Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы №20 мектепте жаңа оқу корпусы салынбақ.
Бұл жоба оқушылар санының артып келе жатқанын ескере отырып, балаларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және ауданның білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Соңғы жылдары аталған мектепте оқушылар саны екі есе артқан. Мектеп директоры Гүлнара Сәрсенбаеваның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде оқушы саны 600-ден 1200-ге дейін көбейген. Ал мектеп ғимараты небары 700 оқушыға ғана есептелген.
«Жыл сайын оқушылар саны 30–35% өсіп келеді. Егер жақын маңда жаңа үйлер салынып, қоныстану жалғасатын болса, бұл көрсеткіш арта түседі. Ғимараттағы орын тапшылығына байланысты мұғалімдер қосалқы бөлмелер мен гардеробтарды сынып ретінде пайдалануға мәжбүр. Бұл – білім беру үдерісіне мүлде сәйкес келмейтін жағдай», — деді мектеп директоры.
Үзіліс кезінде де қиындықтар көп. Екінші қабаттағы 10 сыныптан бір уақытта 30–35 оқушы шыққанда, дәліздерде адам сыймай кетеді. Мұғалімдер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үзіліс уақытында дәлізде кезекшілік етеді.
Сондай-ақ, мектепте қазіргі заманға сай оқу құрал-жабдықтарының жетіспеушілігі қосымша білім беруді ұйымдастыруды қиындатып отыр. Оқушылар саны 2021 жылдан бастап күрт өскен. Сол жылы Қайрат ықшам ауданы Түрксіб ауданының құрамына қосылған болатын. Содан бері осы мектепке балаларын бергісі келетін ата-аналар саны артқан.
Ата-аналар мектепке жаңа корпус салу қажеттігін қолдайды. Олардың айтуынша, оқу жағдайының қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін кеңейту жұмыстары ауадай қажет.
Мектеп қамқоршылық кеңесінің мүшесі Наталья Перепёлкина (екі баласы 9 және 10-сыныпта оқиды) өз пікірін былай білдірді:
«Біздің отбасымыз бірнеше ұрпақ бойы осы мектеппен байланысты. Mұнда менің күйеуім мен енем оқыған. Жөндеу жүргізілгенімен, ғимарат ескірген және қазіргі оқушылар санын көтере алмайды. Үзіліс кезінде дәлізде адам сыймайды, кейбір сыныптарда 35 оқушыдан оқиды. Жеткіліксіз орындарға байланысты сабақтар кейде акт залында өтеді немесе бір кабинетте екі пән қатар жүргізіледі. Ол бөлме бар болғаны 12 адамға арналған. Санитарлық тораптар да жетіспейді, балалар ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр».
Жаңа корпус салу үшін 41 жер телімін сатып алу процедурасы басталды. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, өтемақы төлеу және тиісті хабарлама беру арқылы жүргізіледі.
Жер телімдерін мемлекет қажетіне сатып алу мерзімін нақты айту мүмкін емес – әр жағдай жеке қаралады. Бұл процестің ұзақтығы меншік иелерінің санына, ұсынылған шарттармен келісуіне және сот талқылауларының болуына байланысты.
Жобаның басты мақсаты - өсіп келе жатқан оқушылар саны бар ауданда сапалы және қолжетімді білім беру жүйесін қамтамасыз ету.
Аудан тұрғындары мен ата-аналар жаңа корпус салудың маңыздылығымен толық келіседі. Сонымен бірге, олар бұл мәселені шешу барысында билік, тұрғындар және қоғам арасында ашық диалог болуы керек екенін атап өтуде. Бұл - балалар үшін заманауи білім беру жағдайларын жасай отырып, қалыптасқан қауымдастықтарға зиян келтірмейтін оңтайлы шешім табудың кепілі.