Almaty-akshamy.kz сайтында жарияланған бүгінгі жаңалықтар – күн керуені
Некесіз баланың саны көбеймей ме?
ЭКҰ-ға ресми некеге тұрмаған жұптар да қатыса алады. Алматыда биыл экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы бойынша 3241 квота бөлінді.
МӘМС аясында халыққа қолжетімді болған қызметтің бірі — экстракорпоральды ұрықтандыру немесе ЭКҰ процедурасы.
«Әліппеден» демалыс...
Бірінші сыныптықтар тағы демалады. Қосымша демалыс 5-11 ақпан аралығында. Бірінші сынып оқушылары қосымша қысқы демалыста 7 күн демалады.
Террористік ұйымға қатысы болуы мүмкін
Осыған байланысты 22 жастағы қазақстандық Стамбулдан Алматыға депортацияланды. Тергеу материалдарына сәйкес Түркістан облысының тумасы 2020 жылы Сирияға кетіп, онда қарулы топтардың бірінің мүшесі болған.
ҰҚК Қылмыстық кодекстің 257-бабына сәйкес террористік әрекетке қатысу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруде.
Қастеевтің ізбасарлары
Оқушылар көрмесі «Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы» халықаралық байқауының аясында ұйымдастырылған.
Онда мүсін, анимация және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды. Қатысушылар балаң картиналарын халық суретшісінің өнерін зерделеп, шығармаларынан шабыт алып, әр түрлі техника қолдану арқылы бейнелеген.
Сорпа «шабуылы»
Францияда екі эко-белсенді Париждегі Луврда қойылған Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» картинасына сорпа құйған құтыларды лақтырды. Әйгілі шедевр оқ өткізбейтін әйнекпен қорғалғандықтан зардап шеккен жоқ.
«Қайсысы маңызырақ, өнер ме, әлде дұрыс және тұрақты тамақтану құқығы ма? Біздің ауылшаруашылық жүйеміз нашарлаған. Біздің фермерлер жұмыстарынан айырылуда. Әрбір үшінші француз күн сайын тамақтанбайды», — деп айқайлады сорпа шашқан белсенділер.
Кабирхан деген кім?
Кабирхан – Дубайда өткен жарыста өзінің артықшылығын тағы бір мәрте дәлелдеген, Кентуккиден сатып алынған асыл тұқымды араб жылқысы. Бұл жолы ол Longines ұсынған Al Maktoum Challenge (1-топ) жеңімпазы атанды, яғни оның қожайыны Тілек Мұқанбетқалиев 1 миллион доллар көлеміндегі бас жүлдені жеңіп алды.
«Үш те болса күш» дейміз бе?
«Канвондағы» жасөспірімдер Олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді. Қазақстан қоржынындағы 1 алтын, 2 қола медалімен 15-сатыда. Елімізге алғашқы алтынды Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден Ұлттық құрама қола медаль жеңіп алған.
Видеоның да өз мәдениеті бар...
Мейрамханаға, тойға, кез келген іс-шараға жолыңыз түсіп, барсаңыз қолына телефон ұстап, видео түсіріп жүргендерді көресіз. Видео түсірудің өзіндік этикасы барын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Заң бойынша мұның да ережесі, талабы, жазасы бар.
«Оскар» Алматыда!
Қазақ мемлекеттік циркінің эквилибрисі Таисия Демидова Монте-Карлодағы 46 Халықаралық цирк фестивалі аясында өткен «Жаңа ұрпақ» 11 фестивалінде «Қола юниор» сыйлығының иегері атанды. Бұл байқау әлемдегі ең беделділердің бірі болып саналады және цирк «Оскары» деп аталады.
«Бұл - цирк өнеріндегі ең беделді марапаттардың бірі. Біз Таисиямызға өте қуаныштымыз және оның мансабында үлкен биіктерге жететініне сенімдіміз. Алматы әкімдігі әртістеріміздің шығармашылық әлеуетін дамытуға көп көңіл бөледі», - деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
ChatGPT қазақтана ма?
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде Жасанды интеллект комитеті құрылады.
"Біздің институттарымыз әзірлеген ауқымды тіл моделі шығады. Ол модельді суперкомпьютерде жаттықтырамыз да, қазақша түсінетін өзіміздің тұңғыш ChatGPT пайда болады. Қазір бүкіл араб елдерінде өздерінің тіл модельдерін жасап жатыр. Оларға жеңілдеу. Өйткені, араб тілінде шыққан ғылыми еңбек, жазба әдеби мәдениет көп. Өкінішке қарай, өзімізді қанша мақтасақ та, бізде ондай мыңдаған жылдық кітапханалар жоқ. Мәдениетіміз де, өркениетіміз де ауызша. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп бүкіл БАҚ-тың, киноқордың мұрағаты негізінде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Соны жеңілдету үшін Оксфорд университеті көмектесті", – деді министр.