Еуропаға қоныс аударған қазақтар туралы сөз қозғалғанда тек Мұстафа Шоқайдың есімі еске түседі. Алайда 1920 жылдары 10-ға жуық қазақ баласы Еуропада білім алуға өтініш тастап, оның 4-еуі іріктелгенін білесіз бе? Бұл туралы қазақ диаспорасының тарихын зерттеуші, белгілі ғалым Досан Баймолда әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі.
Ғалым қазақтардың Еуропаға қоныстануының төрт себебін атады.
"Біріншісі - саяси себеп. Қазақ деген атпен Еуропаға барған алғашқы адам - Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқай. Большевиктердің ұлттарға жүргізілген саястына қарсы шыққаны үшін елден көшуге тура келді. Ол алдымен Грузияға барды, одан Түркияға өтіп, ақыры Францияға барып өмір сүруді жөн көрді. Парижде 20 жыл тұрды. Ол бұл қалада тұрып, елінің болашағы не болмақ деп үнемі уайымдаған. Мұстафа Шоқай Еуропада жүріп, көп мақала жариялады, конференцияларда сөз сөйлеп, большевиктердің ұсақ ұлттарға жүргізген саясатын үнемі сынады", - деді ол.
Досан Баймолданың айтуынша, екінші себеп - соғыс.
"Екінші себеп - 1940 жылдары Кеңес одағы мен Германия арасындағы соғыс салдарынан неміс қолдарына түскен аталарымыз. Әсіресе, соғыстың алғашқы жылдары ортаазиялықтар тұтқынға түскен. Өйткені соғыстың жағдайы сондай болды. Тұтқын болып, кейін елге қайтпағандар да көп", - деді ғалым.
Үшінші себеп - еңбек миграциясы
"Үшінші себеп - 1960 жылдары Еуропаға жұмыс іздеп барған қазақтар. Әсіресе, Түркиядан барған қазақтар. Бұл жылдары Германия мен Түркия арасында жұмыс туралы келісімшарттар жасалып, еңбек мигранттары көбейді. Бұл кезде де біразы қалып қойды",- дейді Досан Баймолда.
Төртінші себеп - 1991 жылдан кейін қазақ елі тәуелсіздік алғанннан соң оқу, кәсіп іздеп барғандар.
"1991 жылдан кейін қазақстандық жастар мен кәсіпкерлер білім, кәсіби тәжірибе және бизнес мүмкіндіктерін іздеп Еуропаға аттанды. Бұл толқын диаспораның әлеуметтік-кәсіби құрылымын күрделендіріп, жаңа сапа әкелді", - деді ол.
1920-жылдары Германияда оқыған қазақ студенттері
Қоқан автономиясының (1917–1918) идеялық жалғасы ретінде Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұлов сынды қайраткерлер болашақ кадрларды Еуропаға жіберіп оқытуға күш салды. Сол кезеңде білім беру деңгейі жоғары болған Германияға алғашқы қазақ жастары аттанды. Архив деректерінде Ғазымбек (Ғазымжан) Бірімжанов пен Әбдірахман Мұңайтпасовтың есімдері айрықша аталады. Олар Берлиндегі ауыл шаруашылығы институтында агрономияны меңгерді. Тағы екі қазақ тері өңдеу ісі бойынша білім алғаны айтылады.
Ғазымбек (Ғазымжан) Бірімжанов
"Бұл тарихи материалдарда кездеседі. Бірақ төртеуінің де тағдыры ауыр болғанға ұқсайды. Олар оқуын бітіріп, елге қайтып келе жатқанда оларды НКВД ұстап, түрме жағалап кетеді. Ал қалған екеуінің тағдыры белгісіз", - дейді ғалым.
Ресми айып - Мұстафа Шоқаймен байланыс, "хат тасу". Дегенмен тарихи фотосуреттерде Мұстафаның Берлинге барған сапарларында түркістандық жастармен еркін жүздесіп, бірге түскені байқалады.
Ғазымжан Бірімжанов неміс университетінде сабағын үздік бітірген. Одан бөлек неміс пен башқұрт ғалымдарының арасында тілмаш болған. Сол кезде ғалымдар оның бұл қасиетіне тәнті болған.