Жақында әлеуметтік желіден «елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері құжатына ұлты деген жерге «қазақ» деп жаздыру керек» деген жазбаны оқып қалдым. Бұл ұсыныс енді ғана айтылып жатқан жоқ. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Ассамблея тарапынан «кез келген басқа ұлт өкілі егер қаласа, төлқұжатына қазақ, я қазақстандық деп жазса» деген ұсыныс айтылды. Қоғамдық ортада қызу талқыланып, БАҚ-тың өзекті тақырыбына айналған мәселеге біз де тоқталып көрдік.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі 16 жастан бастап беріледі және ол республика аумағында жарамды. Ал төлқұжат алғанша, анасының ұлты бойынша жазылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бап 1-тармағында: «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» деп жазылған. Ендеше, әркімнің құжатта ұлтын жазуға қатысты азаматтық көзқарасын білдіруге құқығы бар.
Әлемде 256 ұлт болса, соның 150-ден астамы біздің елімізде өмір сүреді. Жалпы, бір ұлттың бір ұлтқа сіңуі ғылым тілінде ассимиляция деп аталады. Мұндай үрдіс әлем елдерінде көп кездеседі. Ашық дереккөзде ұлттық ассимиляция ұғымына мынадай анықтама берілген: Бір этностың басқа бір этностың ықпалына түсіп және маргиналдық сатысынан өтіп, сол этносқа сіңіп, нәтижесінде өзінің ұлттық санасын жоғалту үрдісі арқылы этникалық бірігулердің түрі ұлттық ассимиляция деп аталады. Ұлттық идентификация – қандай да бір байланыстардың негізінде өзін ұлтпен теңестіру, сондай-ақ осы ұлттың құндылықтарын, нормаларын және үлгілерін өзінің рухтық әлеміне қабылдау үрдісі» деп жазылыпты.
Қазақстандағы этносаралық қатынас ассимиляцияға жата ма? Бұл туралы ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, әлеуметтану ғылымының докторы Айгүл Кәкімбекқызы: «Қоғамда бірнеше мәдени, тілдік, діни орта бар. Әралуан ортадағы белгілі бір топ сол ұлттың мәдениетін қабылдап, өзінің мәдени ерекшелігін жоғалтса, оны ассимиляция деп атаймыз. Оның түрлері бар. Бір өңірде бірнеше мәдениет қатар өмір сүріп, бір-бірінің этностық ерекшеліктерін қабылдайды, бірақ өзінікін де жоғалпайды. Біздегі этникалық топтар қазақ халқының өмір сүру мәдениеті мен өзінің салт-дәстүрін қатар алып жүреді. Сондықтан Қазақстандағы мұндай үрдісті ассимиляцияға емес, аккультурацияға жатқызамыз. Біріншісінен гөрі, аккультурация процесі байқалады. Елдің ішкі мәдениетін қабылдап, бірге дамытып келеді. Міне, бұл көпэтносты мемлекет үшін өте маңызды. Ал ұлттық ассимиляция ғылыми тұрғыда өзгеше болады. Мысалы, басқа этнос өкілі қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық киімін кисе, ассимиляцияға ұшырады деп айта алмаймыз. Себебі, олар бәрібір де өз дәстүрін, тілін жоғалтпады. Ал салыстырмалы түрде қарасақ, бұл жерде мемлекеттік бірегейлікке басымдық беріледі. Сондықтан Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгереді. Заңын, өмір сүру салтын қабылдайды. Құқықтық, экономикалық негіздеме бәріне ортақ. Ұлттық ассимиляцияға ғылыми тұрғыда келіспеймін. Өзге этнос өкілі өзін қазақ деп санаған күннің өзінде, ол ұлттық ассимиляцияға жатпайды. Ол – ұлттық бірегейлік. Зерттеулер мен ұлттық санақтың нәтижесінде Қазақстанда өмір сүретін этникалық топтар ана тілін, дінін сақтап келе жатыр. Сондықтан мұны бір сөзбен айтқанда, аккультурация және ұлттық бірегейліктің қалыптасуы деп айтар едім», – дейді.
· Сіз не дейсіз?
