Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, алматылық Нариман Құрбанов балалық шағында гимнастиканы кейде жек көргенін және тіпті спортты тастап кетуді ойлағанын мойындады. Тарихи жүлденің иегері, әкесі мен оның рөлі, болашағы және басқа да көптеген тақырыптар туралы "Вечёрка" басылымына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.
Өзіне сын көзбен қарау кезеңі өтті
– Сіз өзіңізді еліміздің тарихында спорттық гимнастикадан Олимпиада медалін алып келген спортшы ретінде жаңа рөліңізде сезініп үлгердіңіз бе?
– Шынымды айтсам, әлі толық сезінген жоқпын. Таңертең оянған кезде бірінші ойым: бәлкім, бәрі түсімде болған шығар деп ойлаймын, бірақ кейін көзімді ашып, медальді, Парижден әкелген естелік заттарды көріп, бәрінің шын екенін түсінемін... Шынында, Францияның астанасын толығымен көруге уақыт болмады. Уақытымыздың көп бөлігі жаттығуларға кетті. Дегенмен, Эйфель мұнарасын бір рет толық көрдім, ол сапардың соңына таман болды.
– Орындау кезінде не ойлағаныңызды есіңізде сақтайсыз ба?
– Мен бірінші болып шықтым және көп сағаттық жаттығулар кезінде жасаған әрбір қозғалысымды қайталауға бар күшімді салуға тырыстым. Мақсатым – жаттығу залында бірнеше рет қайталаған әрекеттерімді дәл солай орындау. Өзіңе сын көзбен қарау кезеңі өтті, енді барымды салып, қарсыластарыма жоғары межені көрсетіп, нәтижені күтуім керек болды. Бұл міндетімді орындадым. Әкем, жеке жаттықтырушым Хусанжан Құрбановтың қолдауы ерекше көмектесті. Біз бірге атпен жасалатын комбинация элементтерін ойлап тауып, жаттықтырдық. Әкем менің күміс медаль алғаныма қатты қуанды. Біз бұл жетістікке ұзақ уақыт бойы жетуге тырыстық, ал әкем өмір бойы жоғары деңгейдегі жарыстардан медаль алуды армандаған.
Гимнастикадан жалығу
– Айтпақшы, әкеңіз қатал жаттықтырушы ма?
– Әрине! Көп адам сенбейді, бірақ мен әрқашан басқаларға қарағанда көбірек талап етілетінмін. Әкем маған басқалардан қатаң қарады. Басқалар жаттығудан кейін үйіне қайтып кетсе, менің айналамда гимнастика тақырыбы жалғасатын. Әкем менімен тәулік бойы гимнастика туралы сөйлесуге дайын болды, кеңестер беріп, мені сынға алды. Анам, Альфия Құрбанова, мені жиі қорғап, гимнастиканы тастап, басқа нәрсеге көңіл бөлуді ұсынды. Ол менің үлкен жетістіктерге жете алмайтынымнан қорқып, жай ғана жаттықтырушы боламын деп ойлады, ал егер заңгер немесе экономист мамандығын игерсем, болашақта жақсы мамандықты иемдене аламын деп ойлады. Бірақ әкемнің ниеті берік болды.
Әкем өзі де спорттық гимнастикадан чемпион болуды армандаған, әрі өмір бойғы арманының баласы арқылы орындалатынына сенген.
– Дегенмен, сіз гимнастиканы тастап кеткен кездеріңіз болды...
– Иә, жасөспірім кезінде сондай кезең болды. Мектеп мұғалімдері менің жақсы спортшы болмайтынымды айтты. Тіпті дене шынықтыру сабағында тартылу жаттығуын дұрыс орындай алмайтын кездерім болды. Бір кезде гимнастикадан жалығып кеттім. Содан футболға көшуге бел будым. Әкем келісті, бірақ жаттығуға алып бармайтынын айтты, өйткені оның залда өз жұмысы көп болды, оған қолайсыз әрі уақыт жетпейді. Сөйтіп, мен өз бетіммен барып, жаттығу ақысын төлеуім керек болды. Бақытымызға орай, әжем маған қалта шығындарына жеткілікті ақша беріп тұрды. Бірақ футболға қызығушылығым ұзаққа созылмады. Ақырында, өмірімнің бірнеше жылын гимнастикаға арнап, оны тастау ақымақтық болар еді деп шештім. Сонда бәрі босқа ма? Бала кезімнен бастап, алты жасымнан бастап, басқа балалар аулада ойнап жүргенде, мен спорт залында жаттығып жүрдім. Кейде гимнастиканы жек көретінмін. Мен кішкентай кезімнен спортта үлкен жетістіктер көрсеткен спортшылардың қатарынан болмадым. Бірақ әкем үмітін үзбеді. Ол мені жаттықтыруды жалғастырды және күн-түн демей гимнастика туралы сөйлесетін. Басқа балалар залдан шығып, басқа нәрселермен айналыса алса, маған әкем ондай мүмкіндік бермеді. Соңында әкемнен спорт туралы мәселелерді тек залда ғана талқылауды өтіндім, осылайша демалып, тынығуға мүмкіндік болды.
