Алматы қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жетістіктері: білім мен ғылымның жаңа стратегиясы» атты дөңгелек үстел болып өтті. Іс-шараны ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Алматы аймақтық ректорлар кеңесі бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров және ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президиум мүшелері мен академиктері, еліміздің жетекші ЖОО ректорлары мен белгілі ғалымдар, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – осынау отыз жылдың ішінде еліміздің ғылым мен білім саласындағы атқарылған жетістіктерімізге баға беру және алдағы міндеттерді айқындау.
Отырысты ашып, жүргізген модератор – Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы ректоры Тілектес Есполов бүгінгі таңда білім мен ғылым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының, сондай-ақ инновациялық жүйе мен адами капиталдың басты факторына айналғанын атап өтті.
Бұл бағытта Ұлттық ғылым ордасы отандық білімді, ғылымды дамытуда ерекше рөл атқарып келеді. Бүгінде ғылым саласында 23 мыңдай адам жұмыс жасайды. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындардың өсуі байқалады. Ғылым мен білім саласында оң өзгерістер жүріп жатыр. Мысалы, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Ғылым туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жоғары білімін интернационалдандыру стратегиясы бекітілді. Бірыңғай Орталық Азиялық жоғары білім кеңістігін құру туралы Декларация, Болон үдерісі хатшылығының Қазақстан Республикасының жоғары білім берудің ұлттық біліктілік шеңберін өзін-өзі сертификаттауы туралы есеп қабылданды, яғни қазақстандық жоғары оқу орнының дипломдарын барлық Еуропа елдерінде мойындайтын болады.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында 60 жылға жуық еліміздің ғылымына еңбек сіңіріп келе жатқан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, отандық ғылымды алға дамытушы көшбасшы, ұйымдастырушылық қабілетті жоғары, тектіден тамыр тартқан парасатты тұлға – Ұлттық академияны 18 жыл бойы басқарып келе жатқан академик Жұрынов Мұрат Жұрынұлының 80 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Мұрат Жұрынов ғылымның басты локомотиві – ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі ретінде еліміздің ғылым саласын дамытуға аянбай басшылық жасап келеді. Сондай-ақ, химия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Джорджтаун университетінің (Вашингтон) құрметті профессоры ретінде химия саласында 20 монографияның, 500-ден аса ғылыми мақаланың, 108 патенттің авторы атанды. Бұл туралы белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі және Президиум мүшесі Досым Сүлеев кеңейтілген баяндамасында толықтай атап өтті.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мұрат Жұрыновқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық ғылым мен білімнің дамуындағы қажырлы қызметі үшін алғысы жазылған мерейтоймен құттықтау хаттарын табыс етті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов академикке ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауларын жеткізді.
Алматы қаласы әкімінің атынан әкім орынбасары Ержан Бабақұмаров Мұрат Жұрыновқа "Еңбегі үшін" медалін, ал ҚР ҰҒА вице-президенті Ғалымқайыр Мұтанов "Қазақстан Жоғары мектебінің құрметті қызметкері" төсбелгісін, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы, Рахман Алшанов Қауымдастықтың орденін табыс етті.
Сондай-ақ, Мұрат Жұрынұлын жақын және алыс шетелдердің ғылым академияларының басшылары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының төралқа мүшелері, корреспондент-мүшелері мен академиктер, еліміздің жетекші ЖОО ректорлары, зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдар өкілдері құттықтап, оның жеке тұлғасының бірегейлігі мен әлемдік ғылымның дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Мұрат Жұрынов отандық ғылым ордасының басшысы ретінде, еліміздегі ең алғашқы ұлттық зерттеу университеті мәртебесіне ие болған және инновациялық білім мен ғылым жаңалықтарын енгізе отырып, аграрлық салаға қажетті кадрлар даярлау барысында елеулі жетістіктерге жеткен ҚазҰАЗУ-ға да жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Мұрат Жұрыновқа «ҚазҰАЗУ Құрметті профессоры» атағы беріліп, оны ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректоры Тілектес Есполов тапсырды.
Шара соңында академик Мұрат Жұрынов дөңгелек үстел жұмысына белсене қатысқандары үшін барлық әріптестеріне алғысын білдірді.
Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, іс-шараға қатысушылар талқыланған мәселелер бойынша ортақ пікірге келіп, Қазақстандағы ғылым мен білімнің рөлін жаңа сапалы деңгейге көтеруге және елдің инновациялық дамуындағы серпіліске ықпал ететініне сенім көрсетті.