Жаңарған конституция, жаңа билік дәуірі
9 шілдеде Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Оның нәтижесі көпшілік күткендей болды, қазіргі президент Шавкат Мирзиёев өзбек елінің президенті болып қайта сайланды. ОСК мәліметіне сәйкес, ол 87 пайыздан аса дауыс жинаған. Кезекті саяси науқан сайлаушылардың белсенділігімен ерекшеленді. Ресми мәліметке қарағанда, сайлау құқығына ие азаматтардың 70 пайызы дауыс беруге қатысқан. Мұнымен президент Мирзиёев үшінші өкілетті кезеңге аяқ басқаны мәлім болды.
Президент жеңісі – күтілген нәтиже
Бұл Өзбекстан тарихындағы кезектен тыс өткен алғашқы президент сайлауы болды. Анығында, Шавкат Мирзиёевтің алдыңғы өкілетті мерзімінің бітуіне әлі 3,5 жылдай уақыт бар еді. Бірақ бұдан екі-ақ ай бұрын Президент Мирзиёев кезектен тыс президент сайлауын жария етті. Оның себебін қазіргі күрделі жаһандық және өңірлік геосаяси жағдайлар мен ішкі әлеуметтік-экономикалық реформалардың қажеттілігінен туып отыр деп түсіндірген болатын. Соның алдында ғана Өзбекстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген еді.
Сайлауға дейін де түгел дерлік сарапшылар Мирзиёевтің шартсыз жеңімпаз болатынын болжаған. Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы З.Низамқожаев 87,05 пайыз дауыс беруші Шавкат Мирзиёевті таңдағанын мәлімдеді. Өзге үш кандидаттың ешқайсысы да 5 пайыздан артық дауыс жинай алған жоқ. Елдің сайлау заңында тек 50 пайыздан астам дауысқа ие болған талапкер ғана ел тізгінін ұстай алады. Жоғары соттың бұрынғы төрайымы Робахон Махмодова екінші орында 4,43 пайыз дауыс жинады. Өзге екі кандидат – Ұлықбек Иноятов (Улугбек Иноятов) – 4,02 пайыз; Әбдішүкір Хамзаев – 3,74 пайыз сайлаушының дауысына ие болған.
Елге жаңаша тыныс берді
Өзбекстан биыл 30 сәуірде референдум арқылы Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Онда айтулы мәселелер де аз болған жоқ. Айталық, елдің сипатына қатысты бұрынғыдан ерекшелей отырып «Өзбекстан – әлеуметтік, құқықтық және зайырлы мемлекет» деп жазылған. Парламенттегі депутаттар саны 35 пайызға қысқартылды. Сондай- ақ, қазіргі Конституцияға сай, президенттің өкілетті мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Мұны кейбір сарапшылар биліктің президент қолына қарай мейлінше шоғырлануы деп бағалайды.
Шавкат Мирзиёев өзінің үшінші билік кезеңіне қадам басқанымен, референдумнан кейін сайланған президент қатарында тағы екі кезеңге сайлана алады. Бұл дегеніміз, биыл 65 жастағы Шавкат Мирзиёев алдағы 15 жыл ішінде билік басында болуы мүмкін дегенді білдіреді.
2016 жылы ел тізгінін ұстаған ол И.Каримов тұсындағы қатаң әрі пассивті билік формасына модернизация жасаушы ретінде танылды. Әрі елде әлеуметтік-экономикалық реформаларға жол ашқан саясаткер ретінде де аталды. Әрине, оның бұл қадамдары елге жаңаша тыныс берді. Ел экономикасы бұрынғыға қарағанда нарыққа бейімделе түсті. Оның бұған дейінгі және қазіргі іс-қимылдарына қарай отырып жаңа билік кезеңіне де ықтимал болжамдар жасауға мүмкіндік бар.
Конституциялық референдум және кезектен тыс президент сайлауы өзбек елінде Мирзиёев билігін бекемдей түскені шүбәсіз. Бұны Мирзиёевтің жаңа билік дәуірі деуге де болатындай. Былайша айтқанда, ол ендігі жерде бекемделе түскен билік мүмкіндігін ел тарихындағы өзінің реформаторлық орнын көрнекілендіруге жұмсауы мүмкін. Айталық, реформаларды тағы бір сатыға көтеріп, қазіргі жаһандық және аймақтық сын-қатерлерге төтеп беру мен өзгерістерге бейімделуге талпынады. Дегенмен, бұл әрекеттерінің тиімді болатынын, әлде болмайтынын тек уақыт көрсетеді.
Аймақтағы оң істер
Бір геосаяси аймақ ретінде Орта Азия елдерінің бір-біріне ықпал-әсері көп. Соның ішінде қазақ-өзбек қатынасы аймақ үшін шешуші рөл атқарады. Тұтас аймақтың тұрақтылығы мен дамуында Астана мен Ташкенттің пікір ортақтығы аса маңызды. Президент сайлауының нәтижесі жариялана салысымен Қазақстан, Қырғызстан секілді көрші әрі бауырлас елдердің басшылары алғашқы болып құттықтау жолдауы да белгілі символдық мәнге ие.
Ал кейбір айырмашылықтарды айтпағанда, Мирзиёевтің билік жолы Қазақстанмен параллель бағытта екенін көреміз. Бұған конституциялық референдум, президенттің өкілетті мерзімін ұзарту, кезектен тыс президент сайлауын өткізу сынды қадамдарды мысал етуге болады.
Әрине, халық саны және географиялық мүмкіндіктерімен Өзбекстан аймақтағы ықпалды елдің бірі саналады. Мирзиёев билік басына келгеннен кейін, Ташкент өзінің аймақтағы көршілерімен ынтымақты бекемдей түсетінін баса белгіледі. Әрі аймақтағы сыртқы саясатында тұрақтылық, татулық ұстанымдарын ұстанатынын көрсетті. Бұл, әрине, аймақтағы елдер үшін аса маңызды еді. Ташкенттің бұл ұстанымы өзбек- қырғыз арасындағы шешілмеген шекара дауына нүкте қойды. Тараптар даулы территориялық мәселені келіссөз арқылы біршама сәтті шешіп шықты. Соның өзі аймақтың ішкі мәселелеріне жағымды әсер берді.
«Аlmaty-akshamy», №82 11 шілде, 2023 жыл