немесе державалар бәсекесі ұсынған жаңа мүмкіндік
Қытай халықаралық ықпалын арттыру үшін «қарыз дипломатиясын» жүргізеді дейтін сындар батыстық саясаткерлер жағынан жиі айтылады. АҚШ бастаған Батыс елдері Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына түрлі кедергі қоюға күш салуда. Бейжің бұл жобаны Шығыс-Батыс ортасындағы тиімді сауда- экономикалық желі ретінде ұсынса, америкалық саясаткерлер оны «қарыз тұзағы» деп айыптайды. Көріп отырғанымыздай, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік түрлі салаларға қарай тереңдей түскен.
АҚШ саясаткерлерінің айтуынша, қытайлық жоба дамушы елдерді терең қарызғ а батырып , өзге елдер мен халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алуына кедергі келтіреді. Былайша айтқанда, Қытайға көп мөлшерде берешегі болғандықтан несиелік рейтингі төмендеп, дефолдтқа ұшырайды. Ал осы жағдайды алға тартқан америкалық саясаткерлер Бейжіңді өз ықпалын жоғарылату үшін мұндай қадамға әдейі барады деп санайды. Әрі бұған «қарыз дипломатиясы» деген атты да қойған.
Әдетте, бір елдің қарыз алу не қайтару қабілетін Халықаралық несиелік рейтинг агенттіктері бағалайды. Бұндай агенттіктердің есебінде Қытайға аса көп мөлшерде берешегі бар елдердің рейтингі төмендеп кетеді. Сәйкесінше, өзге несиелеуші ұйымдар төмен рейтингтегі елдерге қарыз бергісі келмейді. Бірақ бір қызығы, аталмыш рейтингті бағалайтын ең ірі агенттіктердің бәрі дерлік АҚШ пен Брит анияда орналасқан. Ең үлкен үшеуін атайық – Standard & Poor’s, Moody’s (екеуі де Нью-Йоркте) және Fitch Group (Нью-Йоркте, Лондонда). Бұл үшеуі де жаһандық корпоративтік және мемлекеттік облигацияларды бағалау саласына үстемдік етеді. Әрі елдің мемлекеттік тәуелсіз несие рейтингіне абсолютті түрде әсер ете алады. Инвесторлар мен несиелеуші ұйымдар олардың шығарған есептерін басшылыққа алады.
Қытайдың ауқымды жобасы аясында инвестиция мен несиелер беру әрекетін АҚШ саясаткерлері тек сынаумен ғана шектеліп келген. Егер өзге мемлекеттер мен халықаралық қаржы ұйымдары несие бермесе, онда Қытайдың ықпалы тіптен күшейе береді. Сынап қарап отырудың жеткіліксіз екенін енді білгендей, америкалықтар жаңа шараларға көшті. Себебі, олар бұл арада өз мүдделерін де жоғалтып жатыр.
14 маусым күні Демократиялық партияның өкілі Брэд Шермен АҚШ үкіметіне күтпеген ұсыныс жасады. Яғни үкіметті аталған ірі халықаралық рейтинг агенттіктерімен келісімге келуге, Қытай қарызына батқан елдердің несиелік рейтингін төмендетпеуге шақырды. Шермен бұл ұсынысты Өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің отырысында ортаға салды. Оның есебінше бұл Бейжіңнің «қарыз тұзағының» күшін әлсіретуі мүмкін.
Егер АҚШ үкіметі халықаралық агенттіктермен мұндай келісімге қол жеткізе алса, бұл іргеміздегі Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдер үшін жаңа мүмкіндік деуге болады. Онда бағалау рейтингінің жаңа деңгейімен қайта несиелеу арқылы Қытай қарызынан шығуына жол ашылады. Өз кезегінде бұның біздің елге де әсері болуы мүмкін. Жаңа бағалау рейтингі қайта несиелеуге мүмкіндік беріп, Қытай қарызын өзге шетелдік қарызбен өтеуге де жол ашылуы мүмкін.
Тағы бір жайт, америкалық заң шығарушылар барлау агенттіктерін Бейжіңнің шетелдегі парақорлығына қатысты мәліметтерді жариялауға шақырып жатыр. Өз жоба ларына т арту мақсатында парақорлық фактілері бар деп есептейді. Бұған қоса, Қытай несиесінің жемқорлыққа жол ашатын жағы да бар. Тарата айтсақ былай , Батыс елдерінің несиелері қатаң қаржылық бақылаулар астында игеріледі. Талаптары қатаң. Кейбір елдердегі жемқор жүйелердің жеміне айналып кетпеуін қадағалай отырып береді. Ал Қытай несиесін алу үшін мұндай қатаң шарттар жоқ. Тиісінше, бұл жемқорлыққа белшеден батқан елдегі лауазымдылар үшін май шелпекке айналған. Қаржы жемқордың қалтасына кеткенімен, оны қайтару бәрібір мемлекеттің мойнында қала береді.
Америкалық саясаткерлердің көздеп отырғаны, осы екі түрлі жағдайға қатысты деректерді жариялай отырып, «қарыз дипломатиясының» ықпалын әлсірету болса керек. Шермен секілді америкалық шенеуніктердің ұсынысы қаншалық жүзеге асары әзірге белгісіз. Бірақ бұл жағдай державалар арасындағы текетірестің кейбір дамушы елдерге оң ықпал тигізетінін айғақтайды. Біздің мемлекетіміз бен қоғам тарапынан мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әбден болады.