Алматы кітапханасының оқырмандары Ескендір Хасанғалиевті еске алды 

Алматы кітапханасының оқырмандары Ескендір Хасанғалиевті еске алды  сурет: автордан

А.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада Қазақстаннның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің туғанына 85 жыл толуына орай «Атамекен» атты еске алу кеші өтті.

"Әкем Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдық мерейтойы еліміз бойынша жер-жерде өтіп жатыр. Оның ішінде осындай оқырмандармен кездесулер, концерттер, байқаулар бар. Міне, бір апта бұрын ғана Батыс Қазақстан облысынан тағы бір рухани-мәдени кездесуден келдік. Онда «Атамекен» атты үлкен фестиваль өтті. Он үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Әлеуметтану ғылымында «органика» деген термин бар. Яғни, мысалы, өнер адамы өмірден кетсе де, оның соңында қалған дүниелері, шығармалары ұмытылмай, жалғасын тауып, атымен бірге жасай береді. Демек әкемнің жазған әндері мәңгілік, халық жүрегінен орын алған туындылар. Халықтың осынау құрметіне шексіз ризамын", – деді сазгер-әншінің ұлы, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев. 

Кештің мақсаты – қазақтың ұлы өнерпазы Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығын, оның музыкалық мұрасын насихаттау, сондай-ақ қазақ ән өнеріне қосқан үлесін еске алу. Иә, бұл мәдени, рухани іс-шара оның өнерінің маңыздылығын жастарға жеткізуге бағытталған.

Оқырман залына Ескендір Хасанғалиевтің жұбайы Дарико апай кіріп келгенде жиналып күтіп отырған жастар ұшып тұрып, әнші-сазгердің зайыбы ақырын аяңдап төрге озғанша ұзақ қол соғып күтіп тұрды. Кейінгі буынның қошаметіне риза болған Дарико Хасанғалиева көпшілікке асқан ілтипатпен басын изей берді. Көңілінің толқығаны байқалды. Үйінен бір дорба тәтті ала келген екен, қазақтың жолымен шашу шашты. 

"Мен Торғай облысында қызметте жүрген кезім. 1972 жылы бізге Ескендір Хасанғалиев келді. Ол кезде облыстық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еді. Облыс енді құрылып жатқан кезең. Жөнді қонақ үйіміз жоқ дегендей. Сонда Ескендір Хасанғалиев Өз-ағамыздың тапсырмасымен менің шаңырағымда қонақ болды. Колхоз, совхоздарды аралады, ұядай ғана клубтарда халыққа концерт берді. Көптің ықыласы ерекше болатын. Қазір ғана ұлы Біржан жазған кітаптан оқып қалдым, екі жүз алпыс тоғыз ән жазыпты. Әлі есімде, күнде кешке Алматыға, Дарикоға телефон соғатын, амандығын біліп жататын. Айнымас дағдысы еді. Неткен құрмет, сүйіспеншілік деп таңғалатынбыз. Ескендірдің әндерінің бәрі риясыз махаббаттан, мейірім, патриоттық сезімнен туғандықтан өміршең", – дейді Алмалы ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Ахметов.

Өнер адамымен кешкен ғұмырынан естеліктер айтты. Кітапхана төрінен ұлы, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев пен немересі һәм өнер жолына қадам басқан кішкентай Нұрсұлтан да орын алды. 

Кеш меймандары – Мирас пен Құралай Бекжановтар мерейтой иесінің «Әдемі-ау», «Ескірмеген махаббат» әндерін әуелете шырқады. Біржан Хасанғалиев ұлы сазгер-әншінің шығармаларынан попурри орындап берді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншілері – Мағжан Сатыбалды мен Ұлсая Бектас та Ескендір Хасанғалиевтің танымал туындыларын домбыра және баянның сүйемелдеуімен ұсынды. Жанарына жас тұнған Дарико апай барлық әнге қосылып отырды.

"Ескендір аға мен Дарико апайды жас күнімізде теледидардан тамашалап отыратынбыз. Неткен әдемі жандар деуші едік сүйсініп. Кейін бір саханада ән саламыз деп кім ойлаған?! Дарико апайдың қою шайын талай ішкенбіз. Бұл кісілер біздің шаңырақта да талай мәрте қонақ болған. Ескендір аға бірден «Мирас, пианиноң қайда?» деп сұрайтын. Сөйтіп үйімізді әп-сәтте ән-жырға бөлеп кеп жіберетін. Әкем баян тартатын, анам ән салатын. Сонда екеуі Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындайтын. Бала күнімізден жанымызға жақын сол туындыларды тыңдап өскенімізбен, кейін біз де орындаймыз деп ойламадық. Қазір Ескендір ағаның «Ескірмеген махаббат», «Әдемі-ау», «Жас жұбайлар» әндерін халық жиі сұрайды. Сондықтан Құралай екеуміздің репертуарымыздан ешқашан түскен емес. Ескендір ағаны қатты жақсы көрдік біз. Өте қарапайым, ақкөңіл кісі еді. Әзілдері де керемет еді. Өміршең туындылары мәңгілік жасай беретініне сенемін", – деді әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мирас Бекжанов.

Кеш соңында Біржан Хасанғалиев Чехов кітапханасына әкесінің өмірі мен шығармашылығы туралы жазған кітабын тарту етті. Ал кітапхана жетекшісі Толқын Құрамысова ең кішкентай мейман – Нұрсұлтан Біржанұлына ертегі кітаптар сыйлады. Әрине, сосын кешті Ескендір Хасанғалиевтің үлкен-кіші бірге қосылып шырқаған әйгілі «Атамекен» әні түйіндеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

22:05

21:05

17:59

17:57

17:31

17:28

17:25

17:15

17:10

17:07

17:02

16:54

16:39

16:38

16:17

16:01

15:37

15:30

15:19

15:05

14:59

14:41

14:16

14:11

13:31