ffin.kz

Нұртөре Жүсіп: Өзгерісті көрмейтін адам көрмейді

Нұртөре Жүсіп: Өзгерісті көрмейтін адам көрмейді almaty-akshamy.kz

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді. Ал ХХІ ғасыр – ғылым мен технологияның алтын дәуірі. Осы жолда материалдық құндылық пен рухани азығымызды шатастырмау қажет-ақ.
Қазақ елі өзінің оң-солын танып, дамыған державалар қатарына өтуді көздейді. Сондықтан алда саяси-экономикалық һәм әлеуметтік мәселені түбегейлі шешу міндеті тұр. Осы және өзгеде сауалдар төңірегінде Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіппен сұхбаттасқан едік.

– Жолдау жөнінде ой-пікір білдірсеңіз...
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы Парламент сессиясының ашылуына тұспа-тұс 2 қыркүйекте өтті. Жыл сайынғы дәстүр жалғасып келеді. Өткен жолғысында көбінесе экономикалық сипат пен сол мағынадағы сөздер айтылды. Жаңа экономикалық бағдар белгіленген болатын. Соған сай экономиканы әртараптандыру ісіне серпін берілді. Инфляция біршама төмендеді. Халықаралық резерв қоры – 100 миллиард доллардан асты. Әсіресе, Қазақстанға жетпей тұрғаны – өңдеу өнеркәсібі, тау-кен саласы және т.б. жаңа инновациялық жаңалықтарды керек ететін өндірістерді жылдам жүзеге асыру.

Осыған орай инвестицияны тарту мәселесі өте өзекті. Осыған да назар аударылды. Сонымен бірге, азаматтардың табысын арттыруға қатысты біраз сөздер айтылды. Егер бұл үйлесім тапса, қолдан келетін шаруа екендігін айтты. Экономика өскен сайын орта таптың күшеюі заңдылық. Бізге шағын және орта бизнесті жедел жолға қою маңызды. Елге пайдалы жобаларды көбейту керектігін атап өтті.

– Банк туралы заңды жаңартуға көзқарасыңыз қалай?
– Ел экономикасы – мемлекет өзегі. Сол тұрғыдан алғанда көптеген мәселе келесі Жолдауға ауысып отыратыны да заңдылық. Алдыңғы және кейінгі тапсырмалар кейде толық орындала бермей жатады. Әсіресе, банктер ел экономикасын еселеуде ештеңе істемеді деуге болады. Сол себепті де, «Банктер туралы» жаңа заң қажет делінді. Бәсекелестікті белсенді түрде қолдау сияқты проблемаларға, бір жағынан заңның ескіргендігі ескерілді. Бұл өте өзекті заң болғалы тұр. Өйткені, бірыңғай кредит алып, қарызға батушылардың қатары көбейіп кетті. Сондықтан да бұл жаңа уақыт пен заманға сай заң қабылдануы керек деп есептейміз.

Шынтуайтына келсек, біздегі республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұндай жағдай қайталана беретін болса, ел дамуын тежейді. Бюджеттің қаржысын барынша тиімді пайдаланып, оның шығыстарын азайтуға қатаң бақылау жасап отыру қажет.

Мемлекет басшысы Ұлттық Банкпен бірлесіп нақты шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, салық кодексі және бюджеттік жағдай туралы да осындай мәселе бар деп айта аламыз. Бізде стратегиялық құжаттар дәйекті, орнықты түрде орындала бермейді. Сол себепті де, Президент өз Жолдауында стратегиядан гөрі тактикалық міндеттерге көңіл бөлген сияқты. Биыл 2025-2029 жылдарға арналған Ұлттық даму жоспарының жобасы жарияланды. Бұл қоғам тарапынан қатты сын тезіне түсіп, қызу талқылау болды. Бірақ іле-шала аталған жоба ың-шыңсыз қабылданып кетті. Осының өзі де асығыстық пен зерделеудің болмай қалғандығын байқатады.

