Навье-Стокс теңдеулерінің шешімін тапқан тұлға

Навье-Стокс теңдеулерінің шешімін тапқан тұлға almaty-akshamy.kz

Ғылым – қашаннан болашақ кепілі. Ал бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған, есімі елімізге кеңінен танымал Мұхтарбай Өтелбаев Қазақстанның көрнекті математигі, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докто­ры, профессор. Қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлға. Айтулы ғалымның еңбегі математикалық зерттеулері­мен ғана емес, ғылымға деген шексіз адалдығымен де ерекшеленеді. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт беруден бір талмаған жан жақында ғана Алматыдағы Жамбыл Жабаев атындағы №161 лицей оқушылары­мен кездескен еді. Төменде ғалым мен оқушылар арасындағы сауалдар төңірегінде өрбіген сұхбатты ұсынып отырмыз.

Бұл жолды тәуекелі жеткендер ғана таңдайды

«Ғылым жолын тәуекелі жеткен­дер ғана таңдайды» деген тәмсіл бар. Бұл әсте дұрыс айтылған сөз. Мұхтарбай Өтелбаевтың да ғылымға басқан әрбір қадамы оның қайсарлы­ғымен, табандылығымен ерекшеле­неді. Кім білген, сонау кеңес дәуірінде қарапайым қазақ ауылынан шыққан баланың әлемдік деңгейдегі матема­тикке айналарын.

Дегенмен, бұл нағыз еңбек пен ақыл-ойдың жемісі. Ол мыңжылдық­тың ең күрделі есептерінің бірі – Навье-Стокс теңдеулерінің шешімін табуға тырысты, ал оның шәкірт тәр­биелеудегі еңбегі тіпті бөлек әңгіме. Бүгінгі таңда профессордың же­текшілігімен дайындалған ондаған ғылым кандидаттары мен докторлар елге қызмет етіп жүр.

Аталмыш мектеп оқушыларымен болған кездесуде Мұхтарбай Өтелбаев ғылымдағы басты жетістік­терін, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар туралы ойларын, ғы­лымға адалдық пен еңбекқорлықтың маңызы туралы айтып, болашақ жас ғалымдарға ақыл-кеңесін берді.

«Мен мектепті толық бітірген жоқпын…»

– Мұхтарбай аға, бізді сіздің бала­лық шағыңыз бен білім алу жолыңыз қатты қызықтырады...

– Мен сонау бала кезімнен білімге құштар болып өстім. Тек мектепте ұзақ оқи алмадым. Сосын техникалық училищеге, кейін университетке түстім. Алайда, әс­керге шақырту алғаннан кейін оқудан қол үзуге тура келді. Әскери борышымды өтеп болған соң, ғылымға қайта оралдым. Онда да алдымен ауыл мектебінде жұмыс істеп, сосын университетке түсіп, Мәскеуге кеттім.

Шыны керек, ол жақта маған оңай болған жоқ. Кейбір профессорлар менің қабілетіме, біліміме күмәнмен қарады. Бірақ мен табандылық танытып, жұмы­сымды жалғастыра бердім. Соңында кан­дидаттық, кейін докторлық диссертация

 

қорғадым. Кеңес дәуірінде, әсіресе, қазақ ауылынан шыққан адам үшін, бұл – үлкен жетістік еді. Сондықтан мен айтар едім, қашанда алға қарай ұмтылу керек, сонда ғана адам жігерлене түседі.

«Ғылымның патшасы – математика»

– Бұл салаға қызығушылығыңыз қалай пайда болды?

– Менің ғылымға деген қызығушылы­ғым ерте жастан басталды. Мектепте оқып жүргенде-ақ математика пәніне ерекше ықылас танытушы едім. «Ғылымның пат­шасы – математика» деп тегін айтылмаған ғой. Бұл қызығушылық мені Мәскеу мем­лекеттік университетінің Механика-мате­матика факультетіне алып келді. Туған жерден жырақта жүріп ілім-білім іздедім. Ақыры, оны 1969 жылы тәмамдадым. Міне, үздіксіз білім менің жолымды ашқан сияқты. Кейіннен ғылым жолындағы із­деністерім мені функционалдық анализ және оның қолданбалары саласына ба­ғыттады.

– Қазір еліміздің ғылым саласында жүрген көптеген ғалымдар сіздің мек­тебіңізден өткенін айтады...

– Менің жетекшілігіммен 65 кан­дидаттық және 8 докторлық диссер­тация қорғалған екен.

