Алматыда өнер, білім және ғылым саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалар барша қазақстандықтарды Ұлттық мереке — Республика күнімен шын жүректен құттықтады.
Қазақстанның Еңбек ері, кино саласының майталманы Асанәлі Әшімов Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, өнер жолында жүрген азаматтардың қоғамдағы рөлі туралы айтты.
«Әр уақытта үлкен мейрам халық үшін қуаныш. Халыққа жасаған еңбек, өнер адамдарының халық үшін қызметі әр уақытта құнды.
Құт-береке келсін. Жақсылық келсін жанұяларыңызға, тойларыңыз тойға ұлассын. Үлкен тойда, үлкен жетістікке жетіңіздер деп бүкіл Қазақстан халқын құттықтаймын!»
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов бұл күннің ел тарихындағы маңызына ерекше тоқталды:
«Бұл күн – еліміздің мемлекеттік егемендігін жариялаған аса маңызды тарихи сәт. Республика күні өткеніміз бен бүгінімізді, болашағымызды байланыстыратын ардақты мереке. Егемен еліміздің тұғыры биік, келешек ұрпағымыз бақытты болсын!»
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов мерекенің тарихи бастауы мен Алматы қаласының рөліне назар аударды:
«1990 жылы 25 қазанда қабылданған Декларация осы Алматыда жарияланған еді. Бұл тәуелсіздікке бастар алғашқы қадам болды. Сондықтан алматылықтар бұл мерекені ерекше ықыласпен қарсы алады деп сенемін. Барша қазақстандыққа жарқын болашақ пен амандық тілеймін».
Қазақстанның халық артисі Рамазан Стамғазы құттықтауында бірлік пен бейбітшілік тіледі:
«Бүгінгі Республика күні құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің туы әрдайым биікке желбіреп, халқымыздың еңсесі биіктей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, бірлігіміз бекем болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға шаттық пен қуаныш тілеймін, бейбітшілік өмірде әрқашан жасай берейік».
Ал ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлы мерекенің рухани мәнін атап өтті:
«Мәртебелі мереке - Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елдің бейбіт өмірі, жұрттың еркін тыныс-тіршілігі жалғасын таба берсін. Ауызбіршілігіміз нығая берсін».
Қазақстанның халық артистері Алтынбек Қоразбаев, Досхан Жолжақсынов, Абай атындағы опера және балет театрының солисі Олег Татамиров, сонымен қатар өнер жолына жаңа қадам басқан жас артистер мен зиялы қауым өкілдері Республика күнінің ел бірлігі мен тәуелсіздік идеясын ұлықтайтын, халықты ортақ мүдде мен игі тілекке үндейтін мереке екенін атап, отандастарымызды мерекемен құттықтады.