Алматы технологиялық колледжі 1975 жылы даңқы сол кездегі Кеңес Одағына кеңінен танылған атақты АХБК-ға жұмысшы кадрлар дайындау мақсатында ашылған еді. Оқу ордасы «Алматы мақта-мата комбинаты» үшін маман даярлайтын №203 қалалық кәсіптік- техникалық училище деп аталды.
Сол жылдары оқу ордасына тек өз еліміздің жастары ғана емес, барлық одақтас елдерден арнайы келіп білім ала бастады. Мәселен, 1975–1998 жылдар аралығында училище АХБК үшін тоқымашы, иіруші, ленталық және тегістеу жабдықтарының операторы, ораушы, тоқыма және иіру өндірісі шеберлерінің көмекшілері, мата сапасын бақылаушылар, электр монтерлері, раклистер, тігіншілер мамандықтары бойынша 8120 жоғары білікті маман даярлады.
1991 жылы оқу орны №1 жоғары кәсіптік училище болып қайта құрылса, 1997 жылы Алматы қаласы Білім басқармасының «№1 кәсіптік лицейі» деп аталды. Оқу орны еңбек нарығының, экономиканың талаптарына сәйкес келетін кәсіптер мен мамандықтарға қайта бейінделді. Жаңа оқу-жоспарлау құжаттамасын, модульдік оқу бағдарламаларын сынақтан өткізу, әріптес кәсіпорындардың рөлін едәуір күшейтуді көздейтін білікті кадрлар даярлаудың кооперативтік жүйесін енгізу қолға алынды.
Лицей базасында әдістемелік жұмыс, педагогикалық инновация және біліктілікті арттыру орталығын құру сынды міндеттер сараланды. Нарық заманының талабына сай 1996-1997 жылдары «Шаштараз» мамандығы бойынша мамандар даярлауда «Қазақстан–Түркия» жобасы енгізілді. Түркия тарапынан оқу орнына шаштараз ісіне арналған жабдықтар, құрал-саймандар мен парфюмдік материалдар қамтамасыз етілді. Анкараның ең білікті шаштараз шеберлері жыл бойы оқушыларға педагогикалық кәсіби шеберлік құпияларын үйретті.
Сонымен қатар, Қазақстан– Герман үкіметаралық келісімі шеңберінде лицейде неміс ұлтынан 130 адам «Қонақүй және мейрамхана ісінің маманы» мамандығын меңгерді. Олар бүгінде Қазақстанда ғана емес, Германияда да қонақүй және мейрамхана бизнесі саласында жемісті еңбек етіп жүр.
Колледж шет мемлекеттермен де тығыз байланыста. Мәселен, «Шығыс-Батыс: қонақжайлылық дәстүрлерін байыту» жобасын Францияның Сыртқы істер министрлігі қаржыландырды. Лицейдің төрт қызметкері Париж қаласындағы «Бильяр» кәсіптік лицейінде қонақүй және мейрамхана ісі бойынша тағылымдамадан өтті.
Сонымен қатар, Париж қаласының Кәсіптік лицейіндегі әріптестер қонақүй және мейрамхана бизнесі мамандарын даярлаудың инновациялық технологиялары бойынша «Шеберлік сыныбы» нысанында апталық сабақтар өткізіп тұрады.
Біз еліміздегі 180 үздік колледж қатарында «Жас маман» бағдарламасына қатыстық. Бүгінде бағдарлама аясында «Тамақ технологиялары» біліктілік орталығы ашылып, ол ең заманауи жабдықтармен жабдықталды. Қазіргі таңда қалалық, республикалық және халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарын өткізуге арналған алаңға айналып отыр. Колледждің білім алушылары өңірлік деңгейде 7 құзырет бойынша қатысады: «Аспаз ісі», «Кондитер ісі», «Мейрамхана сервисі», «Визуалды мерчендайзинг және витринистика», «Гид-экскурсовод», «Қонақүйлерді басқару», «Наубайхана шеберлігі» және осы бағдарларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.
Бұдан бөлек, оқу орны Самарқанд туризм және сервис техникумымен, «Caspian Center»-мен (Түркия Республикасы), NIKOLAOS Бари қорымен (Италия), «Орталық Азиядағы кәсіптік білім беру (РЕСА)» (Германия) ұйымымен Швейцарияда оқу бағдарламасы бойынша ынтымақтастық шеңберінде «Дуалды кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын» қабылдап, «Кәсіптік стандарттар негізінде дуальды халықаралық тағылымдамадан өтті.
Өткен оқу жылынан бастап Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен жергілікті Білім басқармасының «Алматы технологиялық колледжі» болып аталдық. Бүгінгі таңда колледжде волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі секциялары, сондай-ақ би үйірмелері, «Жасын», «Аспаздық іс», «Миксология», «Бариста» және шахмат үйірмелері ұйымдастырылып, волонтерлік қызметке оқушылардың жартысынан астамы тартылды. «Ашық жүрек» еріктілер клубы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы, қыздарға арналған «Syrgalym» клубы бар.
Шетелдік серіктес компаниялармен және ұйымдармен белсенді ынтымақтастық, халықаралық байланыстар мен әрiптестiктi дамыту бағдарлары аясында колледж әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне танымал білім ордасына айналды. Білім беру бағдарламалары барлық кәсіби стандарттар мен жұмыс берушінің талаптарын ескере отырып әзірленген.
Біз әрдайым еңбек нарығының өзгермелі жағдайларына сай, болашақта қайта оқытуды талап етпейтін, тек еңбек жағдайларының өзгеруі мен жаңа технологияларды енгізу фактісі бойынша біліктілікті арттыруды ғана қажет ететін кадрларды дайындаймыз. Қазіргі нарық талабын басты бағдар етіп, сервис және тамақ технологиялары саласының ең қажетті мамандықтарын дайындаймыз. Бұл үшін оқытудың икемді әдістерін қолданамыз, дуалды оқытуды және кәсіпорындардың өтінімдері бойынша оқытуды кеңінен пайдаланамыз. Жыл сайын колледждің 400-ге жуық түлегі еңбек нарығына араласып, кәсіби кадр немесе ЖОО студенті мен жас кәсіпкер атанады.