Мегаполисте мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын жөндейтін ұстахана ашылды.
Бұл нысан «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығы» деп аталады. Орталықты ашқан жас кәсіпкер Дәурен Әлихан есімді жігіт. Ол осы орталық арқылы тағдырлас жарымжан жандарға көмек көрсетуді ойлаған.
«Арбадағы адамдардың жағдайын жақсы түсінемін. Кейбіреулерінің арбасы сынып, жазым бола жаздаған кездері болды. Қаламызда мұндай орталық болмағандықтан, ашу керектігін түсіндік. 2020 жылдан бастап іске кірістік, мемлекеттік грантқа ие болдық. Алайда, ол жер бізге тарлық еткендіктен, «Бақорда Строй Сити» сауда орталығында 192-бутикте өз жұмысымызды бастадық. Қазіргі уақытта жаңа жобаларды қолға ала бастадық. Бүгінде бізге еліміздің әр өңірінен, Қызылорда, Талдықорған секілді қалалардан тапсырыс келіп түсуде. Қазіргі уақытта бізде 7 бірдей адам жұмыс істейді. Біз сынған, жарамсыз деген арбаларды жөндеп, иелеріне табыс етеміз. Осы ретте бізге қолдау білдірген әкімдікке ерекше алғысымызды білдіреміз», – дейді «Inclusion.kz» ЖШС директоры Дәурен Әлихан.
Бүгінде ол жобадан бөлінген қаражатқа орталықтың техникалық жөндеу құрылғылары қатарын толықтырған. Шеберхана жанынан шағын цех ашып, бір мезгілде бірнеше арба жөндеу мүмкіндігіне жол ашты. Қазіргі таңда мұнда бірнеше жанды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
«Мүгедектігі бар тұлғаларға арбалар тегін берілді. Ол үшін біздің орталыққа жүгініп, өтініштерін қалдыруы қажет. Біздің орталық арқылы қазіргі уақытта 5 мыңнан астам адам кресло-арбаларды алған. Заң бойынша, арбалар 7 жылда бір рет ауыстырылады. Мерзіміне жетпей бұзылған, сынған арбаларды жөндеу үшін бізге осындай орталықтар қажет. Қазіргі уақытта жігіттер өз жұмыстарын кеңейтіп, жаңа орындар ашып жатқан жайы бар. Алматы қаласында тұратын тұлғалар біздің мекемеге келіп, осы жерден тегін көмек ала алады», – дейді «Тең мүмкіндіктер» орталығының басшысы Аманат Сұлтанғазиев.
Ереже бойынша, жарымжан жандар мемлекет тарапынан берілетін арбаға жеті жылда бір рет қол жеткізеді. Алайда, осы уақыт аралығында арбалар бұзылады, бір құрылғысы болса да, істен шығады. Жаңадан арба сатып алуға көбісінің қалтасы көтермейді. Ал мұны жөндейтін маман тапшы, тіпті жоқ деуге де болады. Сондықтан осы мәселені шешуді ойлап, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығының ашылғаны көптің қуанышына айналды десек, артық айтпағанымыз болар.
Дәуреннің сапалы жұмысына сұраныс жоғары. Тіпті, еліміздің өзге аймақтарынан да тапсырыстар түсуде. Телефон арқылы хабарласып, арба жөндеп беруін сұраушылар жетерлік. Кәсіпкер арбаларды жөндеумен қатар жаңа жобаларды жүзеге асыра бастаған. Кресло-арбалардың жүруіне ыңғайлы болуы үшін электр приставка ойлап тапқан. Шетелдерде мұндай құрылғыларға жалғанған кресло-арбалар 1 млн теңгеден астам бағада сатылады. Ал бұл жігіттерден алсаңыз, жалпы сомасы 300 мың теңгенің төңірегінде.
«Қазіргі уақытта біздер электр арбаларды алмастыратын приставкалар жасап жатырмыз. Оның құрылымы да өте қарапайым. Алмалы-салмалы. Ешкімнің көмегін қажет етпейді. 30 км қашықтықты жүріп өте алады. Екі сағат ток көзіне қойсаңыз, 24 тәулік емін-еркін тоқтаусыз жүре аласыз. Бағасы да қолжетімді. Мұндай приставкаларды жасауға 1 апта кетеді. Қарапайым электр самокаттарды бөлшектеп, кресло-арбаларға ыңғайлап жасаймыз. Жылдың қай мезгілінде болсын, еркін жүре аласыз», – дейді «Inclusion.kz» ЖШС директоры Дәурен Әлихан.