Алматыда зиянды әдетке қарсы жүйелі шаралар жүргізілуде
Соңғы жылдары Қазақстанда темекі шегетіндер саны 30 пайызға азайды. Бұл көрсеткіш — зиянды әдеттің алдын алуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралардың тиімділігін көрсетеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Роза Тәтиева мәлімдеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Оның айтуынша, темекіден бас тартқан жастардың саны артып келеді. Көпшілігі спортпен айналысып, шығармашылыққа бет бұрған. Алайда спикер вейп пен электронды шылымға әуестердің де көбейіп жатқанын, әсіресе бұл өнімдердің жасөспірімдер арасында кең тарағанын атап өтті.
Алматыда қандай шаралар қабылдануда?
Қалада никотин өнімдерінің таралуына қарсы бағытталған бірнеше жүйелі бастама қолға алынған:
Құқықтық тетіктерді күшейту
- «Вейпсіз жастық» жобасын іске асыру. Жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған ақпараттық кампаниялар.
- Вейп-шоптарға және кальян-барларға рейдтер ұйымдастыру.
- Сауат ашу бағдарламаларын жүзеге асыру.Атап айтқанда, қоғамдық орында кальян шеккен 100 адамға айыппұл салынған.
- Темекіден бас тартқысы келетіндер үшін еліміздің емханаларында 86 арнайы кеңес беру кабинеті жұмыс істейді.
- Ғалымдардың айтуынша, никотин жасөспірім миының дамуына кері әсер етеді:
- Есте сақтау қабілетін әлсіретеді
- Күйзеліске бейімділікті арттырады
- Тәуелділікке жылдам әкеледі
Темекі мен вейптің денсаулыққа зияны:
- Жүрек-қан тамыр жүйесіне зиян – никотин тамырларды тарылтады
- Өкпе аурулары – созылмалы жөтел, бронхит, ХОБЛ және астма өршиді
- Жүктілік кезіндегі қауіп – гормондық бұзылуларға әкелуі мүмкін
- Иммунитет әлсірейді – темекі шегетіндер жиі ауырады
- Кальян: зиянсыз емес, керісінше — өте қауіпті
Кей жастар кальянды қауіпсіз деп қабылдайды. Алайда сарапшылардың айтуынша, бір рет кальян шегу — 100 темекі тартқанмен тең. Оның түтінінде никотин, шайыр және ауыр металдардың мөлшері темекіден 3–5 есе көп болуы мүмкін.
Кальянды жабық бөлмеде шеккенде, оның түтіні инфекциялық аурулардың таралуына жағдай жасайды. Ал бір мүштікті бірнеше адамның қолдануы — жұқпалы аурулар үшін тікелей жол.
«Кальян – ағзаны улайтын құрал ғана емес, жастарды тәуелділікке итермелейтін әлеуметтік құбылыс. Ол темекіден де қауіпті», – деді Роза Тәтиева. Сарапшылардың пікірінше, адам зиянды әдеттен неғұрлым ертерек бас тартса, оған қайта оралу ықтималдығы соғұрлым азаяды. Сондықтан жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау — мемлекет пен қоғамның ортақ әрі маңызды міндеті.