Алматыда тұңғыш рет Ұлы аламан бәйге өтті
Елімізде бәйгеден ел чемпионаты аяқталды. Жыл сайынғы дәстүрге айналған бәйге түрлерінен ат жарыс биыл екінші рет өткізілді. 7 іріктеу турнирінен өткен жүйріктер финалда жарысып, Алатаудың баурайын тағы да тұлпарлар тұяғы дүбірге бөледі. Әр өңірде өткен бәйгеде жеңіске жеткен жүйріктер арасында финалдық бәйге жарысы өтті. Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – қазақ бәйгесінің тарихында бұрын-соңды болмаған 35 шақырымдық Ұлы аламан бәйгенің болуы.
Әуелі ардагер атбегі Сәбит Жанкөліков батасын беріп, Ұлы дала жорығы марафон-бәйгесінде 3-орын алған Алматы командасын марапаттау рәсімі өтті. Шабандоздар бәйгенің барлық 7 түрінен сынға түсті. Ұшқыр бәйге, құнан бәйге, Қазақстанда туған құнандар арасындағы бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, аламан және Ұлы аламан бәйгеге қатысу үшін әр өңірден 160 сәйгүлік пен шабандоз жиналды. Шабандоздардың ең кішкентайы – 8 жаста болса, ең үлкені – 14 жаста.
Айтулы додадағы жүлде қоры да атбегі еңбегі мен ат теріне тұрарлық болды. Жеңімпаз сәйгүліктерге жеңіс жабуы жабылды. Ат жарыс елімізде туған құнандар арасындағы 1600 метрлік ұшқыр бәйгемен басталды. Бұл бәйгеде «Орасан зор» атты тұлпар бірінші болып келіп, 2 миллион 500 мың теңге сыйақы алды. Одан кейінгі 11 шақырымдық жарыста 30-ға жуық құнан арасынан Арнат Мұратханның «Зымыран» атты жүйрігі бәйге басынан көрінді.
Ат иесі, әрі бапкері Нұржігіт Табылдиевтің айтуынша, Зымыран – құнандар арасындағы фавориттердің бірі.
«Іріктеу турнирінің соңғы бәйгесін де ұтқанбыз. Бұл құнан былтыр Франциядан әкелінген. Екі жылдық құнанды осы чемпионатқа қыстан бастап дайындадық. Жеңістің артында үлкен команда тұр. Бапкері өзім болғанмен, шабандоздың, атбегілердің де еңбегі ерен. Ұлттық ат спорты, қазақ бәйгесі дами берсін!», – дейді атбегі.
Ұшқыр бәйге чемпионы – «Орасан» өзіміздің қолтума. Елімізде туылған таза қанды ағылшын тұқымы. Биылғы маусымның Шымкент қаласындағы бәйгесінде де ешкімге есе бермеген.
«Сол бәйгеде аяғынан сәл жарақат алып, сіңірі зақымданған еді. Одан кейін тағы бір бәйге ұтты. Жарақаты толық жазылмағандықтан, бәйгеге қатыстырмай, аяғын емдедік. Аяғы әлі де толық жазыла қойған жоқ. Дегенмен, бәйгеге жарап тұрғаннан кейін чемпионаттың бәйгесіне қосып көрдік. Егер аяғы сау болса, болашақ фавориттердің бірі болады деп ойлаймын», – дейді ат иесі.
Бәйгенің ерекше түрі, ең қызығы әрі тартыстысы жорға мінген шабандоздардың арасында болды. Шабысы бөлек жорғалар бәйге жолына шыққанда атсүйер көрерменнің қолдауы тіпті ерекше сезілді. 9 шақырымдық межеде шығысқазақстандық Мақсат Мүслімұлы тізгіндеген «Банзай» атты жүйрік 30 тұлпардан бірінші келіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Шығыс Қазақстанның намысын қолдан бермей, жорға жарыста 3 миллион теңге еншіледі.
«Жұлдыз-айдың» жұлдызы жанды
Қазақстанда туған құнандар арасындағы 11 шақырымдық жарыс бәйге аттарының ерекше есімімен есте қалды. Солардың бірі – жеңімпаз жүйрік «Жұлдыз-ай». Бұл тұлпармен шапқан Арнат Мұратхан шабандоз 5 миллион теңге көлемінде ақшалай жүлде иеленді.
«Бәйге аттарының бабы ерекше болады. Мәреге бірінші жету – атқа ғана байланысты емес. Шабандоз бен бапкерге де байланысты болады. Атбегі ас-суын дұрыс қадағалап, шабандоз өзіне үйретуі керек. Жокей мен тұлпар бір-бірін сезінуі керек. Бір ат тақымына жағады, екіншісі тақымына жақпайды. Сондықтан бәйге барысында шабандоздың атпен байланысы өте маңызды. Бапкер атты дұрыс бағытқа қоя білуге тиіс. Одан кейін шабандозға, айналымға байланысты болады. Тіпті, бәйгедегі нөмірі де маңызды рөл атқарады. Жеребе бойынша соңғы болса, ол аттың ұтуы қиынға соғады. Себебі, ол бәйгеде 1-2 секундын старттан-ақ жоғалтып алады. Ол басқа аттарға қарағанда сәл артық айналады», – дейді ат иесі.
