Жаз айлары - қазақ үшін той маусымы. Ал қазақтың тойы - ұлттың қуанышы мен салтанаты, ықылым заманнан келе жатқан мәдениет пен дәстүрдің айнасы. Алайда кейінгі жылдары ұлттық болмысымыздың дәні саналатын кейбір салт-дәстүрлер тойдан шеттетілік бара жатқандай. Бұл жайлы тарихшы-этнограф Бердалы Оспанмен әңгімелескен едік. Толығырақ Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан оқып, біліңіз.
Бердалы Оспан
тарихшы-этнограф
Тойбастар әні неге айтылмай барады?
Бердалы Оспанның айтуынша, қазіргі тойларда жиі кездесетін тойбастар дәстүрі өз мәнін жоғалтып барады. Бұрын тойбастар тек сыйлық табыстау емес, ең алдымен рухани мазмұны бар ән-жыр арқылы жасалатын. Онда той иесінің ата-бабасы, ел қорғаған батырлары, әулеттің қадірлі қариялары жайлы жыр айтылып, сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы мен әулеттің ардақты жолы дәріптелетін.
“Бүгінде бұл дәстүр тек материалдық құндылықпен өлшенетін болды. Рухани жағы көмескі тартып қалды. Қазіргі тойларда тойбастар ұғымы тек сыйлықпен сабақтасатын болды. Біз оның негізгі мәнін қайта жандандыруымыз керек”, – дейді этнограф.
Той тарқар – ұмыт қалған алғыс дәстүрі
Тойдың соңында айтылатын "той тарқар" дәстүрі де ұмытыла бастады. Бұл – тойды ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс білдіретін, ризашылық ниетпен жасалатын әңгіме мен тілек. Той иесі сол күнгі қуаныштың мәнін, кімдер қол ұшын созғанын, тойдың қалай өткенін айтып, келген қонақтарға ризашылығын білдіретін.
“Кел демек бар, кет демек жоқ” деген сөз осы тұста бекер айтылмаған. Бұл – қазақтың қонаққа деген құрметінің көрінісі. Қазір көп тойда той иелері жиын соңында тілек айтып жатады. Бұл ұқсас дәстүр. Бірақ нақты "той тарқар" деп аталатынын еске салып, қаперімізде ұстағанымыз абзал”, – дейді Бердалы Оспан.
"Отқа май құюды ширк дейтіндердің өзі – шірік"
Этнограф қазіргі қоғамда жиі сынға ұшырап жүрген отқа май құю дәстүрінің де мәнін ашып берді. Көпшілік бұл әрекетті діни тұрғыдан "ширк" деп қабылдап, оны теріске шығаруға тырысады. Алайда ғалымның пікірінше, бұл – қазақтың көне дүниетанымынан туған ырым.
“Барлық қазақ мұсылман болды деген түсінік шартты. Қазақ – ежелден өзіндік сеніммен, табиғатпен үндестікпен өмір сүрген халық. Отқа май құю – Жаратқаннан тілек тілеу мен жақсылық шақырудың символы. Бұл – салттан жеруден туған қорқыныш емес, оны түсінбеуден туған адасушылық. Көбі қазір мұны ұмытып барады”, – дейді ол.
Этнограф бұл дәстүрдің көркемдік түрде “Қыз Жібек” фильмінде өте дұрыс көрсетілгенін де атап өтті.
"Салт бұрмаланып жатқан жоқ, бейімделіп жатыр"
Бердалы Оспан салт-дәстүрлерге қоғам тарапынан жиі сын айтылатынын жоққа шығармайды. Бірақ оны бұрмалау емес, бейімделу үдерісі деп түсінуге шақырады. Оның айтуынша, дәстүрлердің қатты өзгеруі табиғи құбылыс, себебі Қазақстан аумағы кең, ал әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар.
Мысалы, беташар салтында оқтауды кішкентай ұл балаға ұстату немесе домбырамен қоса баян, аккордеон сияқты аспаптарды қолдану – бұл бұрынғы салтқа қарсы келу емес, жаңғыру, кеңею белгісі.
“Бұл 20 ғасырда пайда болған құбылыс. Жаңа аспаптардың қосылуы – музыкалық мәдениетіміздің дамуының белгісі. Салт деген – қатып қалған қағида емес. Ол – тірі ағза сияқты, заманға бейімделіп отырады”, – дейді этнограф.