2025 жылғы 30 маусымнан бастап Қазақстанда бет-әлпетті тұмшалайтын киімдерді қоғамдық орындарда киюге ресми түрде тыйым салынды. Бұл шешім елдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қабылданған.
Заң мәтінінде көрсетілгендей, кейбір жағдайларда бетті жабуға рұқсат беріледі. Атап айтқанда, қызметтік міндеттерді орындау, медициналық себептер, қолайсыз күн райынан қорғану, азаматтық қорғаныс мақсатында немесе спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу жағдайларында рұқсат етіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бұл шектеуді діни сенімге қарсы шара емес, ең алдымен қауіпсіздік қажеттілігінен туындаған қадам деп түсіндіреді.
Никаб: парыз ба, әлде дәстүр ме?
Бетті бүркейтін киімдерден бізге белгілісі - никаб пен паранжа. Никаб - кейбір мұсылман әйелдерінің бетін бүркеп, тек көзі ғана көрініп тұратын жамылғы. Паранжа да никабқа ұқсас, әйелдердің бөтен адамдарға жүзін көрсетпеу үшін жамылатын жамылғы. Бір ерекшелігі, паранжада торлы бетперде - чачван болады және бұл жамылғы алдыңғысына қарағанда ұзын әрі әйелдің кеуде тұсын толық жауып тұрады.
Сурет: islamnews.ru
ҚМДБ таратқан мәлімдемеде Құран мен хадиске сілтеме жасай отырып, бет-жүзді жабу мұсылман әйелдерге парыз етілмегені айтылған.
Құранда («Нұр» сүресі, 31-аят) былай делінген:
«Мүмин әйелдерге айт: «(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері (беті, қол-аяқтары) бұдан тыс және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін».
Хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әсмаға қарап:
«Балиғат жасына жеткен қыздың мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес», – деп, беті мен екі қолын көрсеткен (имам Әбу Дәуід).
Демек, бет пен қолды жабу міндетті емес. Бұл тұжырым қазақ халқының дәстүрімен де үйлеседі, өйткені халқымызда әйелдер бет-жүзін жасырып, бүркемеген.
Астана қаласындағы Ырыскелді мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы былай дейді:
«Бұл заң – діни сенімге қарсы емес. Мемлекет орамал немесе бас киімге тыйым салып отырған жоқ. Тек бетті толық жабуға шектеу қойылып отыр. Бұған қоғам қауіпсіздігі тұрғысынан қарау керек».
Имамның айтуынша, кейбір адамдар бұл мәселені бейнебақылаудан қашу немесе ішкі алауыздық тудыру үшін пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге сабырмен, түсіністікпен қарау қажет.
Шетелдік ислам ғалымдарының пікірі
Каирдегі әйгілі Әл-Азһар университетінің пәтуа кеңесінің бас хатшысы шейх Халед Омран да осыған ұқсас пікір айтады. Оның айтуынша:
• Киім – қоғамдық дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты мәселе;
• Құран мен Сүннет бойынша бет пен қолды жабу міндет емес;
• Никаб — кейбір елдердің дәстүрінен шыққан, бірақ діни парыз емес.
Шейхтің сөзінше, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларына ғана ерекше жағдай ретінде бетті жабу міндеттелген. Ал басқа әйелдер үшін мұндай талап болмаған.
Халықаралық тәжірибе және заңды іске асыру жолдары
Бетті толық тұмшалайтын киімдерге тыйым салу тәжірибесі бүгінде әлемнің көптеген елінде бар.
Мәселен, Еуроодақтың бірнеше мемлекетінде – Франция, Дания, Нидерландыда, сондай-ақ Шри-Ланкада қоғамдық орындарда никаб пен паранжа киюге заңмен тыйым салынған.
Орталық Азияда да осындай шектеулер бірнеше жылдан бері қабылданып келеді.
Қырғызстан 2025 жылдың қаңтарында никаб киюге заңмен тыйым салды. Заң күшіне енгеннен кейін елде рейдтер жүргізіліп, талаптың орындалуы тексерілді. Қырғызстанда бетін тұмшалағаны үшін 230 доллар көлемінде айыппұл салынады.
Ал Өзбекстанда 2023 жылдан бастап никаб таққандарға 250-380 доллар аралығында айыппұл қарастырылған. Тәжікстанда да мұндай шектеу бұрыннан бар.
Ал Қазақстанда қабылданған жаңа заңның қалай орындалатыны әзірге нақты белгісіз.
Осыдан он күн бұрын күшіне енген жаңа заңға қатысты:
«Заң талаптарын орындамаған жағдайда айыппұл салына ма? Оның мөлшері қандай?» – деген сұраққа жауап іздегенімізде, мамандар «Ресми мәлімдемеден өзге, нақты ақпарат берілмеген» деп жауап берді.
Заң қалай әзірленді?
Никаб пен паранжаға тыйым салу — бір күнде қабылданған шешім емес. Бұл мәселе кейінгі жыл бойы мемлекеттік деңгейде көтеріліп, талқыланып келген.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2023 жылдың соңында-ақ мұндай заңның қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Ол:
«Дін мен мемлекет – бөлек. Әр адамның діни сезімін құрметтеуіміз керек. Сондықтан әр шешім қоғаммен ақылдасып, жан-жақты талқыланып барып қабылданады. Паранжа мен никабқа қатысты ұстанымнан біз бас тартқан жоқпыз. Бұл – тек бір министрліктің емес, бүкіл қоғаммен ақылдасып шешілетін мәселе», – деген болатын.
Министрдің айтуынша, 2024 жылы бұл бағытта зерттеу, қоғамдық тыңдау, пікір алмасу жұмыстары жүргізілген. Ол дін саласы — министрлік алдындағы үлкен жауапкершілік екенін айта отырып, қауіпсіздік, құқықтық реттеу және қоғамдық келісім секілді үш негізгі міндеттің қатар шешілуге тиіс екенін атап өткен еді.