Әрине, мен барлық шәкірт­терімнің табысын әрқашан мақтан етемін. Өйткені, Қазақстанда матема­тика саласында жоғары дәрежелі мамандардың саны аз болғандық­тан, біз барынша көп маман дайын­дауға тырыстық. Әлі де бұл жолда еңбек етуіміз керек.

Адамдар технологияға тым тәуелді болып барады

– Дегенмен, кейде қазіргі ғы­лымның дамуы мен қауіпі туралы пікірлер де айтылып қалады, Сіздің бұл жөнінде пікіріңіз қан­дай?

– Иә, ондай пікірдің бары рас. Өйткені, ғылым қарқынды дамып келеді, прогреспен бірге қауіп-қатер­лер де жоқ емес. Мысалы, жасанды интеллект (ЖИ) – өте қуатты құ­рал, күрделі есептерді шеше алады, адам өмірін жеңілдетуге көмектеседі. Бірақ оны санасыз қолдану үлкен қауіпке айналары сөзсіз.

Шыны керек, қазіргі кезде адамдар технологияға тым тәуелді болып барады. Тіпті, балалар бұрынғыдай көбейту кес­тесін жаттамайтын болды. Қазір оның ор­нын алмастыратын калькулятор бар. Бірақ бұл да жақсы емес. Мәселен, егер аяқасты техника қателессе ше? Сондай-ақ, мына жасанды интеллект дегеніңіз де от сияқты дүние. Оны дұрыс қолданса, пайдасы мол, бірақ бақылаусыз қалса, үлкен зиян келтіруі әбден мүмкін.

Шынайылық пен дәлдік маңызды

– Ғылымдағы ең үлкен жетістігіңіз туралы айтсаңыз...

– 2014 жылы мен Навье-Стокс теңдеу­лерінің шешімін таптым деп жарияладым. Бұл теңдеулер гидродинамикада сұйық­тықтар мен газдардың қозғалысын сипат­тайды және мыңжылдықтың ең күрделі жеті есебінің бірі болып саналады.

Алайда, уақыт өте әлгі менің шешімім­нен қателіктер бар болып шықты. Мен бұған қатты күйзеле қоймадым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Ең бастысы, ғы­лымда шынайылық пен дәлдіктің маңыз­дылығын тағы бір рет көрсетіп берді.

– Сіз үшін бүгінгі қоғамдағы басты мәселелер қандай? Оларды шешудегі ғылымның рөлін қалай бағамдар едіңіз?

– Әрине, бұл ретте бірнеше маңызды мәселені айтар едім. Ең алдыңғысы – қа­ладағы кептелістер. Бұған мысыл – күн сайын адамдардың 2-3 сағат уақыты жолда өтеді. Бұл олардың энергиясын жоғалтады, еңбектегі өнімділігін азайта­ды. Тағы бірі – Жер сілкінісі қаупі. Еліміз сейсмикалық белсенді аймақта орналас­қандықтан, бізге апаттың алдын алатын, яғни ерте ескертетін жүйелер қажет. Со­сын, үшінші бір мәселе – жастар арасын­дағы жалқаулық дер едім. Өйткені, көбіне қазіргі заман жастары оңай жол іздейді, бірақ еңбексіз шынайы жетістікке жету мүмкін емес.

Адам жіберген қателіктерінен сабақ алуы керек

– Болашақта ғылым жолын таңда­ғысы келетін жас ғалымдарға қандай кеңес айтар едіңіз...

– Ең алдымен, еңбекқор болу керек. Сосын адам бойындағы дарындылық ма­ңызды. Бірақ табандылық пен тынымсыз еңбек одан да маңыздырақ. Екіншіден, өз бетіңізше ойлап, басқалардан дайын шешімдерді күтпеңіз. Үшіншіден, қателік­терден қорықпаңыз, тіпті ұлы ғалымдар­дың өздері де қателескен. Ең маңыздысы, адам жіберген қателіктерінен сабақ алу керек.

– Ғылым жолындағы, жалпы өмірлік тәжірибеңізден естелік болар оқиға есіңізде ме?

– Кезінде диссертация қорғау бары­сында көптеген қиындықтар болды. Сол жолда әртүрлі адамдармен, ауыл мұ­ғалімдерінен бастап, әлемге танымал академиктермен кездестім. Дегенмен, бұл тәжірибелердің де көмегі болды. Маған ғылымның тек теория емес, өмірдің бір бөлігі екенін түсінуге көмектесті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:33

17:12

16:57

16:53

16:36

16:20

16:10

15:44

15:41

15:30

15:16

15:02

14:16

14:11

13:01

12:56

12:35

12:29

12:10

11:44

11:32

11:30

11:25

11:07

11:04