ffin.kz

 Қазақстан–Ауғанстан:  Қос тарап та мүдделі

 Қазақстан–Ауғанстан:  Қос тарап та мүдделі almaty-akshamy.kz

Астанада 2-3 тамыз аралығында Қазақстан мен Ауғанстан бизнес форумы өткені мәлім. Онда сауда қатынасын дамытуға қос тарап та мүдделі екені анық болды. Қазіргідей күрделі жағдайда барлық елдер үшін азық-түлік қауіпсіздігі басты орында тұр. Ауғанстан үшін қазақстандық экспорт сол елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Ал біз үшін экспорт бағытын әртараптандыру мен кең нарыққа жол іздеуде «тәліпті таянып, ауған жотасынан асу» керек болды.


Бірақ соған қарамастан тәліп өкілдерінің Астанаға келуі, олармен түрлі бағыттағы қа­рым-қатынасты дамытуға байланысты кере­ғар пікірлер де болды. Соның өзі қазақ-ауған қатынасында қос тараптың бірдей мүдделі тұстары қайсы деген мәселені терең қаузау керектігін көрсеткендей.



КӨРШІМІЗДІ БІЗБЕН БӘСЕКЕЛЕСКЕ АЙНАЛДЫРДЫ


Астанадағы бизнес форумы аясында сау­да-іскерлік қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі екенін екі ел өкілдері де растады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманға­рин де өз сөзінде: «Біз Ауғанстанмен қалып­тасқан сауда-экономикалық, көлік-логисти­калық және энергетикалық байланыстарды сақтауға мүдделіміз», – дегені бар. Егер те­реңдей қарастыратын болсақ, бұл Қазақстан­ның Ауғанстанмен қарым-қатынасты дамы­тудағы негізгі бағыты және көздеген мүддесі екенін көреміз. Былайша айтқанда, экспорт­тағы негізгі бағыттарымыз бойынша қазіргі тап болған қиыншылықтар бізге Ауғанстан­ды басып өтетін оңтүстік бағыттағы сауда дәлізін ашу қажеттілігін тудырады.



Тағы бір назар аударатын мәселе – Ресей факторы. Ресейге салынған санкция және оның астық келісімінен шығуы секілді жайт­тер солтүстік көршімізді бізбен астық нары­ғында қауіпті бәсекелеске айналдырды. Бы­лайша айтқанда, қазақстандық астық экспортының «дәстүрлі аймағына» айналып келе жатқан Ауғанстан, Пәкістан, Өзбекстан, Тәжікстан, Шығанақ елдері сынды бағытта енді ресейлік саудагерлер де жаңа екпінмен аралап жүр (Бұл туралы газетіміздің өткен санында сарапшы Айбар Олжай тереңдей түсіндіріп өткен болатын). Міне, осының өзі де бізді Ауғанстан және ол арқылы өтетін экспорттық орнымызды екіжақты байланыс­тарды дамыта отырып қайта бекемдеу қа­жеттігін тудырды.



Ал Ауғанстанның бізбен сауда-экономи­калық байланысты дамытуға деген мүддесі неден туып отырғаны жұртқа мәлім. Бір ауыз сөзбен айтқанда, біз Ауғанстандағы азық- түлік қауіпсіздігі үшін аса маңызды ел болып саналамыз. Ауғанстан – қазақстандық астық өнімдерін импорттаушы үлкен нарықтың бірі. Бір ғана мысал келтірейік, 2021 жылы ауған жеріне 895 мың тонна ұн экспорттаған болса, былтыр 1,3 миллион тонна жеткізген. Қазір елдегі тәліптердің билігі үшін азық- түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңыз­ды. Себебі, БҰҰ-ның өткен жыл соңындағы мәліметінде аталған ел халқы ашаршылық қаупінде екені айтылған. Бұл тұрақтылықты енді ғана қамтамасыз ете бастаған тәліп билігі үшін басты мәселе ретінде қарастыры­латыны сөзсіз. Оның үстіне, тәліптер түрлі белсенді дипломатиялық, сауда-экономика­лық іс-қимылдар арқылы ел ішінде және сыртында өздерін легитимді еткісі келеді. Бірақ бір нәрсе анық, біздің сауда-экономика­лық мүдде тұрғысынан қарым-қатынас орна­туымыз тәліптерді ресми түрде мойындау деп саналмайды.