Бөлексің, «Тұмар»!
18 шақырымдық топ бәйге – ең тартысты дода болғаны сөзсіз. Үздіктер қатарында көпшілікке танымал «Тұмар» да бар. «Тұмармен» шапқан Алматы облысы Тұрар ауылынан келген Абзал есімді шабандоз.
Абзал ТҰРМЫС, топ бәйге жеңімпазы:
– Бәйге қиын болды. Бапкерім «бірінші атыңды терлетіп ал да, соңғы айналымға қарай алда келе жатқан аттың артына тақап отыра бер» деді. Бастапқы айналымдарда асықпай басын тартып, 3 айналым бойы терлетіп отырдым. Одан кейін бапкерім – Мұрат аға «топқа кіріп ал да, бір жылдамдықты ұстап отыр» деп нұсқау берді. Соңғы айналымға келгенде алдыңғы ат ұзап бара жатты. Ұзатпай, жетіп алдым да, мәреге қарай бұрылғанда тізгінді жібере салдым. Бапкерімнің айтқандары құлаққап арқылы жақсы естіліп отырды. Мәреге 200 метр қалғанда қамшы ұрып, шаба бастадым. Атым топтың алдына шығып, бірінші келдім.
Шын жүйрікке жаңбыр да кедергі болмады
Көптен күткен 35 шақырымдық Ұлы аламан бәйге басталғанда атшабар алаңының атмосферасы ерекше күйге енді. Нағыз бәйге енді басталды. Қазақстандағы ең ауқымды Ұлы аламан бәйгеге қатысқан 54 тұлпар 35 шақырымды оңай еңсерді. \
Сенбінің кеші жаңбырлы болғанын білесіздер. Сол уақытта Алматы ипподромында тұяғымен жер тарпыған сәйгүліктер аламан бәйгесінің ең шешуші жарысы өтіп жатқан еді. Мәреге жеткен шабандоздар ат белін талдырар ұзақ шақырымның, яғни 17 айналымның 9-ын жаңбыр астында шапты. Соңғы айналымға қарай жаңбыр тіпті күшейді. Мәреге дейінгі 100 метрдегі жаңбыр астындағы «Шағала» мен «Айсуаттың» тартысын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ат та, ат үстіндегі де мықтап сыналған тарихи бәйге болды.
Бәйге жолын алғаш болып кескен Алматының «Шағала» атты байталы 9 миллион теңгелік сыйақыға ие болды. «Шағала» бұған дейін 2 автокөлік ұтқан. Ұлы аламан бәйге – «Шағаланың» 3-бәйгесі.
«Шағаланы» тізгіндеген алматылық 13 жастағы Асланбектің жеңіске жеткендегі әсерін білу үшін жанына жақындағанда жылап тұрғанын байқадық. Ең қиын бәйгені ұтқандағы қуаныштан көзден жас шығуы заңдылық, әрине. Бірақ бәйге барысында Асланбек біраз қиындыққа тап болыпты. Ойламаған жерден тұлпары топтан алып қашқан. Соған жылап тұр екен.
Асланбек ӘБДІҚАЛ, Ұлы аламан бәйге жеңімпазы:
– Бұдан бұрын да талай бәйгеге қатысып жүрмін. Бірақ бұл бәйгенің жөні бөлек болды. Атымды бірінші терлетіп алып, ақырындап демалтып, шауып отырдым. Артыма аттар қатарласқаннан кейін өзі де топтан алып қашты. Басын қатты тартпай, тізгінді ақырындап жібердім. 4-5 айналым бойы топтың ортасында шауып келе жаттым. Кенет «Шағала» топтан суырылып шығып, тізгінге көнбей кетті. Соңғы айналымда тағы да сөйтті. Жаңбыр кедергі болған жоқ. Қайта көмегі болды деп ойлаймын. Тұлпарым жаңбырды жақсы көреді. Бұл жеңіске жаңбырдың да әсері тиді.
Барлық бәйгеде шабандоздардың құлағында бапкерімен байланысатын арнайы құлаққап болды. Ол арқылы бапкерінің нұсқаулығы бойынша шабады. Шабандоздар бәйге барысында аттарға ғана қатысты емес, жокейлер жағынан да қиындықтар болғанын жасырмады.