Ахмет ӨМІРЗАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ақын, журналист:
Ұлт − саудаға салынбайтын ұғым
Қоғамда әртүрлі үдерістер болып жатады. Оған әсер етуші факторлар да көп. Бірақ бірнәрсе аян: ештеңе де күштеп, зорлықпен қолдан жасалмауы тиіс. Ал үдерістер табиғи түрде жүрсе, оған ешкім де өкпелей алмайды. Осыны ескеру керек. Бұл үрдіс қашанға дейін созылатынын болжау қиын, түбінде ұлттық дәрежеде ойлап, тайпалық көзқарастардан арыла алсақ, бәлкім, ұлт туралы түсінігіміз де өзгерер, бірақ жақын арада оған мүмкіндік жоқ-ау. Бүгінгі қазақтың уайымы көп, өйткені жеріміз үлкен, халқымыз аз. Сондықтан адам саны жүздеген миллионға жетіп, мемлекетіміз мықты елге айналмай тұрғанда халықтың жанды жеріне тиіп, этникалық мәселелерді қозғаудың қажеті жоқ. Қазақ болудың бүгінде екі жағы бар: этникалық және рухани. Тегің жағынан қазақ болып танылу бір міндет болса, жан-дүниең (тілің, ұстанатын салт-дәстүрің, пайым-парасатың) жағынан қазақ болу да парызың. Сонда ғана толық қазақ саналасың.
Ал енді шыққан тегің жағынан өзге тамырдан тарасаң да қазақ болғың келсе, оны заң бекер демейді. Бірақ қазақ тілін, салтын, тарихын, мәдениетін толыққанды игермей тұрып қалай қазақпын дей аласың? Жасыратын несі бар, бізде тегі жағынан қазақ, төлқұжатында солай жазылған, тіпті ата-бабасын ел танитын, бірақ қазақ тілін мүлде білмейтін, ұлтының салт-дәстүрінен мақұрым қазақтар бар. Олар әзірге қазақ санатында. Бірақ болашақта оларды кім дейміз, ол да бір мәселе. Бәлкім, осындайларды көріп, өзге ұлт өкілдері арасында «төлқұжатқа қазақ деп жаздырсақ жеткілікті екен ғой» деушілер бар шығар. Нағыз қазақ болу үшін екі жағы да тең болуы керек екенін естен шығармау керек. Құжат жүзінде қазақ болу ештеңені шешпейді, тек рухани әлеміміз қазақ болып, Қазақстанды сүйіп өмір сүрсек жеткілікті. Өйткені, ұлт − саудаға салынбайтын ұғым.
Аяулым САҒЫНБАЕВА, Ксенофобия проблемаларын зерттеу орталығының директоры, ұлттық эксперт-демограф:
Қоғам тұрақтылығы – азаматтық бірегейлікте
Этносаралық қатынаста бұл өте маңызды тақырыптардың бірі. Қоғам пікірін екіге жарған бұл мәселенің көтерілгеніне бес-алты жылға жуық уақыт болды. Біреулер мақұлдаса, енді бірі «этникалық болмысымызды жоғалтамыз» дегенді айтты. Біріншіден, біз біртұтас қоғам болуымыз үшін бөліністен аулақ болып, азаматтық бірегейлікті алға қоюымыз керек. Ол алдымен, ҚР азаматы екендігін ұмытпау деген сөз. Күнделікті өмірде де, шетелге шықсақ та қай ұлттан екенімізді емес, қай елден екенімізді айтамыз. Дамыған елдер азаматтық бірегейлікті этникалық бірегейліктен жоғары қояды. Мәселен, Франция, Германия мен Америка Құрама Штаттарында «мемлекеттік», «азаматтық» деген ұғымдар бірінші орында тұрады. Кезінде құжаттан этностық белгіні алып тастау жөнінде ұсыныс айтылды. Ол белгі құжатта жазылмаса да, барлық ақпарат базада тұрады. Қазір заң бойынша кез келген адам өзінің құжатында этносын көрсетуге, я көрсетпеуге құқылы. Әркімге ерік берілген. Ал он алты жасқа дейін баланың құжатына әкесінің емес, анасының этносы бойынша жазылады. Құжатта жазылсын-жазылмасын оны ешкім жоққа шығара алмайтыны анық. Бірақ түрлі ксенофобиялық көзқарас қалыптасуы мүмкін. Сондықтан қоғам мен этносаралық қатынастың дамуына қатысты бұл мәселеде мемлекеттің қауіпсіздігін назарға алған жөн. Сондай ақ, қоғамда өзге этнос өкілдері өздерін «қазақ» деп жазып жүр деген тағы бір үрей бар. Санақта этникалық болмысты сұраған кезде азаматтар көбіне құжат бойынша емес, өзін қай этнос өкілі ретіне сезінетінін жазады. Меніңше, бұл мәселе этносаралық кикілжіңге әкелуі мүмкін. Этносаралық қатынас – өте сезімтал қатынастардың бірі. Осы тұрғыдан қарағанда, жазу-жазбаудың ешбір негативті байланысы болмайды, «қазақ» деп жазғаннан ештеңе өзгермейді. Қоғам тұрақтылығын қаласақ, ең дұрысы құжатқа «Қазақстан азаматы» дегенді ғана жазу керек. Тағы бір шетін алып қарасақ, қазір Қазақстан азаматтығын, «қандас» статусын алу үшін қазақ екенін дәлелдеу керек. Оны дәлелдеу үшін төлқұжатта «қазақ» деп жазылуы тиіс. Ауғанстан, Иран, Ирак жақтан келгендерге қиындау болуы мүмкін. Бұл үрдіс кезінде осындай аспектілерді де қарау керек болады. Сыртқы күштердің алауыздығы артып, қауіп күшейген тұста дәл қазір қозғап, мәселені кеңейтудің қажеті жоқ.
