ffin.kz

Мүсіндер «сөйлейді»

Мүсіндер «сөйлейді» Суреттерді түсірген - автор

Жәдігер




Мүсін – ең ежелгі өнерлердің бірі. Мүсін (скульптура) латынның «sculpere» – «қашау» деген сөзінен шыққан. Әр өнер айналамыздағы құбылыстарды төңірегіміздегі дүниені өзінше бейнелеп, өзінше түсіндіреді. Мәселен, суретші ойын мың сан бояумен жеткізеді. Ал мүсін шебері ойына алған туындысын тастан, мәрмәрдан қашайды, ағаштан ояды немесе қоладан құйып, гипстен де жасап шығарады.


Біздің мегаполисте орналасқан Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде түрлі ой, көзқарасты, адамның жандүниесін, өмірін, тіршілігін бейнелейтін мүсіндер жинақталған. Тасқа да, темірге де, ағашқа да жан бітірген туындылар ерекшелігімен сізді еріксіз баурап алады. Олар сізге әр кезеңді «әңгімелеп» береді. 


Сәл шегініс. Аталмыш іргелі музейдегі мүсіндер коллекциясы сонау 50-жылдарда жатыр. Қазақстандағы алғашқы мүсіндер көрмесі 1957 жылы маусым айында Суретшілер үйінде өткен екен. Онда Суретшілер одағының тарихында алғаш рет республикадағы мүсіншілердің эскиздері мен аяқталған жұмыстары қойылыпты. Бірегей көрмеге 12 мүсінші қатысып, бас-аяғы 60-тан аса туынды қойылған. «Көрмеге аға буын мүсіншілерден Я.К.Кучис, И.Николишин, 3.Береговая қатысты, қалғандары көрмеге тұңғыш рет қатысып тұрған тым жас, таяуда ғана жоғары оқу орындары мен училище бітірген жастар болатын, олар – Х.Наурызбаев, Ю.Дорошев, Н.Журавлев, Б.Пенкин, П.Усачев, Г.Фурман еді. Мүсіншілер ұжымы көрмеге бірлесіп қатысуға графика суретшісі Р.Великанованы шақырды. Ол өзінің 16 суреті мен акварельдік жұмыстарын қойды. Бұл көрме белгілі бір деңгейде алда болатын аса зор оқиға – Мәскеуде 1958 жылы желтоқсан айында өтетін әдебиет пен өнер онкүндігінің қарсаңындағы Қазақстандағы жас мүсін өнерінің байқауы іспеттес болды», – дейді Галина Сырлыбаева мүсіндер коллекциясы туралы жазбасында. Сол жылы Мәскеуде өткен көрмені Қазақстандағы мүсін өнерінің тұсаукесері деп те бағалайды мамандар.



***


Ал 1986 жылы қазан айында болған көрме «І республикалық мүсіншілер көрмесі» деген ресми атау алады. Ол еліміздің 1970-1980-жылдардағы мүсіншілерінің туындыларын өнерді сүйетін көрермендер алдына алып шықты. Осы кезде республикамыздың кейбір өңірінде (Алматы, Жамбыл) және бірқатар социалистік елдерде тастан мүсін қашаудан республикалық және халықаралық симпозиумдар өткен. Ал 1991 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер музейі шыны пирамиданың астында республиканың барлық мүсіншісінің басын қосқан заманауи пластиканың үлкен экспозициясын ұйымдастырды. Оның құнды болғаны соншалық, көрермендер он жылдан аса уақыт бойы тамашалаған.


«2003 жылы «Алма-Ата-арт» галереясы ұйымдастырған кең көлемдегі мүсін көрмесін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріндегі құбылыстардың бірі деуге болады. Ол өз залдарында белсенді шығармашыл шеберлердің туындыларын көрсетті. Қастеев музейі мүсін туындыларын ұдайы жинақтай отырып, республика мүсіншілерінің үздік туындыларын бір жерге топтастырды. Сөйтіп еліміздегі мүсін өнері мен неғұрлым көрнекті мүсіншілердің шығармашылығының бүкіл қалыптасу кезеңін көрсететін Қазақстан мүсінінің қоры қалыптасты. Бұл бүгінде еліміздегі Қазақстанның заманауи мүсін өнерінің толық жинағы болып есептеледі», – дейді Галина Сырлыбаева.


1950 жылдары ұлттық мүсін өнерінің негізін салушылар Хакімжан Наурызбаев пен Бек Төлеков өз жұмыстарын бастайды. Олардың алғашқы жұмыстарынан бастап үздік туындылары мұражай қорында әлі күнге сақтаулы. Олар ұлттық мәдениетіміздің аса көрнекті өкілдерінің портреттер галереясын жасап, халық шаруашылығының әр саласындағы еңбек ерлерінің бейнесін сомдаған.


Хакімжан Наурызбаевтың «Құрманғазының портреті» (1957) тұрақты экспозицияда аталмыш мүсіншінің шығармашылығын асқақтатын, композиторға арнап жасалынған ең озық туындылардың бірінен саналады. Бек Төлековтың «Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, шопан Қуанышбаевтың портреті» де қазақстандық мүсін өнерінің классикасынан ойып тұрып орнын алған.



