34 жастағы Боранбек Еркінбек Алматы қаласындағы №204 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі. Ол осы білім ордасында төрт жылдан бері еңбек етіп келеді. Жақында әлеуметтік желілерде оның сабағы барысында жасаған ерекше тәжірибесі таралып, көпшіліктің назарына ілікті. Жұлдыз болған мұғаліммен Aqshamnews.kz тілшісі тілдесіп көрді.
TikTok-та жарияланған бейнеролик мұғалімнің оқушылармен бірге өткізген тәжірибесі көпті таңдай қақтырды. Оған дейін 2000 жазылушысы болған мұғалімнің парақшасына жазылушылар саны бірден 14 000-ға жеткен. Ал дәл осы тәжірибені тамашалағандар саны 15.8 млн-нан асқан.
Қарапайым заттан - ерекше құрылғы
Ұстаздың тәжірибе жүзінде жасап көрсеткен бұл құрылғысы - «газ зеңбірегінің» моделі деп аталады. «Импульстің өзгерісі және реактивті қозғалыс» тақырыбын оқушыларға түсіндіру үшін ол тұрмыстық заттардан жасалған қарапайым құрылғыны пайдаланған. Оған бар болғаны 19 литрлік екі пластик бөтелке, шланг және ыстық желім қажет болған. Осы заттарды пайдалана отырып, мұғалім «газ зеңбірегінің» реактивті күшін көрсеткен.
«Бұл бәлендей бір жаңалық емес. Мен бұны бір кинодан және қытайдың бір сайтынан көргенмін. Сосын өзім қызығып, заттарын алып, іс жүзінде жасап көруге бекіндім. Бұны жасауға көп уақыт кеткен жоқ, ары кетсе бес минут», – дейді физика мұғалімі.
Бұл тәжірибеде газ шланг арқылы бөтелке ішіне жіберіліп, нәтижесінде жану процесі арқылы реактивті қозғалыс пайда болады. Мұндай принцип зеңбірек құрылымында да, ғарышқа ұшу жүйелерінде де қолданылады.
Оқушылар - белсенді қатысушы
Сабаққа қатысқан 9-сынып оқушылары тәжірибеге белсене атсалысқан. Олар қажетті материалдарды өздері жинап әкеліп, құрылғыны құрастыруға көмектескен.
«Құрылғыны жасауға оқушылар өздері белсенді түрде қатысты: олар үйден қалдық пластикалық бөтелкелер, түтік және басқа да қарапайым материалдарды әкеліп, модельдің жасалуына атсалысты. Эксперимент барысында аз мөлшерде газ қолданылды - тек реактивті әсерді көрсету үшін. Барлық қауіпсіздік ережелері қатаң сақталды. Тәжірибенің іске қосылуын мен өзім орындадым, ал оқушылар қауіпсіз қашықтықта болды. Сонымен қатар, оқушыларға мұндай тәжірибелерді үй жағдайында жасауға болмайтыны арнайы түсіндіріліп, ескертілді», – дейді мұғалім.
Сабақ - зертхана емес, зертхана - сабақ!
«Алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл негізі күнде сабақта өтіп жатқан нәрсе. Зертханалық дүниелер ғой. Тағы да қызықты 1-2 тақырып бар, соған қажетті дүниелер қазір оқушылармен бірге жасалып болды. Бұл олар үшін өте маңызды. Мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты арттырады және ғылыми бағытқа, зерттеуге қызығушылықтары артады. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда оқушылардың назарын ұстау, әсіресе физика, химия, математика сияқты күрделі пәндерде, оңай емес», – дейді ұстаз.
Мұғалімнің айтуынша, бұл тәжірибе – Ньютонның үшінші заңы мен импульстің сақталу заңын нақты көрсетуге мүмкіндік беретін керемет құрал. Сонымен қатар, реактивті қозғалыс принциптері арқылы оқушылар зеңбірек жұмысы мен тіпті ғарыш кемелерінің қозғалыс механизмін де жақсы түсіне алады.
Жай ғана тәжірибе емес - шабыт көзі
Боранбек Еркінбек - жай ғана білім беруші ғана емес, оқушылардың ішіндегі ізденіс отын жағатын шамшырақ. Ол - күнделікті тақырыпты өмірмен байланыстырып, оқушыны қызықтыра білетін мұғалім.
Мұғалімнің білім берудегі ұстанымы мен көзқарасы оның әрекетінен ғана емес, сөзінен де көрініс табады. Боранбек Еркінбек өз жұмысында «Сен жанбасаң, мен жанбасам, кім жанады лапылдап?!» – деген жолдарын ұраны іспетті ұстанып келеді.