Сейфуллин даңғылының Үлкен Алматы каналымен (ҮАК) қиылысындағы көпірді жөндеуге байланысты Алматы қалалық Мобильділік басқармасы БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров БАҚ өкілдеріне «Алматы-1» темір жол бекетін қала орталығымен жалғап, үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ететін даңғылдың бойындағы көпірде жүргізіліп жатқан жұмыстардың мәнісін түсіндірді.
«Аудан тұрғындары 80-жылдары салынған осы көпірдің жүргіншілерге қауіп туғызып отырғанын айтып, әкім болғалы үш жыл ішінде әлденеше рет шағымданды. Кей тұстағы қаптамалардың құлап, басқыштардың үгітіліп қалғанын көзіміз көріп отыр. ПИК төрағалары да аталған көпірдің қатерін еске салған. Айтайын дегеніміз, бұл көпірдің реттелуі қажеттігі. Бізге осы көпірден күнделікті өтетін жүргіншілердің амандығы маңызды. Сол үшін де қалалық Мобильділік басқармасына өтінішімізді жолдап, көпір құрылысын реттеуді сұрадық. Оның үстіне, биыл Сейфуллин даңғылына орташа жөндеу жұмыстары жүрмекші. Осыны пайдаланып, төңірегіміздегі көпірді реттеу кезегі келіп тұр», – деді аудан әкімі.
Әлеуметтік желілерде тараған тұтас гранит-тастардың жойылғаны жөніндегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан профильдік басқарманың мәлімдеуінше, көпірдің тек апаттық қаптау фрагменті өзгереді. 1980 жылдан бері сақталған сапалы гранит жабыны орнында қалады. Сейфуллин көпіріндегі гранит плиталар тазарту үшін алынып, бүтін тастар орнына қойылады. Көпір салынғаннан бері жөнделмеген. Әр жылдары ағымдағы жөндеу кезінде сынған, тозған плиталар қалпына келтірілмек. Көпірдің қаптамасында екі түрлі материал: оң жақта – гранитті тастар, сол жақта, яки Сейфуллин даңғылының жүру бөлігінде – қалыңдығы 20 мм кесілген гранит плиталар қолданылмақ.
Беті жылтыр, жақсы сақталған бүтін гранитті тастар ауыстырылмайды. Тек оларды тазалап, тегістеу үшін алып тастайды. Осыдан соң оларды осы учаскеде қайта пайдаланып, орнатады. Расында, баспалдақ жиектеріндегі плиталар арасында ыдырағаны бар. Тірек қабырғалары мен құрылымның өзіндегі гранит плиталардың қабыршақтанғаны байқалады. Әлбетте, бұл жағдайдың жаяу жүргіншілерге қаупі жоқ деп айта алмайсың. Басқарма басшысы жөндеу жұмысы барысында бұл плиталардың тазартылып, бастапқы қалпына келтірілетінін атап айтты.
Сейфуллин даңғылының қозғалыс бөлігін қаптауға қолданылған қалыңдығы 20 мм кесілген жалпақ гранит плиталарында ақау жоқ емес, үгітілгені көрініп тұр. Демек, бұл плиталар осыған ұқсас плиталарға ауыстырылады. Бөлшектелген және ауыстырылған плиталардың көлемі 25 пайыздан аспайды.
Әлеуметтік желіде тараған жаңа материалдардың сапасыздығы жөніндегі әңгіме де шындыққа жанаса қоймайды. Орнатылатын гранит плиталарында мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің деректер тізілімінде тіркелген сәйкестік сертификаты бар. Осы сертификат тиісті түрде сәйкестендірілген әрлеу плиталары – граниттен («Желтау», «Майкөл» және «Жалғыз-5» кен орындары) жасалғанын растайды. Бұл жұмыстарды шілденің соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Көпірді жөндеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түрксіб ауданы тұрғындарының өтініштері бойынша жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
«Біздің басқарма ағымдағы жылы Сейфуллин даңғылының 5,7 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын қолға алды. Осыған дейін мұндай жұмыс 2010 жылы атқарылған. Типтік талапқа сай, әр 5 жыл сайын осындай жұмыс жүргізілуі тиіс. Асфальт-бетон жабынының жоғары бетіне полимер-шма салынады. Мұны Алматыда бірінші рет қолданып отырмыз. Осыған дейін шевен-мастикалық бетон салынып келген. Мұның өзі қаламыздың магистральды жолдарында автокөліктердің көбеюіне байланысты болып отыр», – деді Алматы қалалық Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телбаев.