***


Мамандар 1960 жылдары мүсін өнері қанатын кеңге жая түскенін айтады. Енді жастар да тыңнан түрен сала бастайды. Мүсін өнерінің биігіне Б.Әбішев, М.Әйнеков, A.Андрущенко, Р.Ахметов, С.Балдано, Т.Досмағамбетов, В.Колотилина, E.Мергенов, О.Прокопьева, М.Рапопорт, В.Рахманов, Е.Сергебаев, А.Татаринов, A.Ядринцев сынды суретшілер көтеріле бастайды. Олар қола, мәрмәр, граниттерге жан бітіріп, шамот, алюминий секілді жаңа материалдарды қолданысқа енгізе бастайды. Егер содан он жылдай бұрын мүсін өнеріндегі жетекші жанр портрет, яғни бюст, жартылай тұлғалар болса, енді жанрлық құрылымы көкжиегін кеңейтіп, өзгеше кеңістіктегі шешімдерге бара бастайды.


Төлеген Досмағамбетовтің – «Олжас Сүлейменовтің портреті», «Хабаршы», «Шоқан Уәлиханов», «Ақын Сара», Ескен Сергебаевтың – «1941», Михаил Рапопорттың «Қайықта», Ольга Прокопьеваның «Фигаро рөліндегі Е.Серкебаевтың портреті», Р.Ахметовтің «Қалыңдық» пен «Талтүсі» жалпы сымбат өнерінің дамуына да үлкен ықпал жасады.


Бертін келе, музей экспозициялары 1980-1990 жылдардан жұмыс істей бастаған А.Есенбаев, Н.Далбай, Е.Мелдебеков, Ш.Төлеш, Ө.Шанов, Э.Казарян сынды дарынды мүсіншілердің туындыларымен толыға түсті.


Ал дәл қазір мүсіндер коллекциясымен танысқысы келетін көреремендер музейге бара қалса, жас мүсіншілер Қазыбек Дулатовтың «Дала әуені» мен Жанна Нөгербектің «Жайлауының» жанында ұзақ аялдауы сөзсіз. Себебі бұл туындылардың айтар ойы, мазмұны, композициялық шешімі де өзекті, әрі құнды, өміршең.



***


Қастеев музейінің төрінен орын алған «Қақпашы», «Отырған әйел», «Қой қырқып жатқан әйел», «Азамат соғысына шығарып салу», «Пысықай», «Май сығу», «Қымыз құю», «Кәрілік», «Моншадағы бала» деп аталатын мүсіндерге де үңіле қарасаңыз, әрқайсысында ой, сезім, мінез, көркемдік шешім бар. Ең бастысы, қоланы, металды, шамотты, гипсті қалай шебер «сөйлеткен» деп таңқаласыз. Тіпті қоладан мүсінделген адамдардың үстіндегі киімінің әр қыртысына дейін шебер берілгенін көргенде, осынау жанкешті өнердің шыңына шыққан шын дарынға бас иесіз.


Біз музейден Исаак Иткинд атты әлемдік деңгейдегі мүсіншінің туындыларының жиынтығын да көрдік. Бір кездері тағдыр айдап сырттан келіп, біраз жыл бізде өмір сүріп, Қазақстанның мүсін өнеріне өлшеусіз үлес қосып, 97 жасында Алматыда көз жұмған шебердің шеберлігі сол – ағаштың діңгегін, тамырларынан бейнелер ойып жасаған. «Дана», «Күліп отырған қария», «Ұйқыдағы қарияның басы», «Паганини», «Ақын Берта фон Зутнердің портреті» атты әйгілі туындыларынан адамның жаны, тіпті сол сәттегі эмоциясы сезілетіндей. Бүгінде мұражайда мүсін өнері коллекциясынан 350-ден аса туынды бар.


 


 


Лаура ӘБІЛДАЕВА, Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің ғылыми қызметкері:


– Жанна Нөгербектің қола, пластик және шыныдан жасалған «Жайлау» деп аталатын шығармасына көрермендер біраз аялдап тұратыны бар. Бұл мүсіндік композиция кеңістікте жазықтық шыны бетінде атқа мінген шопан мен бір-біріне тығыз сомдалған бір отар қойдың бейнелерінен тұрады. Туындының  жалпы формасы тау бейнесіне ұқсайды. Автор осы арқылы көшпенділердің табиғатпен тығыз байланысын көрсеткен. Қола шығармада шопан қарияның артында екпіндей қараған немересі отыр. Автор ұрпақтар сабақтастығын, үлкенді құрметтеп, жастарға қамқорлық көрсетудің маңыздылығы жайлы ой қозғайды. Композиция қозғалысы бір ағымда орналасқан. Қазақ халқы тұрмысында төрт түлік мал үлкен орын алады. Мал ішсе – сусын, жесе – тамақ, кисе – киім. Тау баурайында, кең жазық далада ғасырлар бойы жайылымда жүрген жайлаудағы отар қойлар қазіргі күнге дейін бар. Жанна Нөгербек бұл туындыда қазақ өмірінің бір үзігін көрсету арқылы жалпы көшпенділердің салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерін күрделі композициялық шешімде, терең мазмұнда баяндайды. Суреткер осы композицияның басты кейіпкері «шопан» бейнесін қазақ халқының өмірі мен мәдениетінде ерекше орны бар екенін жеткізеді.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40