ffin.kz

Bт жүгіртіп, құс салатын кез келді

Bт жүгіртіп, құс салатын кез келді almaty-akshamy.kz

·        Сұхбат

 

Көшпелі қазақ дәстүріндегі бекзат өнер – құсбегілік қазір жанданып келеді.  Халқымыз төрт мезгілдің бәрінде аңға шыға бермеген. Күз келіп, күн суытып, аңның жүні әбден қалыңдаған кезін күткен. Аспан серісіне балайтын қыран құсты баулып, бабы келген сәтінде ғана аңға салған. Сол қансонардың мезгілі туып, саятшылықтың қызығы басталды.  Қазір жер-жерде аңшылық пен құсбегілікті кәсіп еткендер қансонарға шығып,  саят жасайды. Республикалық, халықаралық құсбегілер жарыстары күз бен қыс айларында ұйымдастырылады. Қансонардың мезгілінде текті өнердің жанашыры, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат МҮПТЕКЕҚЫЗЫМЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.   

 

Қазақтың бренді

        «Қыран» федерациясының қазіргі жағдайы қалай? Биылғы атқарылған істер туралы айтып берсеңіз. Еліміздегі ақсүйек өнердің даму барысын сөз етсек...  

        Федерация құрылып, бабалар өнерін насихаттап келе жатқанына 20 жылға жуықтады. 2005 жылы «Қыран» федерациясы құрылып, содан бері біраз жұмыс атқарды. Федерация ашқандағы мақсатымыз – құсбегіліктің тарихын зерттеп, жастарға үйрету және әлемге таныту. Осы 20 жылдың ішінде біраз ғылыми жоба жазылды. Қазақтың құсбегілік өнерінің арғы-бергі тарихын түгел қамтыған кітап-альбом жарық көрді. Алдына айқын мақсаттар қойып, соны орындау жолында нақты істер атқарып келеді. Аңшылық өнер әлі де даму үстінде. 80-ші жылдары елде небәрі он шақты құсбегі болатын. Бүгінде олардың саны 200-ге таяп қалды.  Бұрындары кенже қалған батыс өңірде – Атырау мен Маңғыстауда, Ақтөбеде жақсы қарқынмен дамып келеді. Дегенмен, құсбегіліктің негізгі мектебі Алматы облысында қалыптасқаны даусыз. Қазақстанда ешбір жерде болмаған сонау кеңестік кезеңнің өзінде бір ғана Сөгеті ауылының  өзінде 20-ға жуық бүркітші болды. Еліміздің әр өңірінен оларды іздеп келіп, үйреніп кететін. Мен осыны жазып жүріп, ұлттық спорт түрі ретінде Ережесін бекіткеннен кейін барлық облыста жандана бастады. Федерация әуелгі мақсатынан таңған жоқ. Қазақтың құсбегілік қабілетін әлі де жандандырып, жоғалтып алмау жолында жұмыс істеп жатырмыз.

«Қыран» былтырға дейін саятшылық пен құсбегілікті насихаттайтын жалғыз федерация болатын. Былтыр белгілі қаламгер бауырымыз Берік Уәлидің бастамасымен Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты «Құсбегілік» федерациясы құрылды.  Ал «Қыран» федерациясы қазір соның құрамында өзінің қызметін жаңаша жандандырып жатыр деп айтуға болады. Бір жетідей болып қалды, Астанада бас қосып жатырмыз.  Биыл атқарылған істерді саралап, келесі жылғы жоспар белгіленеді.

Осы жылы «Құсбегілік» федерациясының ұйымдастыруымен құсбегілер арасында он шақты турнир өтті. Солардың ішінде ерекше атап өтерлігі, Алматы облысында өткен құсбегілік мектептің негізін салушы, әйгілі құсбегі Сәрсенбек Дәулетбақовты еске алуға арналған турнир. «Ескірмейтін есімдер» жобасы аясында ұмыт қалған атақты құсбегілерімізді жастарға үлгі ету мақсатында жарыстар ұйымдастырылды. Өткенде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында «Сонар» құсбегілер жарысының 25 жылдығы аясында өткен  турнир мен Алматыдағы «Қыран–2023» республикалық құсбегілер додасын айта кету керек.

Өңірлердегі ұлттық спорт түрлері мектептерінің жанынан саятшылықты үйрететін бөлімдер ашылды. Алматы облысынан басқа Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл облыстарында құсбегілік жақсы дамыған. Әлем жұртшылығы құсбегі қазақтарды мойындай бастады. Шетелдік  киногерлер саятшылар туралы деректі фильмдер түсіріп, жұртты таңқалдыруда.  

