ffin.kz

Оқырман мен кітаптың адал досы

Оқырман мен кітаптың адал досы Сурет: Almaty-akshamy.kz

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – қаладағы А.П.Чехов атындағы орталық  кітапхананың «Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің» қызметкері Айнұр Балаубаева. Жоғары білім иесі. Ол осы кітапхана есігін ашқанға дейін «кітапханашы тек оқырманның сұраған кітабын тауып беріп, мүлгіген тыныштықта үнсіз ғана отыратын адам» деп ойлаушы еді. Мүлдем олай емес екен. Кітапхана – нағыз қайнаған тіршіліктің, руханияттың ұясы болып шықты.


Әкесі газет-журнал дегеннен ақшасын аямайтын, көп басылымдарды жаздырып алатын. Пошташы үйге «Жалын», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарын, «Қазақстан пионері» және тағы басқа да газеттерді алып келгенде, бәрі таласа-тармаса оқитыны есінде. Әдебиетке, сөз өнеріне, көркем шығармаларға, жалпы көркемдікке махаббаты сол шақта оянған секілді.


Осыдан бес жыл бұрын іздеп жүріп, кітапханаға келіп түйіндемесін қалдырып кеткен болатын. Айнұрмен біраз сөйлескен кітапхана әкімшілігі оны небәрі екі аптаның ішінде жұмысқа қабылдады. Көзі ашық, көкірегі ояу екенін танығаннан болар.


Осында келгелі  түрлі әдеби-танымдық кештер, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Секен Тұрысбеков сынды тұлғалардан бастап, көптеген зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, мәдени іс-шаралар өткізіп, алғысқа бөленіп жүрген жайы бар. «Жайықтың ақ шағаласы атанған» ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның Алматының орталық кітапханасына келіп қонақ болып кеткенін әлі ұмытпайды. Поэзияға толы керемет, әсерлі кездесудің соңын ақынның кітапханашы Айнұрдың өнерлі, әнші қызы Кәусарға берген батасы түйіндегенде, жүрегі толқыды. Ақ бата қабыл болды ма екен, бүгінде бүлдіршін Кәусардың сөздері түйдек-түйдек, түйеден түскендей сөйлеп қоятыны бар арасында. Кішкентай болса да сөз қадірін түсінетініне қуанады. Осы кеште ақынға тосын сый жасап, бір кішкентай баланың сартылдатып өлеңін оқып бергені бар-ды. Айнұр кештің ұйымдастыру шараларымен жүріп кейін аты-жөнін нақтылап алуды да ұмытып кетіпті. Қазір сол сәулелі бала, кішкентай оқырманымыз қайда жүр екен деп ойлап қоятыны да  бар кей-кейде. 


Сондай мәдени-рухани кештерге қатысқан және өз керегін іздеп келіп, тапқан оқырмандар алғысын білдіріп жатса, бұл салада бекер жүрмегенін сезініп, өзін бақытты сезінетінін де жасырмады. Иә, ол сүйікті ісіне деген шабытты ойлы оқырмандарының алғысынан алады.



Әрдайым «Кітап көздің көру қабілетін жақсартуға себеп болады және адамның ойлануына, оқиғалар мен кейіпкерлерді көз алдына елестетуге мүмкіндік береді. Сол себепті оқырман мен кітапхана тығыз байланыста болуы қажет» деген пікірдегі Айнұр бүгінгідей гаджеттер, ғаламтор үстемдік құрған заманда жастардың тегіс кітаптан «безіп» кетпегенін, қайта олардың арасында кітапқұмарлардың көбейіп келе жатқанын аса ықыласпен айтып отыр.



 – Бізге келетін жастар өте көп, кітапхана демалыссыз таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Біз қалайда жас буынды кітаппен достастырғымыз келеді. Өйткені, жастардың келешекте өз саласының нағыз маманы болып қалыптасуына, көркем мінезді, білімді болуына кітаптың берері мол екені сөзсіз. Қағаз бен қаламды, өнерді серік еткен белгілі тұлғалармен кездесу кештерінде олар өздеріне қызықты сауалдарын қойып, тым болмаса жазылған кітап туралы ақпарат алып кетеді. Кітапты жанына серік еткен жастар мұндай іс-шараларды жібермейді. Мысалы, таяуда Шерхан Мұртаза атамыздың 90-жылдық мерейтойына арнап «Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі» атты әдеби-сазды кеш өткіздім. Керемет өтті. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері «Мылтықсыз майдан» шығармасынан сахналық қойылым ұсынды. Әшірбек Көпіш ағамыз «Шер-ағаңның өзін көргендей болдым» деп жастарға ризашылықпен батасын берді. Осы кешке келген жастар болашақта Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Қабдеш Жұмаділов сынды қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы білсек деп, басқа да көзі зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастыруды өтініп кетті. Осындай жастар бар кезде жастар кітап оқымайды деп қалай айтамыз?! – деп тебіренді Айнұр замандасымыз.



Осы аптаның басында кітапханада Айнұр Балаубаеваның ұйымдастыруымен тағы бір әдемі кеш өтті. Қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевке арналған «Қаһарман Нұрғиса» және «Ғасыр сазын тербеген» кітаптары таныстырылып, оқырманға жол тартты. Нұрғиса Тілендиев дегенде есімізге бірден «Отырар сазы» оркестрі түседі емес пе. Осы оркестрде бұрын дирижер, Нұрғисаның көмекшісі болған, қазіргі күні К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының оқытушысы Сейітқали Қашағанов пакетпен кіріп келе жатқанда Айнұр қатты таңырқаған. Сөйтсек ол кісі ұзақ жылдар сақтаған, сазгердің көзі тірісінде өзіне берген екі кітабын, үйге киген шапанын көтеріп келіпті. Күйші-сазгердің музейіне табыстады. Осындай әдеби, мәдени кездесулерді жиі ұйымдастыратын және содан ләззат алып рахаттанатын кітапханашы жастардың жүрегіне руханияттың дәнін себе алмас, мақсатымның орындалғаны дейді.


● Қысқа-нұсқа


– ЕҢ СҮЙІКТІ КІТАБЫҢЫЗ бен ЕҢ СҮЙІКТІ КЕЙІПКЕРІҢІЗ? 
– Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы. Ондағы Ербол мен Меңтайды жақсы көремін.
– ҮЙІҢІЗДЕГІ КІТАП ҚОРЫ ҚАНША? 
– Біраз бар. Көп деп те, аз деп те айта алмаймын. Әр қазақтың үйінде бар  М.Әуезовтің «Абай жолынан» бастап, тарихи кітаптар, небір мықты ақын-жазушылардың кітаптарын жинағам, әлі де жинап жүрмін.
– ХОББИІҢІЗ?
– Адамдармен сөйлесіп, олардың тілін таба білу. Екінші хоббиі – кітап оқу. Соңғы оқыған кітабым – Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағы».
– БАЛАҢЫЗ КІТАП ОҚИ МА?
– 2-сыныпта оқитын Кәусар атты қызым бар. Алты жасынан гимназияда оқып жүр. Кітапты жақсы көреді. Жаттауы тез, бірдеңе оқыса қағып алады. Небір байқаулардың жеңімпазы. Ол – менің мақтанышым.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04