Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр. Неге? Қанша жылдық тарихы бар берік отбасы институты не үшін әлсіреп барады? Aqshamnews.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, отбасылық гештальт-терапевт, психолог Ұлмекен Сәндібекқызымен әңгіме өрбітті.

Ұлмекен Сәндібекқызы
психолог, гешталь-терпаевт
Әдетте жұрттар не себепті ажырасады?
Психолог отбасылық мәселемен келетін жұптардың дауласатын себептері әртүрлі келетінін айтты.
"Бірі өзінің дұрыс екенін дәлелдеу үшін келеді. Екіншісі - шын мәнінде отбасын сақтап қалғысы келетіндер. Бірақ құлақ аспау, сезімге салқын болу қарым-қатынасты жиі бұзады", - дейді психолог.
Оның тәжірибесінде ажырасуға алып келетін 5 негізгі себеп бар:
- 
Бір-біріне, құлақ аспау;
 - 
Тек ерлер емес, әйелдер тарапынан да көзге шөп салу;
 - 
Тәуелділік (маскүнемдік, құмар ойын т.б.);
 - 
Психологиялық, эмоциялық қысым;
 - 
Отбасындағы дағдарыс, қажу, жаңаша байланыс орната алмау.
 
"Қаржы жетіспеушілігі де бар, бірақ ондайлар әдетте тек бір рет келеді. Негізгі проблема - эмоциялық сауатсыздық", - дейді ол.
"Бәріне әйел кінәлі": бұл қайдан шыққан түсінік?
Қоғамда "әйел шыдауы керек, бәрі әйелге байланысты" деген ұстаным әлі бар. Бірақ психолог мұны қате түсінік дейді.
"Ер адамға көзге шөп салуға болады, ал әйел жасаса катастрофалық қате деген түсінік әлі бар. Бұл - ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жалған сенім. Отбасы 50/50 жауапкершілік алып, құрылғанда ғана мықты болады", - деп қосты маман.
Оның айтуынша, көп ажырасу "жұрт айтты" деп асығыс құрылған некенің салдарынан да болады.
Бұрын "шыда" дейтіндер, қазір "алдымен өзіңді ойла" дегенге қалай көшті?
Бүгінде жастар арасында отбасылық құндылықтар өзгерді. Бұрын әйел көбіне қатігездікке де, қорлыққа да үнсіз шыдады. Қазір жағдай басқаша. Ұлмекен ханымның айтуынша, бұл түсініктердің өзгеруіне заманның дамуы да әсер етіп жатыр.
“Еті сенікі, сүйегі менікі” деген заман артта қалды. Қазір адам өз құнын біледі. Әйел жәбір көрсе, ол тек өзін емес болашақ ұрпағын жаралайды. Бір күн ана ауырса, бүкіл үйдің берекесі кетеді. Сондықтан әйелдің саулығы - отбасының амандығы", - дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.
Қай жаста отбасын құрған дұрыс?
Қазір жастар бұрынғыдан кеш үйленеді. Бұл дұрыс па?
"Биологиялық жас ештеңені шешпейді. Бірақ орта есеппен қыздар үшін 25–30 жас, жігіттер үшін 28–35 жас - саналы неке жасы. Адам “не үшін үйленемін?” деген сұраққа жауап бере алғанда ғана отбасын құрғаны дұрыс", - дейді психолог.
Кейінгі жылдары қыздардың "алдымен үй, көлік алып алайын" деуі де бекер емес дейді маман:
"Әр адам қауіпсіздік пен сенім іздейді. Тәуелсіз әйел бақытсыз отбасы құрмайды", - деді Ұлмекен Сәндібекқызы.
Еске салайық, қазір ел арасында танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен жары Мөлдір Мұқанның ажырасуы талқыланып жатыр.