Алматы қаласында келесі жылы 28 қараша – 2 желтоқсан аралығында ҚР Спорт комитетінің күнтізбелік жоспарына сәйкес,  дәстүрлі «ҚЫРАН–2024» республикалық Құсбегілер турнирі өтеді.  Алматы қаласында қыран құстарға  арналған «Қазақтың аңшылығы» атты музей мен аңшылыққа арналған құрал-жабдықтар жасайтын шеберхана ашу жоспарда бар.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары келер жылы  өтеді. Тек елімізден бүркіт, қаршыға, сұңқардың  әрқайсысынан  үш-үштен  қатысқанда, жиырмадан аса құс қатысады. Сонымен қатар, Көшпенділер ойынының жалғасы ретінде Астанада сол уақытта Құсбегілердің ІІ Әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз.

 

Жылдың басты сайысы

        Жақында Өскеменде өткен «Шығыс салбұрыны–2023» әлі көптің аузында жүр. Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Ресей мен Қырғызстанның спортшылары қатысқан халықаралық саятшылар сайысы неге дәл сол аймақта өтті?

        Өскемен қаласының маңындағы Ұлан ауданындағы «Шығыс салбұрыны–2023» халықаралық құсбегілер жарысының жөні бөлек. Елдің аузында жүргені бұл турнирде дүние жүзінен мықты деген бүркітшілер жиналып, дәстүрлі аңшылық өнерін көрсетті. Еліміздің барлық өңірінен қолына құс қондырған кәсіби құсбегілердің бәрі қатысты.

Бұл аймақтың таңдалуының айтарлықтай құпиясы жоқ. Облыстық әкімдік федерацияға сұрау салып, өтініш білдірді. Алғашқы жылы жақсы деңгейде өтсе, жыл сайын дәстүрлі түрде сол уақытта, сол аймақта өткіземіз. Біріншіден, туризмді дамыту мақсатында, елдің экономикасын ілгерілетуде сол аймақ таңдалды. Ұсыныс облыс тарапынан болды.

Сайысқа Қазақстанның ғана емес, Моңғолия мен Қытайдың саятшылары да қатысты. Барлығы 100-ден аса құсбегі, 75 бүркіт, 15 қаршыға, 20 ителгі бақ сынады. Барлығы тұғырда жүрген мықты құстар. Қатысушылар құсты қолға шақыру, еркін ұшыру, бүркітті шырғаға, қоянға, түлкіге ​салу сынды талаптарды орындады.

 

«Құсты жисаң – бүркіт жи...»

        Аңшы құстар туралы әңгімеге ойыссақ. Қазақ жаратылысынан текті құстарды аңға салған. Құстардың бәрі аңға шыға алмайды. Федерацияда сұрыпталған аңшы құстар бар ма?  Қансонарға шығып, құсбегілердің сайысына қатысып жүрген саят құстары туралы айтып берсеңіз.

        Аңға шығатын құстардың ішінде қыран құстардың орны бөлек. Қыран – күнге қарай тіке ұшатын жалғыз құс. Ешқандай адам баласы күнге қарай алмайды. Ал біздің қазақ дүниенің барлығына тіке көзқараспен қараған. Біздің бүкіл болмысымыз қыранмен байланысты.  Әрине, кез келген құсты аңға сала алмайсың. Қазақ халқының аңшылық тарихында осы қыран құстардың қатарында бүркіт, сұңқар тобына жататын лашын, ителгі, сосын қаршыға тектес құстарды аңға салған. Бүркіттер ірі аңдарға түсетін болған. Қасқыр мен аюға түсетін бүркіттер, әрине, түр-тұлғасы ерекше, бабы келіскен болуы керек. Қазақтың  «Бабын тапсаң, балапан қыран болар» деп айтуы бекер емес. Тау қырандарына қарағанда, дала бүркіті мен су бүркіті тұрқы шағын болғандықтан  ұшқыр келеді. Түлкі, қоян секілді аңдар мен ұсақ құстарды жақсы алады. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келгенде ғана аңға салады.

Қазір аңшы құстардың саны көбейіп келе жатыр.  Федерацияда оларды арнайы сұрыптамаймыз. Федерацияның чемпионаттарына, басқа да жарыстарда жүлделі орын алып жүрген құстар қатысады. Қырандардың ішінде талай фестивальде биікті бағындырып, құсбегінің қанжығасына жеңісті байлап бергендері баршылық.