- САУАЛНАМА
Қазақ қоғамы басқа ұлттың құжатына «қазақ» деп көрсетуді аса қолдай бермейді. Біз Қазақстанда өмір сүретін өзге ұлт өкілдерінің ойын білу үшін әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде 70%-ынан «жоқ», 20%-ынан «иә», 10%-ынан «ұлтын көрсетпей, «қазақстандық» деп жазу керек» деген жауап алдық. Бізбен тілдескен жандардың пікірі төмендегідей.
Амина УСЕНОВА, Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының актрисасы:
Алма ешқашан өрік болмайды
Әрине, мен Қазақстанда туып, осында өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Бірақ ұлтымды өзгертіп көрсетуге қарсымын. Жеке куәлікте өзгергенімен, басқа ұлтқа айналмайсың ғой. Алма ешқашан өрік болмайды емес пе?! Мені Жаратқан иеміз ұйғыр етіп жаратты, құжатыма да солай жазылғанын қалаймын. Қазақстан өзінің көпұлттылығымен танымал. Бастысы, елімізде тыныштық, татулық болсын!
Гунеш АМЗАЕВА, дәрігер:
Әділетсіз болар еді...
Ата-әжем 1944 жылы Грузиядан қоныс аударған. Олар басында қазақ тілін білмейтін. Уақыт өте келе, үйренді. Негізі қазақ тілі түрік тіліне ұқсас. Анам қазақ тілін жетік біледі. Кішкентай кезімде маған да үйретіп, екі тілде қатар сөйлейтін. Мен Қазақстанда туып-өстім. Орыс мектебінде оқысам да, бала кезден қазақша еркін сөйлеймін. Мемлекетіміз көпэтносты болғандықтан, өзге ұлт өкілдерінен достарым көп. Университетті де орыс тілінде бітірдім, бірақ бұл қазақша сөйлеуіме кедергі болмады. Алматы қаласына оқуға түскеннен кейін араласатын ортам өзгерді. Мемлекеттік тілді білетінім көп жерде көмектесті, оқытушыларыма да ұнады. Менің мамандығым әртүрлі ұлт өкілдерімен тығыз байланысты және барлығы дерлік мемлекеттік тілді біледі. Менің ұлтым – түрік. Қазақ халқын жақсы көремін. Бірақ құжатта бір елде тұратын азаматтардың өз ұлты жазылуы керек деп санаймын. Қазақстанда әртүрлі елден қоныс аударған немесе осы жерде туған этностар көп. Егер олардың бәрінің құжатында бірдей ұлт жазылса, онда бұл нағыз ұлтқа қатысты әділетсіз шешім болатын еді. Қазақстанның әр азаматы қазақ тілін білуге міндетті, бірақ бұл – бір ұлт болу дегенді білдірмейді.
Махсум МАХСУТОГЛЫ, инженер:
Қолдаймын!
Мен үшін қай ұлттан емес, қандай адам екенің маңызды. Иә, маған басқалар сияқты адамның ұлты жағынан айтарлықтай мәселе туындамайды. Мен күрдпін, бірақ өзімді қазақ деп санаймын. Бұл мәселеде әркім өзі таңдау жасауы керек. Егер менің жеке ойымды білгіңіз келсе, мен қос қолымды көтеріп, қолдаймын. Құжатқа «қазақ» деп жазуға қарсы емеспін. Менің өскен, білім алған, жұмыс істеген ортамда үнемі қазақтілді адамдар болды. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Біз осы елдің азаматымыз. Біз де өзімізді қазақ деп санаймыз. Екі ұлттың менталитетіндегі айырмашылықтарға қарамастан, мен мектеп жасымнан бері әрқашан ұлтымның «қазақ» болғанын қаладым. Бұл ойымнан ешқашан айныған емеспін.