғыну керек. Сонда жырдың негізгі бір сарыны ескі салтқа бағынған шартты ғашықтық болып жырланады» деген пікірінде кезінде автор дұрыстап таратып айта алмай кеткен қордалы ой жатыр. Осы тұжырымы объективті түрде «Қыз Жібектегі» ескі салт-ғұрып – теріс бата, әмеңгерлік, жесірлік жырдың шығу төркінін ХVІІ ғасырға апаратын болжамымен бір ізді басады.
Бұл қатарға өз тарапымыздан сол дәуірдегі төртеуден көп әйел алушылықты, теріс бата беруді, бата аяқты, құдалық рәсімінің, некеқиярдың міндетті түрде құнтталмауын, қанды кек, жан алу, кісіні қысас қылып өлтірерде шашақты қара ту алу, сәукеленің бетмоншағын белбеуге түю, мойнына шылбыр орап, өзін құрбандық атау секілді ескі заманның салттары мен ғұрыптарын қосар едік. Жыр дүниеге келген дәуірде бұл сықылды ежеқабылға дейінгі ескі салт мұсылманшылыққа бейіл бере қоймағанын байқаймыз. «Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде бар да, дінде жоқ» осынау заманның қай ғасырларға жататынын тап басып айта қою да қиын, әрине. Бірақ басы ашық бір нәрсе – ХVІІ ғасырдан ары болмаса, бергі уақыт емес. Осынау қисындық талдау арқылы тағы да Жібек – Төлеген уақиғасы айтылған ғасырдың о жақ, бұ жағында орын алған және содан бастап ел жаппай әуезе етіп айта бастаған деуге болады.
«Қыз Жібек» лиро-эпосының ғылыми айналымда жүрген және қолжазба күйінде сақталған өзге де нұсқаларын салыстырып, салғастыра талдау тәжірибесі халық арасында айтылып келе жатқан «әкесі Төлегенге теріс бата берген» деген долбардың негізі әлсіз екенін дәлелдей түседі. Әрине, мұның бәрі мәтінді көрмей, оқымай, оқыса да көңілге тоқымай пікір айтудың салдары болуы мүмкін. Олай болса, қай кезде де ақиқатты тек мәтіннен іздеген жөн.