ffin.kz

Сол кеште керемет қанаттандым

Сол кеште керемет қанаттандым Сурет ашық дереккөзінен алынды

(Ақын Тұманбай Молдағалиевтың естелігінен)

Жылдар өтіп жатты. Жазушылар Иса Байзақовтың елу жылдығын Жазушылар одағында атап өтті. Мұхаң сол жиналысқа келіп, сөз сөйледі.
– Иса суырыпсалма ақын еді. Бір күні ресторанда отырып, оған: «Қазір өлген кісінің жан дүниесін айтып, сол өлген кісі боп өлең айтшы», – дедім. Иса заулап жөнелді. Мен бейне қыранның көкке қанат сермегенін қызықтағандай, ақыннан көз алмай отырып қаппын, – деді Мұхаң.
Біз Мұхаңның өзінен көз алмай, аузымызды ашып отырып қаппыз.

***

Ілияс Жансүгіров ақталған соң, сол кісінің шығармашылығына арналған кеш өтті. Мұхаң бұл жолы да Ілияс туралы толғана сөйледі.
– 1928 жылы Ілияс екеуміз Жетісудың тауларын араладық. Екі айдай бірге жүрдік. Ілияс «Жетісу суреттерін» сонда жазды. Ол үлкен ақындығына қоса тамаша әнші еді. Ат үстінде келе жатып әнге басады. Ал мен керемет тыңдаушымын. Аузымды ашып тыңдаймын да отырамын, – деді Мұхаң, жүзі жадырап.
Мен іштей: «Тыңдаушының да кереметі болады екен-ау», – деп ойладым. Жиылыс төрінде Ілекеңнің жары Фатима Ғабитова жылап отырды.

***

Кейін Ілияс ағаның бір томдығына редактор болғанымда, Фатима апайдың ұзақ әңгімесін тыңдағаным бар.
– Мұхтар Ілиястың кешінен кейін маған келіп: «Сен Ілиясты жүрегіңнен шығара алмаған екенсің-ау. Біз сіздің жүрегіңізге кірдік деп бекер ойлаппыз», – деп өкпелеген, – деді Фатима апай.
– Тағдыр дегенін істеді. Мұхтардан туған Мұратым өсіп келеді. Мен Мұхтарды да өз қалауымша жақсы көргем. Соңғы операциясына барарда жұрт аэропортқа шығарып салуға тартқанда, ол машинасын бұрғызып, біздің аулаға кірді.
– Фатима, көрісеміз бе, көріспейміз бе, білмеймін. Азынаулақ дәурен кештік. Жолықпасақ, қош сау бол, – деді.
Мен бақшаны баптап жүрген едім.
– Сені алатын ажал жоқ, сау бол, – деп салқын қоштастым. Ол шарбақтың есігін өз қолымен жапты да, машинасына мінді. Мен байғұс оны соңғы рет көріп тұрмын деп ойласамшы, – деп ауыр күрсінді Фатима апай.

Содан кейін ол Мұхтар мен Ілиястың ниеттес, көңілдес дос болғанын айтты.
– Мұхтар орыс тіліне аса жетік еді ғой. Ілияс Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударғанда, Мұхтармен көп ақылдасты. Обалы нешік, Мұхтар Ілиястан көмегін аяған жоқ, – деді.

***

1959 жылдың сәуір айы. «Абай жолы» эпопеясы Ленин сыйлығын алатын кез. Бұл мәселе Мәскеуде шешіліп қойылған болуы керек. Қазіргі бас пошта ғимаратының жанындағы КазГУ-дің үлкен аудиториясына әдебиетшілер жиналды. Мұхаң сөзге шықты. «Абай» эпопеясының жазылу тарихын, сол жолда кездескен қиындықтарды толғады.
– Абай – күн сияқты. Ол сендермен бірге жүре береді. Енді бес-он жылда Әуезов бұл дүниеде болмайды. Бірақ «Абай» романы қазақтың кітабы боп, өздеріңнің қолдарыңда қалады, – деді.
– Романның бірінші кітабының соңында Абай Семейге оқуға аттанып еді. Сол шынарды төртінші кітаптың соңында найзағай түсіріп құлаттым. Соны зерттеп жүрген сыншылардың бірде-бірі байқамағанына өкінем, – деді Мұхаң.

Көп өтпей Мұхаң Ленин сыйлығын алды. Жазушылар одағында жиналыс өтті. Жиналысты Әбділда Тәжібаев басқарды. Жазушы:
– Ендігі сыйлықты ақындардан Әбділда, Тайыр алғаны жөн. Осы жолы ұсынылып өтпей қалғанмен, келешекте бұл сыйлықты Жұбан мен Тахауи алса, қуанам, – деді.

***

1957 жылдың 28, 29 қыркүйегі. Мұхаңа үкімет Ленин орденін берді. «Қазақ әдебиеті» газеті Әуезовке түгел бір нөмірін арнады. Жазушылар одағында салтанатты кеш өтті. Сәбит Мұқанов баяндама жасады. Мәскеуден Константин Симонов, Павел Антокольский, Киевтен Олесь Гончар, Өзбекстаннан Ғафур Ғұлам, Қырғызстаннан Аалы Тоқамбаев, Түрікменстаннан Берді Кербабаев – бәрі келді. Бұл кеште мен өзімді керемет қанаттанғандай сезіндім.

Сол салтанатты кештен кейін Мұхаң мен үшін мәңгі естен кетпес тұлға болып қалды.