ЖАСЫРЫН НАРЫҚ НЕМЕСЕ ЕЛЕУЛІ ДЕ ЕЛЕУСІЗ АУҒАНСТАН


Ауғанстанмен қарым-қатынасты дамыту­ға байланысты кереғар пікірдің болатыны рас, әрі оның да өзіндік негізі бар. Ең алды­мен, «Талибан» ұйымының біздегі ресми статусы. Бұл бізге ғана емес, Ресей, Қытай, араб елдері секілді ауған жұртымен өз мүд­десі тұрғысынан қалайда қарым-қатынас ор­натуға мәжбүр барлық тараптар үшін ыңғай­сыз жағы. Соның өзінде біз мойындасақ та, мойындамасақ та, ауған жеріндегі қазіргі реалистік түзілісте тәліптерден ауқымды билік платформасы жоқ.



ОРТА АЗИЯ ҮШІН МАҢЫЗДЫ


Сонымен бірге, Ауғанстанмен байланыс­ты дамыту Қазақстанның экспорттық бағыт­тарын әртараптандыруға қатысты екенін ес­керген жөн. Қазіргі сыртқы әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстанның осыған дейін сүйеніп келген экспорттық дәліздері үлкен қиындыққа ұшырап отырға­ны жұртқа белгілі. Ел экономикасының күре тамыры бір бағытқа ғана тәуелді болуы түбірлі мүддемізге үлкен зиян жеткізерін анық түсіндік. Сондықтан да қазір мемлекет тарабы түрлі елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды алға тарта отырып, негізгі экспорт жолдарын, теңізге шығатын қауіпсіз, сенімді, әрі барынша жылдам нұсқа­ларын қарастыру үстінде.



Әрине, Ауғанстан енді ғана салыстырма­лы түрде ішкі тұрақтылыққа ие болып келеді. Тәліптер ұзақ мерзімге елдің заңды билігі болып қала ма, қалмай ма деген сауалдар әлі де өзекті. Оның үстіне ішкі саяси жағдайлар, есірткі және терроризм қаупі, әлеуметтік дағдарыс батпағындағы елдің қал-ахуалы және т.б. себептер Ауғанстанмен баянды қа­рым-қатынас орнату қиын деген ой тудыра­ды. Бірақ біз Ауғанстанның Орта Азия үшін, тіпті Еуразия үшін аса маңызды ел екенін мойындауға тиіспіз. Ауғанстанды мұндай маңызды еткен нәрсе ең алдымен оның геог­рафиялық орналасуындағы артықшылық. Тұтас тарих бойында өркениеттерді, ел мен елді, аймақ пен аймақты тұтастырып жатқан «Азия жүрегі» деген атқа ие өңірдегі ел. Алыс құрлықтан АҚШ-тың 20 жыл бойы бұл елде әскер ұстап отыруы тегін емес. Ауғанс­танға ықпал ету арқылы Вашингтон белгілі деңгейде Азиядағы ірі ойыншыларға ықпал еткен еді.



Ауған жеріндегі 40 жылдық соғыс мемле­кет экономикасын тұралатып, халықтың әл- ауқатын нашарлатты. Дегенмен, Ауғанстан­дағы осы тұрақсыздық кезеңіндегі демографиялық өсімі таңдандырады. Соғыс басталмас бұрын 17 миллион шамасындағы ауған халқы, қазір 41 миллионға жетті. Бұл ең әуелі үлкен нарық ретінде менмұндалай­ды. Ондағы халықтың сатып алу қабілеті қазірше төмен болғанымен, ауған жұртын «аш нарық» деп сипаттауға болады. Астана­дағы форумда қазақстандық өңделген өнім­дерді экспорттауды баса қарастыру себебі де сондықтан. Міне, мұның бәрі қазақ-ауған қарым-қатынасын дамыту масштабты әрі салмақты себептерден болып тұрғанын көр­сетеді.


«Аlmaty-akshamу», №93, 5 тамыз, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07