ffin.kz

Теңге бағамы неге құбылып тұрады?

Теңге бағамы неге құбылып тұрады? almaty-akshamy.kz

Доллар неге 800 теңге емес,  480 болып тұр? Осы бағам қайдан пайда болады? Оны кім бекітеді? Неге теңге құбы­лып тұрады? Қарапайым халықта теңгеге қатысты осындай сұрақтар көп.


Теңге биыл 30 жылдығын атап өтпек. Осы уақыт ішінде ол еркін конверттелетін нарықтық валютаға айнала білді. Яғни оның бағамын ешкім арнайы бекітпейді. Бағам Қазақстан қор биржасындағы алып-сату нәтижесінде белгілі болады. Теңгені басып шығаратын Ұлттық Банк оның бағамын таргеттеу, яғни реттеу ре­жимінен кетіп, қазір тек инфляцияны таргеттеу (белгілі бір шек аясында ұстап тұру) режимі­мен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, теңге тағдыры нарықтың жеке қолына берілді. Енді мемлекет бар күшін тек инфляцияға салады.


Бұл өте жақсы. Себебі, бұған дейін бірнеше рет орын алған күтпеген девальвациялардан кейін халықтың теңгеге деген сенімі жоғалып кеткен болатын. Ал девальвациялар әу баста теңгені нарық емес, мемлекет өзі реттеп отыр­ғандықтан болды. Яғни оның курсы жасанды түрде, түрлі саяси науқандарға (мысалы, сай­лау) қатысты қолдан ұсталып отырды. Теңгені қолдан ұстап тұру өте қымбат. Ашығын айтуымыз керек, сол жылдары бізде мемлекеттің алтын-қор резерві босқа жағылып кетті.


Енді нарық жағдайында мемлекет теңге бағамына резерв­терін құртпайтын болады. Бірақ бұл мемлекет қор нарығында валюталық операциялармен айналыспайды деген сөз емес. Мысалы, Ұлттық Қордан республикалық бюджетке қаржы аударғанда, биржада қордан келген долларды теңгеге ауысты­ру қажет болады. Оның іс-қимыл кестесі алдын ала жарияла­нады. Нарық қатысушылары бәрін көріп, бақылап жүреді. Яғни мемлекет валюта нарығында күтпеген іс-қимылдар жасамайды. Одан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры керісінше халықтан теңгелей жиналған зейнетақы са­лымдарын бекітілген график бойынша долларға ауыстырып отырады.


Теңге бағамы қайдан шығады?


Теңге бағамы Қазақстан қор биржасының валюталық сауда-саттық алаңшасында саудаланады. Мысалы, теңгенің долларға шаққандағы бағамы USD/KZT жұбы саудасының қорытындысы бойынша анықталады. Таңғы сауда сессиясы Астана уақытымен сағат 10.15-те басталып, 11.00-де аяқтала­ды. Сонымен бірге, түскі және кешкі сессиялары бар. Демек, сағат 11.00-ден кейін сол күнгі теңгенің алғашқы нарықтық бағамы анықталады. Осы сауда-саттыққа банктер, шетел ва­лютасымен операция жасайтын түрлі компаниялардың тап­сырмасын орындайтын брокерлер, валюта айырбастау фирма­ларының өкілдері қатысады.



Орта есеппен, қазіргі таңда валюта биржасында 33 бел­сенді ойыншы бар. Банктер де осы тізімге кіреді. Осы нарық­тық қатысушылар тарапынан жасалатын сұраныс пен ұсыныс көлемі теңгенің күн сайынғы құбылуына әсер етіп, оның ба­ғамын анықтап отырады. Мемлекет, Ұлттық Банк бұл процес­ке мүлде араласпайды. Олар тіпті, үлттық валюта курсының жыл аяғында қанша болатынын да білмейді. Оның барлығы нарыққа байланысты. Биыл орта есеппен USD/KZT жұбында бір күнде 150 миллион долларға операция жасалып жүр. Бірақ былтырғыға қарағанда, USD/KZT жұбындағы операциялар­дың қаржылай көлемі төмендей бастағанын байқап отырмыз.



Теңге бағамы долларды сатып алу/сатудың биржада өткен ең төменгі бағасы мен ең жоғарғы бағасының ортақ мәнінен құралады. Мысалы, ең төменгі мәміле бір дол­ларға 473,5 теңге, ал жоғарғы мәміле доллары­на 480,2 болса, онда теңге құны сол сессия нә­тижесінде 476,85 болып белгіленеді.


Мемлекет неге ресми  бағам бекітеді?


«Егер теңге нарықтық жағдайда бағамдал­са, неге Ұлттық банк теңгенің ресми курсын жариялайды?» деген сұрақ туатыны заңды. Оның нақты себебі бар. Ұлттық Банктің валюта бағамы биржадағы нарықтық бағамға сәйкес бекітіледі. Біздегі ішкі операциялар, төлемдер теңгемен жүретіндіктен, ресми курс шетел ва­лютасымен келген табысқа теңгелей салық тө­легенде, басқа да төлемдер жүргізгенде қажет болады. Барлық есеп-айырысулар осы ресми бағамды есепке ала отырып жүргізіледі.


Жоғары не төмен болуына не әсер етеді?


Кез келген валюта сияқты теңгеге сыртқы және ішкі фак­торлар әсер етеді. Қазіргі құбылуға ықпал еткен сыртқы факторлардың ішінде доллардың жаһандық нығаюы және оның салдарынан дамушы елдер валюталары индексінің тө­мендегенін, рубльдің долларға қатысты әлсіреуін атап өтуге болады. Ішкі факторлар дегенде квазимемлекеттік компания­ларды валюталық түсімдерін сатуды міндеттеудің күшін жойғанын атап өтуге болады.



Егер жүйелі түрде қарасақ, теңгеге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының ықпалы зор. Баға қымбат болса, валю­талық түсімдеріміз көп болып, сыртқы сауда балансы біз үшін жағымды болады. Яғни экспортымыздың ақшалай кө­лемі импорттан асып тұруы тиіс. Ал жалпы алғанда, ұлттық валюта ахуалы сол елдің экономикалық қуатына тікелей байланысты. Сол се­бепті, ішкі өндірісті арттыру, шикізат­тық тәуелділіктен кету аса маңызды бо­лып отыр.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43