Сараптама
9 шілдеде Өзбекстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Елдің орталық сайлау комиссиясы 4 үміткерді тіркеген. 7 маусымнан сайлауалды насихат болып жатыр.
Үміткерлерді 4 саяси партия ұсынды. Қазіргі Президент Шавкат Мирзиеев Либерал-демократиялық партия атынан саяси бәйгеге түсуде. «Адолат» социал-демократиялық партия Робахон Махмудованы ұсынды. Ол үміткерлердің ішінде жалғыз нәзік жанды. Келесі үміткер Улугбек Иноятовты Халықтық-демократиялық партия ұсынды. Сайлаудан экология саласы да тыс қалмады. Соңғы үміткер Абдушукур Хамзаевті Экология партиясынан бақ сынап көреді. Бастапқыда 5 партия тіркелген. Бірақ «Миллий тикланиш» Шавкат Мирзиеевті қолдап үміткерін ұсынбады.
Елді басқаруға үміткерлердің алдағы 7 жылға стратегиясы болуы тиіс. Ол стратегия сайлауалды бағдарламаларында көрініс табады. Ендеше, үміткерлердің бағдарламаларына сараптама жасап көрелік.
Өзбекстанда билік транзиті аяқталды
2017-2022 жылдары елдегі саяси институттар трансформацияланды. Билік транзиті бейбіт жолмен жүзеге асты. Осы уақыт ішінде мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесіне біршама өзгеріс жасалды. Бір-бірінің ісін қайталайтын 110 тиімді емес құрылымдар жойылды. Жаңа заман талаптарына сай 10 министрлік пен ведомства құрылды.
Сондай-ақ, елде парламенттің рөлін арттыруда көлемді жұмыстар атқарылды. Үкімет сағаты институты енгізілді. Онда министрлер халық қалаулыларына есеп беретін болды. Ал 2019 жылдан бастап Үкімет жылына 4 рет Олий Мажлисте есеп бере бастады. Енді жаңа идеологиялық бағдарды таңдау қажет болды.
Шавкат Мирзиеев 2021 жылдан бері өз сөздерінде «Жаңа Өзбекстан» сөзін қолдана бастады. Сөйтіп, 2022 жылы «Жаңа Өзбекстан» даму стратегиясын бекітті. Ол 2026 жылға дейінгі мемлекеттік стратегияны қамтыды. Осылайша, жаңа мемлекеттік идеология қабылданды.
Алайда, саяси реформалар мұнымен тоқтамады. Биыл ел конституциясына біршама өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзарды.
Шавкат Мирзиеев су мәселесін шешуге бел буды
Шавкат Мирзиеев негізгі үміткер екені сөзсіз. Себебі өзі бәсекеге түскен соңғы екі сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетті. 2016 жылғы 4 желтоқсанда сайлауға қатысушылардың 88%-дан астамы оны қолдады. Ал 2021 жылғы сайлауда 80%-дан астам дауыс жинады.
Қазіргі мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында 5 стратегиялық бағыт ұсынуда. Бағдарламаның негізгі бағыты әлеуметтік сала. Шавкат Мирзиеев білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау мен кедейлікті жоюға баса назар аударуда.
Болжам бойынша 2030 жылға қарай халықтың саны 40 млн-ға жетеді. Осы бағытта Шавкат Мирзиеев өз бағдарламасында көлемді жұмыстар атқарылуына уәде етуде. Алдағы мақсат – жаңа мектептер мен балабақшалар, емханалар салу.
Экономикалық сала да назардан қалмаған. Алдағы жоспар ауқымды. 2030 жылға дейін жалпы ішкі өнімді екі есе көбейту қажет. Жоспар бойынша елдің бір жылдық табысы 160 млрд АҚШ долларды құрауы тиіс. Ал жан басына бөлгенде бүгінгі 2000 доллар 4000 долларға ұлғаюы керек.
Дегенмен бағдарламаның біз көңіл бөлетін тұсы бұлар емес. Алдағы уақытта көршіміз су мәселесін шешуге мықтап кіріспекші. Егер қазіргі Президент алдағы сайлауда жеңіске жететін болса, сыртқы саясатта осы мәселеге аса мән береді. Себебі бағдарламада Орталық Азия аймағы сыртқы саясаттың негізгі бағыты ретінде аталған.
Өзге үміткерлер де қалыс қалмауда
Улугбек Иноятов әлеуметтік саладан шыққан маман. Өз бағдарламасында да осы салаға аса мән берген. Халықты жұмыспен қамту, кедейлікпен күрес, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету секілді мәселелер басты назарға алынған. Сонымен қатар, үміткер білім беру мен денсаулық сақтау саласын қолға аламын деп уәде беруде.
Келесі үміткер Абдушукур Хамзаев экологиялық мәселелерді көтерген. Ол бағдарламада Арал қасіретіне баса назар аударған. Арал суының тартылуын сол аймаққа жасыл желкендерді егу арқылы шешуді ұсынып отыр. Сондық-ақ, ол энергетикалық қауіпсіздік, су мен жерді қорғау секілді мәселелерді шешуге уәде беріп отыр.
Биылғы сайлауда гендерлік баланс та сақталуда. Робахон Махмудова әлеуметтік саламен бірге елде заңның үстемдігін орнату, жемқорлықпен күрес мәселелерін көтеруде. Өзге үміткерлерден ерекшелігі, жергілікті өзін-өзі басқаруға көңіл бөлген. Осы бағытта жергілікті атқарушы органдардың үстінен бақылауды күшейтуді ұсынады.
Сонымен қатар, Робахон Махмудова азаматтық қоғамның дамуы қажет дейді. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар мен БАҚ институттарының қоғамдағы рөлін арттамын деп уәде етуде.