технология бәсекесі қыза түсті
Адамзат бұдан мыңдаған жылдар бұрын тасқа жазу жазатын, сурет салатын. Белгілі мәнде қазір де сөйтеді, тек оның технологиясы жаңарған. Бітік тастар, қыш кітаптар өз дәуіріндегі информация алмасуды жүзеге асырды. Бір кезеңде бұл үрдісті тері, мата және қағаз материалдарымен ауыстырдық. Ал технология дамыған бүгінгі таңда біз «тасқа жазу жазуға» қайта оралдық. Қазір мұны микрочиптер арқылы жүзеге асырамыз. Галий мен германий секілді «тастардан» жасалатын микрочиптерге мыңдаған терабайт информация сақталады. Сурет пен кескіндер, бағдарламалардың алгоритмі мыңдаған есе кішірейтілген «бітік тастарға» жазылып, сақталады, жөнелтіледі. Өмір мен тұрмыстағы технологиялық құрылғылардың бәрі дерлік микрочиптерден қол үзе алмайды. Есесіне, технология бәсекесінде микрочиптер үшін соғыс қызу жүріп жатыр.
АҚШ-ТЫҢ СОҚҚЫСЫ
Микрочип соғысының белсенді қарсы тараптастары – АҚШ пен Қытай. Олар осы аптада жауаптасқан соққы жасады. АҚШ Қытай үшін аса маңызды технологияның үш түріне инвестиция салуға тыйым салды. Бұл Бейжіңнің шымбайына батты. Қытай Сыртқы істер министрлігі 10 тамыз күні бұған қарсы жауап берді. «АҚШ-тың көзқарасы – Қытайды даму құқығынан айыру және өзінің гегемониясы мен жеке мүддесін қорғау. Бұл жалаң экономикалық мәжбүрлеу және технологиялық қорлау», делінген Қытай тарабының жауабында. Бұған қоса, Бейжің Вашингтонның шешімін «қатаң айыптайтынын, әрі жауапсыз қалмайтынын» жеткізген. Технология соғысында АҚШ бұдан бұрын да пәрменді соққылар жасап келген. Айталық, Қытайдың чип өнімдерін импорттауға шектеу қойған. Бұған Жапония секілді оның кейбір одақтастары да қосылды. Соңында ASML чип өндірісінің негізгі орталығы болған Нидерланд Қытай чип өнімдерінен бас тартты. Бұл дегеніміз, Қытайдың технологиялық өнімдерінің нарығы тарыла түседі дегенді білдіреді. Егер үлкен нарық сұранысы болмаса елдегі саланың дамуы тоқырауға ұшырайды. Себебі, қазіргі Қытайдың технология өнімдері ішкі нарықтың сұранысынан асып кеткен.
ҚЫТАЙДЫҢ АЙЫПТАУЫ
АҚШ-тың соңғы шарасы Қытай үшін ауыр соққы болары анық. Себебі, Ақ үй шығарған бұйрық америкалық фирмаларына жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника, кванттық ақпараттық технологиялар және кейбір жасанды интеллект жүйелерінің үш саласындағы қытайлық жоғары технологиялық компанияларға инвестиция салуға тыйым салады. Әлемде технология саласындағы көшбасшы компаниялар Құрама Штаттарда көбірек. Вашингтонның шектеуі Қытайдың технология өндірісі, жаңа технологияларды қабылдау мүмкіндігіне үлкен тосқауыл қояды. Бұл шешім бірден қабылданған жоқ. 2020 жылдан бері Қытай тарапы ұдайы наразылық білдіріп, қатаң шектеудің қос тарапқа тигізетін теріс әсерлерін де алға тартып келген.
Ал Қытайдың Сауда министрлігі Вашингтон шешімін еркін нарық принциптеріне қарсы деген сыңайда айыптады. Былайша айтқанда, АҚШ өз компанияларының шетелге инвестиция салуына шектеу қойып отыр деп сынайды. Шынтуайтында, Қытайдың өзі де бұл жағында қатаң шектеулер қоятыны белгілі. Вашингтон америкалық компаниялардың шетелге инвестиция салуын «тәуекелдерді бағалау» көрсеткіштері арқылы тежейді. Яғни тікелей тыйым салмайды, бірақ инвестиция салудың қауіп-қатерін бағалайтын агенттіктер арқылы, солардың бағалау көрсеткіштері арқылы әсер етеді.
ҚОЛЫНДА «ҚАРУ» БАР...
АҚШ шешімі Қытайдың технология өндірісіне кері әсер етеді. Бірақ Қытайдың қолында да АҚШ-қа қарсы қолданатын «қару» бар. Бұл – жартылай өткізгіштерді жасауда пайдаланатын ең негізгі элементтерді шектеу. Яғни жоғарыда атап өткеніміздей, чиптерге және әскери техникаларға көбірек пайдаланылатын галий мен германий сынды элементтерді экспорттауды қысқарту. Қытайдың бұл жағында өзіндік артықшылықтары да бар. Қытай галий мен германийді жеткізу тізбегіндегі ең ірі ел болып табылады. Әлемдегі галлийдің 80% және германийдің 60% өндіреді. Табиғатта өз алдына кездеспейтін, көбінше табиғи немесе жасанды процестер арқылы ғана айырылып алынатын бұл сирек металдар қазіргі технология соғысының басты көзіріне айналып барады. Дегенмен, бұл тек галий мен германийдегі басымдығы. Жалпы сирек кездесетін металдар қорындағы басымдығы төмендеп келеді. Батыс елдерінде сирек металдардың галий мен германийге балама көздерін тауып шығуға деген талпыныс жоғары деңгейде. Бұл әрине, бір ғана Қытайдың алдын орап кету үшін емес. Технология саласындағы сұраныстың жоғарылауы осыған итермелеп жатыр. Сондықтан да Қытай өз басымдығын сақтап қалу үшін экспортқа белгілі шектеу қойды. Былайша айтқанда, Қытайдан сыртқа экспортталатын чиптер үшін лицензия талап ететін болды.
ТЕХНОЛОГИЯ СОҒЫСЫНЫҢ ӘСЕРІ
Технология соғысы бізден тысқары жүріп жатыр. Бірақ бұл мақтанатын нәрсе емес. Егер Тайвань секілді шағын аралда болсаң да, чип өндірісінде әлем үшін маңызды болсаң, әлем сені ескереді, қорғайды. Тайвань Батыс технологиясы дамыған елдермен осы бағыттағы қарым-қатынасын өзінің саяси мақсаттарына да қолдана алады. Бізден сыртқары жүріп жатқан осы соғыстың бізге әсері болмай қалмайды. Кейде оң әсерлерін де көрдік. Айталық, Тайвань жақ өзінің жартылай өткізгіштерін Қытайға сатуға шектеу қойған тұстарда қазақстандық бизнесмендер бұдан пайда тапты. Тайвань өнімдерін Қазақстанға әкеліп, оны Қытайға жоғары бағамен экспорттады. Алайда, бұл қызу бәсекенің табиғаты ұдайы өзгеріп отыратындықтан, бәрі бірдей теріс әсерлерін де ала келеді. Айталық, көшбасшы елдер арасындағы «қызғаныш» былайғы елдердің жаңа технологияға қол жеткізу мүмкіндігін барған сайын қиындата түседі.
«Аlmaty-akshamу», №96, 12 тамыз, 2023 жыл