        Жалпы, құсбегілік өнер құсты аңға салумен ғана шектелмейді ғой...

        Ол рас. Қазақ құспен ғана аң ауламаған. Баяғыдан келе жатқан ата-баба кәсіптерінің бірі – қақпан, тұзақ, тор құрып аң аулау. Аңшылықпен айналысатын азаматтардың бәрі дерлік осы әдістерді қолданған. Қазір заманның ағымына қарай аңшылық өнердің кейбір дәстүрлері ескіріп бара жатыр. Көбіне саятшылар аңға аңшы құстарды ғана салады.

        Құсты аңға салу – өз алдына бөлек өнер. Аңшылар әуелі баулып, қолға үйретеді. Өзіндік жөн-жосығы бар...

        Қазақ ырымында аң-құсты жөн-жосықсыз аулауға жол бермейді. Бүркітшілердің еңбегін мен нағыз жанкештілікке балаймын. Бір бүркіт күніне 2-3 келі тек таза, балғын ет жейді. Текті құстардың бабы да ерекше болады. Кейбірі суға шайылмаған етті жемейді. Ол етті тауып беру де оңай шаруа емес.

Құсбегілеріміз тек қана ата-баба қанымен берілген осы өнерге деген қызығушылықтың арқасында ғана өз ісін алға қарай сүйреп келеді.

Жастарды мектеп қабырғасынан бастап үйретеміз. Бүгінде елімізде саятшылыққа, кұсбегілікке ден қойып жүргендердің 60–70 пайызы – жастар. Демек, ұлттық өнеріміз өркендей береді деп сеніммен айта аламыз. Құсбегілердің ең жасы – 8 жаста. Бұрын құс салу өнерінде ең жас бүркітшіміздің өзі 50 жастан асқан, ең үлкені 80-нің үстінде болатын. Қазір бүркітшілер сайысына 8–60 жас аралығындағы құсбегілер қатысып жүр.  Құсбегілердің құрамы жасарды деп айтуға болады. Оны әр жарыс сайын байқап жүрген боларсыздар. Құсты кім болса сол сала бермейді. Құсбегі құстың биологиялық ерекшеліктерін білу керек. Біле білген адамға құсбегілік – үлкен ғылым. Құс салудың  әдіс-тәсілдері бар. Қазір елдегі заң аясында жұмыс істейміз. Тек қазақ пен қырғыз емес, Еуропа елдері, Таяу шығыс, араб елдері де сұңқар салып, көбіне ұсақ құстарды аңға салумен айналысады. Сол елдермен байланысты жақсартып, тәжірибе алмасуды қолға алдық.

 

Салбұрын – аңшылар мерекесі

 – Түсінген адамға, қансонар – ұлы дала мерекесі. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы аңшылыққа қатысты салт-дәстүрлер аз емес. Екі-үшеуін айтып берсеңіз...

        Аңшылыққа байланысты наным-сенімдер, әдет-ғұрыптардың, ырымдардың тамыры тереңде жатыр. Аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығуын қазақ «салбұрын» деп атаған. Мұны аңшылық мерекесі десе де болады. Салбұрын – аңшылардың ерлігін, азаматтығын сынайтын жол. Былтыр «Салбұрын – қазақтың аңшылық мерекесі» ретінде тану үшін қажетті  құжаттарды дайындап,  ЮНЕСКО қарауына өткіздік. ЮНЕСКОНЫҢ материалдық емес мәдени мұра тізіміне мереке ретінде бекіту жөнінде өтініш жолданды. Сол ұсынысымыз көптің қолдауын тапты. Егер бізбен қатар, Моңғолия, Қытай, т.б елдер өтініш берсе, салбұрын мәдени мұра тізіміне енеді. Қазіргі таңда біздің ұлттық комиссия осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Халқымыз қыран құсын, жүйрік тазы мен бәйге атын ешқашан сатпаған. Бұларды үлкен құндылық деп бағалаған. Тұғыр жабарын беріп, құсты тек ет жақындарына уақытша берген. Онда да құстың тілі мен қасиетін білетін, табиғатын түсінетін сенімді адамға ғана берген. Қарымтасына берілетін кәдені тұғыр жабар деп атаған.

Сұхбаттасқан  Гүлжанат СЕМБАЕВА.

 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32