Тағы бір үлкен нәрсе – ол салыққа қатысты. Салық кодексі Парламентте қарастырылып жатыр еді. Енді осының қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстырды. Бұл мемлекет бюджетінің ең бір өзекті түйіткілі ғой. Көп кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін көлеңкелі экономикаға барып, салық саласындағы проблемалар пайда болады. Осыны реттеу үшін арнайы Парламентке жаңа Салық кодексін сапалы түрде жасап, қабылдауды тапсырды. Бәлкім, келер жылдың орта тұсына дейін Салық кодексі жобасын жан-жақты пысықтап, Парламент депутаттары елдің тарапынан жасалып жатқан көптеген ұсыныстарды ескеріп, қабылдауы керек қой деп ойлаймыз.

– АЭС электр тапшылығын азайта ма?
– Жалпы, Қазақстанда ғана емес, АЭС-ке қатысты осындай үдеріс көп жерде бар. Бізде де ЖЭС-ның көбі ескірген. Екібастұздағы жағдайды алыңыз, қатал қыстың кезінде жұрт жылусыз, көшеде қалып қойды ғой. Соның үшін де, электр тапшылығын болдырмас үшін атом электр станциясын салу өзекті болып күн тәртібіне қойылып отыр. 6 қазанда жалпыхалықтық референдум арқылы шешу ұсынылды. Атом энергетикасын дамыту аса маңызды деп санаймыз.

Өйткені, халықтың саны артып, экономика өскен сайын қуат көздері қажет болады. Сол сұранысты қамтамасыз ететін атом энергетикасы екендігі көптеген елдерде бар тәжірибе. Дүниежүзінің дамыған және дамушы 30 мемлекетінде 200-ге жуық АЭС жұмыс істеп тұр. Соның ішінде көршілес Ресейде 36 атом электр станциясы бар. Осының барлығы бізге болашақтағы жарық тапшылығын болдырмас үшін жасалатын шаруа. Бұл 1-2 жылдың шаруасы емес. Бұған кем дегенде 6-7 жыл уақыт кетеді. Одан кейін кеңестік кезеңде қалыптасқан ЖЭС, СЭС-тің біразының тозығы жетіп, істен шығып қалуы мүмкін. Бұл – болашақтың ісі.

Жалпы, халықтың энергетикалық тапшылықты болдырмау жөніндегі түсінігі бар деп білемін. Осыны азаматтардың өзі барынша ойланып, шешім қабылдасын деп референдум күнін белгілеп берді. Осы референдум қорытындысына да көп нәрсе байланысты. Бұл – мемлекеттік шешімнің қабылдануына халықтың тікелей қатысуын білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда референдум халықтың еркі мен қалауын аңғартады. Қарсы немесе қолдағандығы референдум арқылы анықталуы керек. Сол кезде ғана ешкім-ешкімге өкпелемейді. Мұның саяси мәні осында.

Алаштықтар аңсаған ұлттық мемлекетке айналып келеміз бе?

– Қазіргі Қазақ мемлекеті – бұл нағыз сол арманның туындысы. Алаш ардақтылары Қазақ автономиясын құру жөнінде, Патша өкіметінен бөлініп шығып, өзінше дербес ел болудың алғы шарттарын қалыптастыруға ұмтылды ғой. Ал біз бүгінде Конституция бойынша республикалық мемлекетпіз. Яғни мемлекеттің барлық қажетті құқықтық негізі қаланған. Ата Заңымыз қабылданды, одан бөлек конституциялық заңдар мен елдің тағдырына әсер ететін көптеген заңнамалар қабылданды. Сондықтан бұл сұрақ сәл артықтау.

Бізге құрылған мемлекетті дамыту, әлемдік жаһандану жағдайындағы бәсекеде Қазақ елін қарыштаудың жолын қарастырған жөн. Соның ішінде өзгелерден оза шаппасақ та, жемқорлығы жоқ, таза мемлекет құру күн тәртібінде тұр. Елдің қалыптасуын, 34 жылғы даму үдерісінен көптеген өзгерістердің болғанын айтуымыз керек. Ол өзгерісті көрмейтін адам көрмейді.

