«Айтылған сөздің мағынасын басыңа іс түскенде түсінесің» деген тәмсілдің төркінін енді түсініп жатқандаймын. Мектеп қабырғасында жүргенімде «Ұстаздың қадірін, мектептің қадірін қазір түсінбейсіңдер. Мектепті бітіргеннен кейін ғана түсінесіңдер» деген сөзді ұстаздарымыз жиі айтушы еді. Дегенмен, оның шын мағынасын түсінбеген екенмін. Егер мағынасын түсінгенімде мектептегі әрбір сағаттың қадірін ертерек білер едім, ұстаздардың айтқанын жанашырлық деп қабылдар едім. Бірақ біз олай етпедік... Неге? Себебі бізге айтылған ақыл-кеңес пен ғибраттың мағынасын дер кезінде түсінбеппіз.
Міне, өмірі бітпейтіндей көрінген сабақ та бітті. Бізге жанашырлық танытып, білім үйретіп жатқан ұстаздарды көрмейміз. Оның үстіне мектепке де күнде бармаймыз. Өзгені қайдам, өзім біртүрлі бір нәрсе жетпей тұрғандай күй кешудемін. Не жетпейді деп ойланып қарасам, сол бізге мың-сан айтылған «мектептің қадірін бітіргенде білесің» деген сөздің мағынасы сияқты. Сол сөздің мәнін енді түсінгендей болдым. Бірақ, нәрсе ол– зулап өтіп кеткен он бір жыл.
Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып, ескеріп барып есті болады» дейді.
Сөздің түп мағынасын мағынасын дер кезінде, тым болмаса жартылай болса да түсіну үшін не істеуіміз керек? Дарынды болып туу керек па, әлде аса ақылды болу қажет па? Мүмкін оның оқуы да бар шығар? Неге бізге мектепте осыны үйретпеді екен?
Шіркін! Сөздің түп мағынасын бірден түсіндіріп беретін оқу болса, қазір бәрін тастап соны үйренер едім. Сонда өмірдің артынан қуып жүрмей, әр кезеңде әр нәрсенің мағынасы мен қадірін дер кезінде біліп, дұрыс өмір сүретін едік. Мүмкін, болашақта соны оқытып-үйрететін мұғалім болсам, адамға, қоғамға пайдам тиетін маман болар едім!