Тағы бір айта кететін жайт, әкем менің күн тәртібімді қатты қадағалайтын – таңғы 6-да тұрып, кешкі 11-ден кешікпей ұйықтауды қадағалады. Қазір бұл режимді өзім де ұстанып жүрмін.
– Гимнаст үшін тағы не маңызды?
– Бірден айтайын: мен арнайы диеталарды ұстанбаймын. Ең бастысы – мақсатқа жетудегі табандылық және тұрақты жаттығулар. Әрине, балалық шақта олардың көп уақытты алатынына ренжитінмін. Мен залда жаттығып жатқанда, құрдастарым көңіл көтеретін.
– Бірақ осының бәрі ақталды ма?
– Әрине, иә! Бір сәтте өзімді қолға алып, не істей алатынымды көрсетуді шештім. Бір күні артта қалған спортшылардың қатарында болудан шаршадым, оларды жарыстарға да үнемі қатыстырмайтын. Мен өзімді қолға алып, жаттығуларды күшейттім, бәрі өзгере бастады. Алғашқы турниріме демеушілердің қаражаты есебінен барып, жақсы нәтиже көрсеттім, содан кейін мені Қазақстанның ұлттық құрамасына қабылдады.
Өмірімдегі алғашқы алтынды Австралиядағы Әлем кубогы кезеңінде жеңіп алдым. Бұрын ешқашан осындай биікке жете аламын деп ойламаппын, бұл мені одан әрі ұмтылуға ынталандырды. Иә, нәтижелерге ризамын, бірақ бұл менің енді жетістіктерге жету жолында тоқтап қалатынымды білдірмейді. Қазір маған демалуға, үйлену тойына дайындалуға, үйдегі жөндеу жұмыстарына көмектесуге уақыт берілді. Содан кейін қайтадан жаттығу, жаттығу, жаттығу. Әкем айтқандай, біз Олимпиада медалін ұмытып, келесі жарыстарға жаңа жетістіктерге дайындықты бастаймыз.
Мотивациялық оқиғаларды жақсы көремін
– Жаңа отбасылық жағдайыңыз спорттан алаңдатады деп қорықпайсыз ба, жаңа міндеттер пайда болады...
– Осындай алаңдаушылықтар Париждегі Олимпиада ойындарына дайындық кезінде болды, сондықтан сүйікті қызым Аидадан күте тұруын өтіндім. Айтпақшы, ол да гимнаст. Біз тіпті балалық шағымызда бір жарыстарға қатысқанбыз, бірақ бір-бірімізді байқамағанбыз. Сезімдер кейін пайда болды, ересек кезде кездестік. Ол Астанада тұрды, мен Алматыда тұрдым, бірақ бұл кедергі болмады, енді біз үйленуге дайындалып жатырмыз.
Үйлену спортқа кедергі болмайды, керісінше, жаңа мәртебе маған сенімділік, отбасымның алдындағы жауапкершілікті арттырады. Сонымен қатар, менің қалыңдығым маған барлық жағынан қолдау көрсетеді, мен оған өте ризамын.
– Қызық, болашақта балаларыңызды да спортқа бересіз бе, әкеңіздің үлгісі бойынша?
– Өзім де бұл туралы ойладым және иә деген қорытындыға келдім. Егер олар спорттық гимнастикаға қызығушылық танытып, жетістіктер көрсетсе – керемет. Егер олай болмаса, кез келген жағдайда бұл олардың денсаулығына пайдалы, дамуына көмектеседі, бұл да маңызды, келісесіз бе. Сондықтан ата-аналар балаларын әртүрлі спорт секцияларына береді.
– Гимнастикадан басқа қызығатын хоббиіңіз бар ма? Хоббиіңізге уақыт қалады ма?
– Әдетте біз аптасына бес күн, күніне төрт сағаттан жаттығамыз – таңертең екі, кешке екі сағат. Егер бос уақытым болса, оны жақындарыммен өткіземін. Тағы да кітаптарды, мотивациялық және көркем әдебиеттерді жақсы көремін, әйгілі спортшылардың оқиғалары маған үлкен шабыт береді. Олардың арқасында көп нәрсені білуге болады. Джим Афремовтың "Чемпиондардың ақылы" - мен оқыған соңғы кітаптардың бірі. Өте пайдалы кітап. Ондағы маңызды ойлардан көп нәрсе алуға болады.
Сұхбатты орысшадан аударған: Досбол Атажан