***

1960 жылдың 26 декабрі есімде. Ол әдеби күнді тіпті ұмыта алмаспын. Әдеби жиналыс жастар поэзиясыңа арналып еді.
Жиналысты жап-жас Әбіш Кекілбаев басқарып отырды. Әбділда ағадан кейін сөз кезегі Мұхаңа тиді. Мұхаң өзінің «толмаған Толстойлар, шала Шекспирлер» деп сөйлейтін атақты сөзін сөйледі. Мұхаң «Жас қанат», «Жырға сапар» жинақтары бойынша сол кездегі қазақ өлеңіне баға беріп сөйледі. Жаңа, жас поэзиядан көп үміт күтетінін айтты. Тілеген Шопашев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиевтермен бірге менің де есімімді атап, өлеңдерімізге жылы-жылы мақтау сөздер айтты. «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген атпен ұстаздың сөзі сәл қысқарып, «Лениншіл жас» газетіне жарияланды. Әдебиеттің қамқоршысының, қазақ әдебиетінің қолбасшысының, ұлы жазушының, ұлы әдебиет ғалымының бұл жұрт алдына шығып сөйлеген соңғы сөзі екенін кім біліпті онда. Мұхаң бір түрлі жинақы, бір түрлі қунақ сияқты еді. Оның саңқылдаған мейірімге толы даусы әлі күнге құлағымда! Ол ғасырдан ғасырға кеткен қазақ халқымен бірге жасай беретін жарқын дауыс. Ол қазақ халқын дүниеге алғаш таныстырған тарихымыздың даусы. Өзінің ұлы ұстазы Абаймен бірге жасай беретін, өшпейтін дауыс. Ол Мұхаң арқылы естілген қазағының құлағына сіңетін жаратушының өз даусы.
Біз осындай қазақты, қазақтың қамын ойлап қартайған, қазақтың рухани күні бола білген, кезінде халқының үні бола білген ұлы перзентін көріп қалғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз.
 
***
1961 жылдың көктемінде университеттің бір залында балалар әдебиетіне арналған республикалық жиналыс болды. Баяндаманы баяғы майталман ақынымыз, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбділда Тәжібаев жасады. Жиналыс төрінде тағы да маңдайы жарқырап Мұхтар ағаның өзі отырды. Ол кез – Әуезов қатысқан жиынның бәрі үлкен мән, мағынаға ие болған кез. Басқа ешкім келмесін, тек Әуезов келсін жиынға. Сол жиынның өркені өсіп, шырайы кіретін. Әуезов қатысқан тойлардың бәрі де ұлы той болып саналатын. Үзілістен кейін залға кірер жерде Мұхаң тұр екен. Басқа жолдастарыммен бірге кеп өзі қолын созған соң мен де Мұхаңның қолын алдым. «Амансың ба, Тұманбай, халің қалай?» – деді Мұхаң маған аса бір жылы шыраймен қарап. Менің жүрегім қеудеме сыймай кетті. Не жауап айтқаным есімде жоқ. Мұхаң мені таниды екен-ау деген мақтаныш бүкіл жан жүрегімді билеп алды.
Сол күнгі бақытымды мен әлі күнге өлең жолдарына түсіре алмай жүрмін. Мұхаң дүниеден өткеннен кейін көп жылдан соң Әнуар Әлімжанов Мұхтар ағамен барған Дүйшенбі сапарын жазыпты. Сонда Мұхтар аға Әнуарға қазақ поэзиясын биікке көтеретін екеудің бірі Тұманбай деп мен туралы көп-көп жылы сөздер айтыпты. Мен бұған да қуандым, әрине.
 
***
1961 жыл 31 май күні түс кезінде Жұмағали Саинды қалалық зиратта жерледі. Қаралы жиынды Сәбит Мұқанов басқарды. Жұрттан бөлектеу Мұхтар аға тұрды. Жүзі аса мұңды екен. Ол кісінің қасына Сапарғали Бегалин, Хамит Ерғалиевпен бірге мен де барып сәлем беріп тұрдық. «Жақында Мәскеуге жүрем», – деді Мұхаң. «Қарнымда бір «полив» деген пайда болыпты, соны сылғызам», – деді Мұхаң.
«Мұха, пышаққа көп әуес болып кеттіңіз-ау, сол құрғырды былай да емдеуге болмас па екен», – деді Хамит аға. «Ол бір сылып қана тастайтын жеңіл дүние, қорқатын ешнәрсе жоқ», – деп Мұхаң пышаққа түсуге бекінгенін айтты. Анадай жерде Мұхаңның қара «Волгасы» тұрды. Сәлден кейін сол «Волгаға» мініп жаңағы үш кісі Алматыға қарай тартты. Екі ағамыз Алматыда қалып қойып Мұхаң өз «Волгасымен», қара бедеуімен дүниені жалғыз аралап кете барған сияқты. Өйткені, мен ол кісіні содан бері еш жерден ұшырата алмадым. Менің Мұтар ағам өлген жоқ, тірілер арасында өзінің ойлы, нұрлы қалпымен кетіп бара жатыр.
Тек соңына қарауға мұршасы жоқ. Әйтпесе, бір кездегі өзі сияқты алпысты алқымдаған шәкірті маған кезі түсер еді Мұхаңның.
 
Kultoleu Mukash-тың ФБ парақшасынан
Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:22

18:22

18:05

17:54

17:27

17:20

17:01

16:46

16:26

16:08

16:02

15:41

15:26

15:13

15:06

15:00

14:49

14:39

14:08

12:59

12:56

12:48

12:46

12:42

12:39