Мемлекет басшысы кейінгі 5 жылдың ішінде саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды қолға алып, іске асырып жатыр. Осының барлығы елдің ертеңіне тікелей қатысты шаралар. Бүгінде өз нәтижесін беретін заңдар, қабылданып жатқан шешімдердің барлығы Алаш арыстарының армандаған азаттығын тұрақты ұстап қалу, ары қарай дамыту, өркендету, ел болашағын жарқын ету идеясынан туындап отыр.

Ұлттық болмыстағы, қолынан іс келетін, бірнеше тілді меңгерген жас кадрларды қолдасақ, оң нәтиже бола ма?

– Бұл бойынша да атқарылып жатқан істер баршылық. Арнайы «Президенттік кадр» резерві құрылды. Әр өңірден жақсы, білімді, парасатты, шын мәнінде қолынан іс келетін, тілді ғана емес, шаруаның тетігін табатын жастардың шоғырына арқа сүйеп отырмыз. Қазір біраз жас азаматтар түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерге тағайындалып жатыр. Осының барлығы кадр саясатында тұрақты сипаты бар, бағыт-бағдары айқын, елге адал қызмет ететін жас азаматтарды шығаруға бағытталған.

Алматыға бәрі құштар. Урбанизацияны азайту үшін теріскейде жаңа мегаполис салу дұрыс па?

– Алматы – азаттықтың ақ бесігі. Кеңестер одағын тарқатқан шешімге осы қалада қол қойылды. Тәуелсіздіктің бастауында тұрған барлық заңдардың негізгі өзегі осында қабылданды. Алматы – тұрмыс-тіршілік жасауға өте қолайлы, табиғаты керемет, Алатаудың бөктерінде орналасқан сұлу, әсем қала. Бұл қалаға ән, өлең арнамаған ақын-жазушы жоқ шығар. Алматының ерекшелігі мен құштарлық сезімі әр қазақтың жүрегінде бар деп білемін.

Мегаполис салу оңай шаруа емес. Келешекте бұл қатарға Ақтөбе, Қарағанды һәм Түркістан қосылса, ел өркендеуіне серпін сыйлайтын кезеңдерге аяқ басып келеміз.

«Ана капиталы» ұлттық жобасын қабылдасақ қайтеді?

– Демография – өте өзекті мәселе. Жақында ғана демография саясатына қатысты депутаттық сауал жолдадым. Сол сауалда Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан аймақтарында демографиялық өсімнің баяу екенін атап өттім. Шекаралас аудандардағы халықтың саны азайып жатыр, кейбір қазақ ауылдары жабылып жатыр. Ресейдегі «Ана капиталы» сияқты бағдарламаның жақсы жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Бізге де демографиялық саясатты тікелей жүзеге асыратын орган қажет деп есептеймін. Ұлттық «Ана капиталы» бағдарламасын қабылдау арқылы халықтың санын көбейтуге бағытталған нақты қадам жасай аламыз.

Әділетті қоғам орнап келе ме?

– Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құруды басты мақсат етіп қойды. Әділетті қоғамның негізі – заң мен тәртіптің үстемдігі. Қабылданып жатқан заңдардан, тұрмыс-тіршіліктен жаңа серпіліс пен қоғамның жаңару сипатын көруге болады. Бұл – бір күннің шаруасы емес. Қазақстан азаматтары бұл үдерістерге белсенді қатысып, өз үлесін қосуы тиіс.

Елдің мүддесі үшін аянбай жұмыс істеу керек деп есептейміз. Қазақ елі егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде баянды даму жолына түсті. Жолымыз ашық әрі айқын, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болсын деген тілегіміз бар!

Көп рақмет!

Сұхбаттасқан: Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32