Мәселен, жеңімпаздардың бірін бәйге кезінде бір уақытта 2 жокей қатар келіп, ортаға алып қысып тастаған. Өкпесі қысылса, аттың жылдамдықты азайтатынын жақсы білетін бапкерлері әдейі істетіп тұрған болу керек. Себебі, оның аты – бәйге фавориттерінің бірі. Кім білсін?! Бәйгеде мұндай қастандықтардың болып тұратыны рас қой. Бірақ шын жүйрікке жаңбыр да, кейбіреулердің лас әрекеті де кедергі болған жоқ.
· Тақырыпқа орай
Қанат КӨПБАЕВ, Бәйге федерациясының президенті: Көшпенділер ойынына дайындық
Қазақтың асы мен тойы бәйгесіз өтпеген. Қазір де солай. Федерация басшылығына келгеніме алты ай болды. Осы аралықта бірнеше бәйге өтті. 7 өңірде іріктеу туры өтіп, бүгін сол іріктеуден өткендер арасында финал – Бәйге чемпионаты ұйымдастырылды. Бәйгенің барлық түрін қоса алғанда жалпы 160 ат, 160 шабандоз қатысты. Чемпионаттарда қашықтық өзгермейді. Одан кейін арнайы күнтізбе бар. Бәйге аттарын дайындайтын атбегілер үшін бұл күнтізбенің маңызы зор. Қай айда қай жерде бәйге өтетінін күні бұрын білуі керек. Қазақы бәйгелер тоғыз ай бойы республиканың жер-жерінде өтеді. Жыл сайын наурыздың аяғында басталады да, желтоқсан айына дейін бәйге ұйымдастырылады.
Бәйгенің іріктеу турнирлерінде атқа да, шабандозға да қатаң талаптар қойылды. Шабандозда сақтандыру құжаты болуы керек. Шабандоздар 8–14 жас аралығындағы балалар. Олар ата-анасының рұқсатымен ғана қатыса алады. Ал аттар міндетті түрде Қазақстанда туылуы керек және қазақстандық құжаты болуға тиіс. Біздің бәйгелерге шабатын аттардың 95 пайызы – таза ағылшын тұқымды аттар.
Елімізде бәйге дамып келе жатыр. Келер жылы бұдан да жоғары деңгейге көтеріледі. Мақсатымыз – дүниежүзілік деңгейге көтеру.
Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – бұрын болмаған Ұлы аламан бәйге болды. Биыл бірінші рет ұйымдастырылды. Ат жарысының бұл түріне ең көп ат қатысады. Республиканың түкпір-түкпірінен 55 аттың иесі қатысуға ниет білдірді. Финалда 54 ат жарысты. Бұған дейін чемпионаттар арасында Ұлы аламан бәйге ұйымдастырылып, мұндай қомақты сыйақы берілмеген. Бәйге түрлерінен ең ұзақ шақырым – 25 километр болатын аламан бәйге болса, Ұлы аламан бәйге 35 километрлік ең ұзақ қашықтықтағы бәйге болмақ. Әрине, 25 шақырым да қысқа қашықтық емес. Біріншісіне тек кәсіби аттар ғана қатысса, 35 километрлікке кез келген бәйге атының қатысуына мүмкіндік бердік. Ең көп қатысушы Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарынан қатысты. Халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар. Келесі жылы күзде Көшпенділер ойыны Қазақстанда өтетінін білесіздер. Ең алдымен, соған дайындықты бастадық. Бүгінгі бәйгелерден алғашқы бестікке енген тұлпарлар Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындықты бастайды.
Тастанбек ЕСЕНТАЕВ, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:
Допинг бақылау өте маңызды
Ұлттық спорт қауымдастығында 9 федерация бар. Солардың бірі – Бәйге федерациясы биыл 7 іріктеу жарысын өткізді. Мықтының мықтысы анықталып, Қазақстанның чемпиондарын анықтайтын ең маңызды бәйге болып есептеледі. Ұлттық спортқа да, соның ішінде бәйгеге де қан жүгірді деп айтуға болады. Біздің бәйгенің деңгейі әлемдік деңгейге жете қойған жоқ. Дегенмен, біздің мақсат – Қазақстан чемпионатын жоғары деңгейде өткізіп, келесі жылы өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына жақсы дайындықпен қатысу. Ең жүйрік аттар бүгін анықталды. Келесі жылы бәйгенің 7 түрінен көшпенділер ойыны болады. Сол 7 түрінің әрқайсысынан 3 аттан анықтауымыз керек. Бүгінгі чемпионаттың мақсаты да сол болды. Бәйге аттарының бәрі жүйрік болғандықтан, бәсеке мықты болды. Чемпионаттың өзінің ережесі бар.
Допинг бақылау – қазақ бәйгесі үшін өте ауыр тақырып. Аттың ДНҚ-сын анықтау үшін Батыс Қазақстан облысындағы университетте үлкен зертхана ашылды. Допингті анықтайтын зертханалар бар. Бірақ оның ішінде әлемдік, халықаралық сертификат болу керек. Ол бізде әлі жоқ. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.